Жаңа оқу жылы – жаңа серпін

Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №184 бөбекжай-балабақшасында жаңа 2026-2027 оқу жылының басталуына орай жалпы ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Тағылымы мол басқосудың басты мақсаты – ата-аналар мен балабақша арасындағы байланысты нығайту, өзара ынтымақтастықты арттыру және бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру болды.
Жиын ерекше әсерге толы концерттік бағдарламамен ашылды. Мектепалды даярлықтағы «Айгөлек», «Тұлпар» және ересек «Ақжелкен» топтарының бүлдіршіндері өнер көрсетіп, ата-аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балалардың ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салуы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар тәрбиеленушілер үшін де жаңа оқу жылының алғашқы күні мазмұнды әрі қызықты ұйымдастырылды. Топтарда балалардың жас ерекшеліктеріне сай «Білім күні» тақырыбында арнайы топтық жұмыстар жүргізілді. Балалар түрлі танымдық ойындар мен шығармашылық тапсырмаларға қатысып, оқу-білімге деген қызығушылықтарын арттырды. Топтық жұмыстар барысында бүлдіршіндер өз ойларын еркін жеткізіп, бір-бірімен қарым-қатынас жасап, ұйымшылдық пен белсенділік танытты. Мұндай жұмыстар балалардың жаңа оқу жылына жағымды көңіл күймен қадам басуына және балабақшадағы оқу-тәрбие үдерісіне бейімделуіне ықпал етті.
Жиналыстың келесі бөлімі өзгеше форматта ұйымдастырылды. Ата-аналар екі топқа бөлініп, әрқайсысы арнайы дайындалған танымдық әрі пайдалы іс-шараларға қатысты.

Бірінші топ таза ауада спорттық ойындарға қатысып, белсенділік пен сергектіктің маңызын сезінді. Қызықты эстафеталар мен командалық ойындар ата-аналардың бір-бірімен жақындасып, көтеріңкі көңіл күйде уақыт өткізуіне мүмкіндік берді.
Ал екінші топқа «Арт-терапия: Жан тыныштығы» тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді. Шығармашылық тапсырмалар арқылы қатысушылар ішкі жан дүниесіне үңіліп, күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт арылып, жан тыныштығын сезінуге мүмкіндік алды. Тренинг барысында ата-аналардың эмоционалдық көңіл күйін реттеу, жағымды ой қалыптастыру және психологиялық үйлесімділікті сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Осындай ерекше форматтағы кездесу ата-аналарға балабақша өміріне басқа қырынан көз жүгіртуге жол ашты. Олар бір күнге өздерін балабақша тәрбиеленушілерінің орнына қойып, ойынның, шығармашылықтың, қозғалыстың және жағымды эмоцияның бала тәрбиесіндегі маңызын тереңірек түсінді.

Іс-шара барысында ата-аналар балабақшаның күнделікті тыныс-тіршілігімен жақын танысып, педагогтер еңбегінің жауапкершілігі мен маңызын сезінді. Ал бүлдіршіндердің «Білім күніне» арналған топтық жұмыстары жаңа оқу жылын мазмұнды бастауға мүмкіндік берді.
Ең бастысы, бұл кездесу балабақша мен ата-ана арасындағы сенімді байланысты нығайтып, ортақ мақсат – саналы, бақытты және жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ынтымақтастықты одан әрі арттырды.
Бала тәрбиесі – тек тәрбиешінің немесе ата-ананың ғана міндеті емес, ол – ортақ жауапкершілік. Ал осындай мазмұнды кездесулер сол ортақ мақсатқа бастайтын берік көпір екені сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *