Home » Эссе » XIX  ғ. II жартысында өмір сүрген сал-серілер мен бүгінгі таңдағы әншілердің арасында байланыс   бар ма?

XIX  ғ. II жартысында өмір сүрген сал-серілер мен бүгінгі таңдағы әншілердің арасында байланыс   бар ма?

Эссе

   Қазақ халқы сонау заманнан бері өнерге, ән-күйге жақын екенін білеміз. Бұл туралы «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп, қазақ халқының әдебиеті мен өнерін зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин тамсана айтқан екен.  Қазақта әнсіз өмір жоқ  Өз дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарымен қоса ұлттық бұйымдарын, аспаптарын аса қадірлейтін, қандай жағдай болмасын қолынан домбырасын тастамаған халықпыз. Содан болар, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген нақыл сөз қалған. Осындай асыл аспапты серік етіп, ел ішін аралап, өлең, жырларды халық арасына таратқан тума дарын сал-серілер қазақ ішінде көп туған. Солардың ішінде Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұсаларды ерекше атап өтуге болады. (Кейде Көкшетау өлкесінен әнші-серілердің көп шыққанына таңқаламын. Бурабай ерекше әдемі болғаннан болар?) Қайда барса да қадірлі, шаңырақтың төрінен орын алатын бұл сал-серілердің аузынан өлең төгіліп тұратындай,  ән шырқағанда халық ұйып тыңдайтын. Халық күміс көмей орындаушылардың дауысынан ләззат алса, орындаушылар сол әннің өзінен ләззат алатын.

Ал енді осы сал-серілер мен қазіргі таңдағы әншілердің арасында байланыс бар ма? Менің ойымша, сол заманның серілері мен біздің заманымыздың әншілерін байланыстыратын бұл – өнер, ән, күй және де халықтың сүйіспеншілігі. Сал-серілер өз әнімен халықтың қуанышын да, қайғысын да жеткізіп, сол арқылы дау-дамайдың шешілуіне де өз көмектерін тигізген. Тек табиғаттың берген дауысымен күні-түні домбыра шерте ән салған серілердің қазіргі әншілерден айырмашылықтары да жетерлік. «Әу» демейтін қазақ жоқ деп осы күні әншілердің саны артуда. Шыны керек, көптеген әншілерді қазіргі жаңа технологиялар құтқаруда. Әдемі көйлектерін киіп алып, сахна төріне шығып, өздерін қинамай фонограммамен ән айта салатын әншілер де бар. Нағыз әнші, сал-серілердің орнын басқан Әміре Қашаубаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева сынды әншілерімізді мақтан етемін.

Шоу бизнес пен той бизнесті қатар алып жүрген эстрада әншілер де жеткілікті. Әншілеріміз халыққа заман талабына сай әндерді сыйлап, олардың қошеметіне, сүйіспеншілігіне бөленіп, өнерімізді ары қарай дамытып, егемен елімізді әлемге танытуда. Қалай болса да, өткен мен болашақты, сал-серілер мен әншілерді байланыстыртын ол – тіл, Отанға деген махаббат, әнге деген құштарлық және қазақ әндерін таныту мен тарату болып табылады. Туған елімнің өткендегісі мен бүгінгі тұрмысын жырлап,  ана тілімізде әнге қосып жүрген әншілерімізді мен де құныға тыңдап жүремін.

 Намет Асылзада

Алматы қаласы, Әуезов ауданы №173 мектеп-лицей

Жетекші мұғалімі: Шатемірқызы Ақмарал

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.