Алғашқы қоңырау — білімге бастар жол

1 қыркүйек — барша ұстаздар мен оқушылар үшін ерекше мәнге ие мереке. Бұл күн — білім әлеміне алғашқы қадам басқан бүлдіршіннің жүрегіндегі толқыныс пен алтын ұясындағы соңғы оқу жылын бастаған түлектің тебіренісі тоғысатын тағылымды күн. Осыған орай №219 жалпы білім беретін мектебінде 2026- 2027 жаңа оқу жылының басталуына арналған «Алғашқы қоңырау — білімге бастар жол!» атты салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мектеп ауласын шаттық пен мерекелік көңіл күй кернеп, білім ордасына жиналған ұстаздар, ата-аналар, оқушылар мен қадірлі қонақтар жаңа оқу жылының алғашқы күнін ерекше әсермен қарсы алды. Салтанатты шара қазақ биімен басталып, ұлттық өнердің әсемдігі мерекенің ажарын аша түсті.

Салтанатты жиынның ең толғанысты сәттерінің бірі — мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларын қарсы алу болды. Жүректеріне үлкен арман ұялатқан бүлдіршіндер салтанатты әуенмен мектеп алаңына көтерілді. Биыл №219 жалпы білім беретін мектептің 1 «А», 1 «Ә», 1 «Б», 1 «В» және 1 «Г» сыныптарына қабылданған жас шәкірттерді барша қауым зор қошеметпен қарсы алды.

Кеше ғана балабақша қабырғасында ойнап жүрген бүлдіршіндер үшін бүгін — жаңа өмірдің бастауы. Алда оларды білімге толы қызықты күндер, жаңа достар, аяулы ұстаздар мен сан қилы жетістіктер күтіп тұр. Мектеп ұжымы жас бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, үлкен де тату №219 мектеп отбасының қатарына қосылуымен құттықтады.

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының енгізілуімен жалғасып, барша қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады. Бұл сәт жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятып, жаңа оқу жылының елдік рухпен басталуына ерекше мән берді.

Салтанатты жиында жаңа оқу жылының басталуымен мектеп ұжымын, ата-аналар мен оқушыларды №219 жалпы білім беретін мектептің директоры Раева Гулжазира Бекенқызы құттықтады.

Мектеп басшысы өз сөзінде білімнің адам өміріндегі маңызына тоқталып, жаңа оқу жылы барша шәкірттер үшін ізденіс пен жетістіктерге толы кезең боларына сенім білдірді. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, биылғы оқу жылында оқушыларға табандылық, ұстаздарға шығармашылық табыс, ал ата-аналарға бала тәрбиесіндегі толағай жетістіктер тіледі.

Жаңа оқу жылы – әрбір білім ордасы үшін жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Сондықтан мектеп директоры шәкірттерді сапалы білім алып қана қоймай, елжанды, адал, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуға шақырды.

Мерекелік шараға арнайы келген құрметті қонақтар да жылы лебіздерін білдіріп, ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, оқушыларға биік белестер мен жарқын жетістіктер тіледі.

Шара барысында өнер де өз өрнегін тапты. Қазақ эстрадасының жас жұлдызы Бейбарыс Қаба мерекелік жиынға арнайы қатысып, әсем әннен шашу шашты. Әнге толы сәт жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлап, Білім күнінің мерекелік атмосферасын одан әрі жандандыра түсті.

Мерекенің басты кейіпкерлері – бірінші сынып оқушылары да өз өнерлерін ортаға салды. Мектеп, ұстаз, білім туралы жаттаған алғашқы жыр шумақтарын мәнерлеп оқыған бүлдіршіндер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Балалардың әрбір сөзі олардың білім әлеміне деген құштарлығы мен үлкен армандарын аңғартты.

«Мектебім – алтын ұям», «Әріп танып, хат жазып, білім алам елімде» деген балғын шәкірттердің жүрекжарды өлеңдері мерекеге жиналған ата-аналар мен ұстаздарға ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиында мектептің өнерлі оқушылары орындаған мерекелік ән де көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер мен білімді қатар ұлықтаған бұл күн жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған тәрбиенің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Шараның тағылымды сәттерінің бірі – 11-сынып оқушыларының өздерінің кішкентай ізбасарларына ізгі тілектерін білдіруі болды. Биыл мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылын бастап отырған түлектер бірінші сынып оқушыларына жүрекжарды тілектерін арнап, білім жолындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.

Үлкендердің ізгі ниеті мен кішілердің бал-бұл жанған жүздері тоғысқан бұл сәт мерекенің ерекше символына айналды. 11-сынып оқушылары бірінші сынып бүлдіршіндеріне естелік сыйлықтар табыстап, мектеп өміріндегі қызықты сәттердің, шынайы достық пен үлкен армандардың әлі алда екенін жеткізді.

Ал салтанатты жиынның ең көптен күткен сәті – алғашқы қоңырау үні еді.

2026–2027 жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу мәртебесі мектебіміздің белсенді оқушысы, білім мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген, көшбасшылық қабілетімен қатарластарына үлгі болып жүрген мектеп президенті, 11 «А» сынып оқушысы Ұлан Бейбарысқа және бірінші сынып оқушылары Асылбек Айбар Сырымұлы мен Нұрланқызы Аяулымға берілді.

Алғашқы қоңыраудың сыңғыры мектеп ауласын жаңғыртып, жаңа оқу жылының басталғанын паш етті. Бұл үн бірінші сынып оқушысы үшін – білім әлеміне бастар алғашқы қадамның белгісі болса, 11-сынып оқушысы үшін – мектеп қабырғасындағы соңғы алғашқы қоңыраудың ерекше үні еді.

Бір сәтте екі түрлі сезім, екі түрлі кезең тоғысты. Бірі – үлкен өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан бүлдіршін болса, енді бірі – алтын ұясымен қоштасар сәтке бір табан жақындаған түлек. Алайда оларды біріктіретін ортақ құндылық – білімге деген ұмтылыс пен мектепке деген ыстық ықылас.

Салтанатты жиын соңында мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер алғашқы білім сағатына шығарып салынды. 11-сынып оқушылары кішкентай ізбасарларын қолдарынан жетектеп, мектеп ғимаратына салтанатты түрде бастап кірді.

Жаңа оқу жылының алғашқы сабағы «Қазақстан Республикасының Конституциясы – Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды.

Бұл күн – мектеп тарихындағы кезекті Білім күні ғана емес, талай бүлдіршіннің өміріндегі ұмытылмас сәттің бастауы. Алғашқы қоңырау үнімен бірге олардың жүрегінде жаңа арман, жаңа мақсат, жаңа үміт пайда болды.

Алғашқы қоңырау – білімге бастар жол. Сол жол әрбір шәкірт үшін сәттілікке, ізденіске, үлкен жетістіктер мен жарқын болашаққа бастасын!

Жаңа 2026–2027 оқу жылы құтты болсын! Білім жолындағы барша шәкіртке ақ жол!

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *