«Мектепке жол»: 78-гимназияда әлеуметтік қолдауға мұқтаж оқушыларға көмек көрсетілді

78 мектеп-гимназия директоры
Садвакасова Кундыз Кажыгалиевна

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы №78 мектеп-гимназиясында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына жан-жақты көмек көрсетілді.
Игі бастама аясында аз қамтылған, көпбалалы және материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға қолдау көрсету жұмыстары ұйымдастырылды.
Акция барысында 32 оқушыға қаржылай қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен 38 оқушы мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Оларға мектеп және спорт киімдері, аяқ киім, кроссовкалар, кеңсе тауарлары, сөмкелер мен басқа да қажетті оқу құралдары табысталды.

Түрксіб ауданы әкімдігінің қолдауымен мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 10 оқушыға кеңсе тауарларымен жабдықталған мектеп сөмкелері берілді.
Қайырымдылық шарасына ата-аналар қауымдастығы мен демеушілер де белсенді атсалысты. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасылардан шыққан және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қажетті оқу құралдарымен бірге үш мектеп сөмкесі табысталды. Көмекті салтанатты түрде табыстау рәсіміне Түрксіб аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты.
«Мектепке жол» акциясын ұйымдастыруға мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері, ата-аналар және демеушілер бірлесе атсалысты.

Ортақ күш-жігердің арқасында жаңа оқу жылы қарсаңында материалдық қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына нақты көмек көрсетілді.
Жалпы, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 80 оқушы қаржылай және заттай көмекпен қамтылды. Бұл игі бастама әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып қана қоймай, балалардың жаңа оқу жылын толыққанды дайындықпен қарсы алуына мүмкіндік берді.
Қайырымдылық – қамқорлықтан басталады. Ал балаға жасалған қолдау – оның жарқын болашағына жасалған инвестиция.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *