№122 ЖББМ КММ директоры:
Дусимбаева Молдир Усеновна
Әлеуметтік педагог:
Сайнов Алмат Дайрабайұлы

2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Игі бастаманың басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсету, олардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуына жағдай жасау.
Осы акция аясында Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №122 жалпы білім беретін мектепте де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектеп директоры Дусимбаева Молдир Усеновна басшылығымен әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылар анықталып, олардың қажеттіліктері зерделеніп, демеушілермен бірлескен нақты көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды.
«Мектепке жол» акциясының басты мәні – әр баланың жаңа оқу жылын еш алаңсыз, көтеріңкі көңіл-күймен бастауы.
1 қыркүйек – барлық бала үшін қуанышқа толы ерекше күн болуы тиіс. Оқушы мектеп формасы, аяқ киімі немесе оқу құралдарының жоқтығына алаңдамай, білім ордасының табалдырығын сеніммен аттауы маңызды.
Сондықтан бұл бастама жай ғана қайырымдылық шарасы емес, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды игі іс. Оның негізгі мақсаты – әрбір оқушының жаңа оқу жылына толық дайын болып, өзін қатарластарынан кем сезінбеуіне жағдай жасау.

Акция басталғалы №122 жалпы білім беретін мектептің әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларына бірқатар демеушілер көмек қолын созды.
Жеке демеушілердің қолдауымен үш оқушыға жалпы 150 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Сонымен қатар төрт оқушы мектеп сөмкелерімен және қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Осылайша, жанашыр азаматтардың қолдауымен барлығы 7 оқушыға нақты көмек көрсетіліп, олардың жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік жасалды.
Акцияға Әуезов ауданының прокуратурасы да үлкен қолдау білдірді.
Алты оқушыға мектеп сөмкесі мен кеңсе тауарлары салынған арнайы бокстар табыстады. Сонымен қатар үш оқушыға мектеп формасын сатып алуға 50 мың теңгеден сертификат сыйлады.

Мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері мен демеушілердің бірлескен қолдауының нәтижесінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға жалпы сомасы шамамен 800 мың теңгені құрайтын көмек көрсетілді.
Бұл игі іс – мектеп қауымдастығы мен демеушілердің әлеуметтік жауапкершілігін танытатын нақты қолдау. Әр балаға жасалған көмек оның жаңа оқу жылын алаңсыз бастап, білімге сеніммен қадам басуына мүмкіндік береді.
№122 жалпы білім беретін мектеп ұжымы акцияға қолдау көрсеткен Әуезов ауданының прокуратурасына, жеке демеушілерге, мектеп әкімшілігіне, сынып жетекшілеріне және қайырымдылыққа үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді. Мектеп — әдайым мейірімнің мекені. Әр бала мектепке қуанышпен баруға лайық.













