Home » Оқу-әдістемелік материалдар » ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ҚҰРМЕТ БИІГІНЕ КӨТЕРЕДІ!

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ҚҰРМЕТ БИІГІНЕ КӨТЕРЕДІ!

 

Елімізде орын алған пандемияға байланысты қашықтан білім беру жағдайында ТВ-сабақтар түсірілімін ұйымдастыру және оған сараптама жүргізу үшін министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, қызметкерлері, әдіскерлері, педагогтері жұмыс комиссиясының құрамына атқару жұмыстарына тартылды. Осыған орай өздеріне тапсырылған жұмыс түрлерін жоғары деңгейде атқарған қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан бағалау көзделген болатын.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының білім беру үдерісін педагогикалық-психологиялық қолдау кафедрасының аға оқытушысы, тренер, филология магистрі Ғалымжанов Баянғали Ғалымжанұлының аталған жұмыс комиссиясының құрамында болып, елімізде туындаған, соның ішінде білім беру саласында туындаған қиындықтарды жеңу жолында көрсеткен қызметі мен білім беру саласындағы еңбектері ескеріліп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталуы ұжымда қуаныш туғызып, әріптестерін бір серпілтіп тастады.
Баянғали Ғалымжанұлы Ғалымжанов «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қызмет атқарған уақыт ішінде өзін білімді, педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде үлкен жұмыс тәжірибесі бар, жоғары білікті педагог ретінде көрсете білді. Шығармашыл тренер — Кембридж Университетінің білім факультетімен бірге «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы дайындаған үшінші (базалық), екінші (негізгі) деңгейлік бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мұғалімдерінің біліктілігін арттыруда атап айтарлықтай зор үлес қосты. Оның тренингтік сессияларын бақылаған сарапшылар үнемі жоғары бағалар берсе, тыңдаушылар тарапынан да үнемі жоғары пікірлер берілді.

Б.Ғ. Ғалымжанов сонымен қатар «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы дайындаған ҚР білім беру мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша да — тренер. Педагогтердің біліктілігін арттыруда ол өзін білікті де, құзыретті маман екенін үнемі көрсетіп келеді, оған тыңдаушылардың білім деңгейін бағалау кезіндегі нәтижелері толық дәлел бола алады.

Б.Ғ. Ғалымжанов үнемі өзін өзі жетілдіріп, әдістемелік қызметпен белсенді түрде айналысады. Ол 40-тан астам ғылыми мақаланың және 10-жуық әдістемелік құралдың авторы. Кәсіби шеберлігінің арқасында ұжымда да, қала педагогтерінің ортасында да үлкен беделге ие. Өзінің білімімен және озат тәжірибесімен үнемі ашық бөліседі. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің жұмыс тобында оқу-әдістемелік материалдарды сараптауға, құжаттар дайындау бойынша үнемі қатысып, білім беру саласындағы тың өзгерістерден қалыс қалмайды. Оқытушылық қызметінде де оқу мен оқыту аясында озық та жаңа технологияларды сәтті қолдана білуімен ерекшеленген, елордалық білім кеңістігінде өз сара жолын қалыптастырған құрметті Ұстаз!
Баянғали Ғалымжанұлының және бір қыры – оның ақындық өнері. Жаны халқымыздың қасиетті тілінен нәр алған, ән-жырымен сусындаған абзал жанның жарыққа шыққан жыр жинағы оқырмандар жүрегінен орын алған. Өз шығармашылығынан өлеңдер топтамасы республикалық «Парасат», «Ақжүніс», «Үркер», «Зияткерлік қоғам», «Қазақстан әйелдері», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Денсаулық», «Ұлағат», «Қазақ ұстазы» журналдарында және «Үш қиян» республикалық, «Маңғыстау» облыстық газеттерінде жарияланып жүр.
Еселі еңбегінің жемісін көріп, үлкен құрметке ие болған әріптесіміз Баянғали Ғалымжанұлын жоғары марапатымен құттықтаймыз. Кәсіби қызметіңіз шыңдалып, шығармашылық көкжиегіңіз кеңейіп, білім беру саласында жаңа жетістіктерге жете беріңіз, демекпіз!

Құрметпен,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Нұр-Сұлтан қаласы
бойынша ПҚ БАИ әкімшілігі мен ұжымы атынан
Орынбасар Абусағитқызы Бегалина

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.