Отты жылдар санамыздан өшпейді

Өскелең ұрпақтың бойына елді құрметтеп, Отанды сүюді жалаң сөз, жалған ұраннан гөрі нақты істер арқылы баулудың маңызы зор. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақхана тәрбиешілері осы бағытты берік ұстанып, жүйелі жұмыс жасап келеді. Жуырда олар жатақхана тәрбиеленушілері үшін салиқалы кездесу өткізіп, ерлік пен өрліктің, ұлтжандылық пен азаматтықтың кейіпкері болған жандармен еркін әңгімелесті.

Мектебіміздің акт залында өткен шараға  Ауған соғысының ардагерлері Төлеуғазы Мұқанов, Айдар Манасовтар қатысты. Биыл Кеңес сарбаздарының Ауған жерінен шығарылғандарына — 33 жыл. Осыған орайластырыла өткізілген кеште қонақтарымыз жауынгерлік жолдарынан естеліктер айтты.

— Біздің Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеу оңай болды деп айтуға келмейді. Бұрын кинодан ғана көретін ұрыс алаңы, майдан, жаныңдағы қаруласыңнан айырылу оңай тимеді. Бірақ, сонда біз берген антымызға адал болуға, еліміздің, ұлтымыздың атына кір келтірмеуге тырыстық. Өздеріңіздей жастармен кездесу сайын елге деген сүйіспеншілікті қалай жеткізуге болатындығы жайлы айтып келеміз. Бүгінгі кеш те жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сіздердің қызығушылықпен қатысып, Ауған соғысына қатысты мәліметтерді білуге деген ниеттеріңіздің барлығы мені қуантады, — деді ардагер Төлеуғазы Камалұлы.

Өрімдей жастығын отты жылдарға арнаған ардагерлерімізге «Ауғанстанға қайта оралу» фильмінен үзінді көрсетіліп, мектебіміздегі «Самұрық» әскери-патриоттық клубы мүшелерінің әскери дайындықтары пысықталды. Қалалық «Жас сарбаз» әскери-спорттық жарыстың жеңімпаздары – 7-8-ші сынып оқушылары «Калашников» автоматын жартылай шашу және жинау, автомат оқжатарын жарақтау нормативтерін орындап, ағаларын риза етті.  Тіптен өнерпаз оқушыларымыз  кеш көрігін қыздырып, өнерлерін паш етті. «Еркін микрофон» айдарында залдағы оқушылардын тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Шара барысында ауған жеріндегі әйгілі командир «қара майор»  Борис Керімбаев пен  ерлікпен қаза тапқан боздақтар үнсіздікпен еске алынды.

Кеш соңында қонақтар өз әсерлерімен бөлісіп, мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға, тәрбиешілерге алғыс білдірді. Сондай-ақ  жастарды өз Отанын сүйіп, елдің патриоты болуға шақырды.

Жадыра Бейсембаева,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақхана тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.