Омарбекова Пакизат Жанатовна
Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
«№11 бөбекжай-балабақша» КМҚК
тәрбиешісі
Ортаңғы топ балаларының танымдық белсенділігін арттыру
Аңдатпа. Мақалада мектепке дейінгі ұйымдағы ортаңғы топ тәрбиеленушілерінің танымдық белсенділігін арттырудың педагогикалық-психологиялық негіздері қарастырылды. Мектепке дейінгі кезең баланың қоршаған ортаны белсенді танып, жаңа ақпаратты қабылдап, заттар мен құбылыстардың қасиеттерін ажыратып, салыстырып, қарапайым себеп-салдарлық байланыстарды түсіне бастайтын маңызды даму кезеңі болып есептеледі. Осы кезеңде танымдық белсенділікті мақсатты түрде қолдау баланың зейінін, қабылдауын, есте сақтауын, ойлауын, сөйлеуін, қиялын және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мақалада В.С.Мухина, С.А.Козлова, Т.А.Куликова, Н.Е.Веракса және басқа да ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, мектепке дейінгі балалардың танымдық дамуының ерекшеліктері талданды. Ортаңғы топ балаларының танымдық белсенділігін арттыруда танымдық ойындар мен түрлі әдістерді қолданудың тиімділігі сипатталды.
Кілт сөздер: мектепке дейінгі кезең, ортаңғы топ, танымдық белсенділік, танымдық даму, зейін, ойлау, бақылау, ойын, тәжірибе, әдіс.
Мектепке дейінгі жас — интеллектуалдық, жеке және әлеуметтік дамудың іргетасы. Бұл кезеңде балалар қоршаған әлемді бұрыннан бар білім жүйелері арқылы емес, ең алдымен өздерінің тәжірибесі, іс-әрекеттері, бақылаулары, ойындары және ересектермен өзара әрекеттесуі арқылы біледі. Демек, мектепке дейінгі мекемелердегі педагогикалық процестің негізгі міндеттерінің бірі — баланың табиғи танымдық қызығушылығын қолдау және оны зерттеу іс-әрекетінің белсенді қатысушысына айналдыру [1].
Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен үлгілік оқу бағдарламасында танымдық, интеллектуалдық және зерттеу дағдыларын дамытуға, сондай-ақ балалардың бастамасын, тәуелсіздігін және белсенділігін қолдауға ерекше назар аударылады [2]. Бұл талаптар қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі балаларды белгілі бір білімнің тасымалдаушысы ретінде ғана емес, сонымен қатар айналасындағы әлемді түсінуге тырысатын белсенді, субъективті тұлғалар ретінде қарастыру қажеттілігін атап көрсетеді.
Педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде «танымдық белсенділік» ұғымы баланың қоршаған ортаны тануға бағытталған іс-әрекетімен тығыз байланысты деп қарастырылады. Баладағы танымдық белсенділік жаңа ақпаратқа деген қызығушылық, сұрақ қою, бақылау жүргізу, салыстыру, зерттеу жүргізуге ұмтылу, дербес шешім қабылдау және нәтижені талдау арқылы көрініс табады. Осылайша, танымдық белсенділік тек дайын ақпаратты меңгеру деңгейімен ғана өлшенбейді. Бала белгілі бір факт жаттап алса да, егер ол оның мәнін түсінуге, тәжірибеде қолдануға тырыспаса, баланың танымдық белсенділігі жоғары деңгейде деп айту қиын. Керісінше, бала нақты жауап білмесе де, «Неге?», «Қалай?», «Егер басқаша жасасақ, не болар еді?» деген сияқты сұрақтарды қойып, ізденіс жүргізсе, бұл оның танымдық белсенділігінің маңызды оң көрсеткіші болып саналады.
С.А.Козлова мен Т.А.Куликова мектепке дейінгі педагогиканы қарастыра отырып, баланың дамуы оның әртүрлі іс-әрекеттерге белсенді араласуымен тығыз байланысты екендігін айқындады. Мектепке дейінгі кезеңде ойын, еңбек, қарым-қатынас, бақылау, шығармашылық және тәжірибелік әрекеттер балаға қоршаған орта туралы түсінік қалыптастыруға жағдай жасайды [3]. Осыған орай, педагог тек дайын тапсырма беріп, оның орындалуын қадағалаумен ғана шектелмеуі тиіс. Педагог балаға зерттеу жүргізуге, таңдау жасауға, салыстыруға және өз пікірін білдіруге мүмкіндік беретін орта ұйымдастыруы керек.
Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің жас ерекшеліктеріне сай танымдық белсенділіктерін ұйымдастыруда бірқатар айырмашылық кездеседі. Осыған сәйкес, ортаңғы топ балаларының жас ерекшеліктері танымдық белсенділікті ұйымдастыруда ерекше ескерілуі қажет. Аталған топтағы балалардың қоршаған ортаға деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде болады. Олар заттардың атауын ғана емес, оның қасиеттері мен қызметін, өзара байланысын терең түсінуге ұмтылады. Баланың «Неге?», «Қалай?», «Қайда?», «Не үшін?» деген сұрақтарды жиі қоя бастауы — оның танымдық дамуының табиғи белгісі болып саналады. В.С.Мухинаның зерттеулерінде мектепке дейінгі кезең психикалық процестер мен тұлғалық қасиеттердің қарқынды дамитын маңызды жас кезеңі ретінде сипатталады [4]. Бұл жаста қабылдау біртіндеп мақсатты сипатқа ие болып, зейіннің тұрақтылығы артады. Ал есте сақтау, ойлау, сөйлеу және қиял процестері белсенді түрде даму үстінде болады.
Ғалымдардың көптеген еңбектеріне сүйене отырып, баланың танымдық белсенділік процесін бірнеше өзара байланысты компоненттер арқылы қарастыруға болады (1-сурет).

Сурет 1. Баланың танымдық белсенділік процесінің компоненттері (әдебиеттерді талдай келе)
Жоғарыда көрсетілгендей, мектепке дейінгі балаларда бұл компоненттер әлі толық қалыптаспағандықтан, оларды тәрбиешінің педагогикалық қолдауы арқылы дамыту қажет.
Ойын — мектепке дейінгі жастағы баланың негізгі әрекеттерінің бірі болғандықтан, танымдық белсенділікті дамытуда оның мүмкіндігі өте жоғары. Н.Е.Веракса, Т.С.Комарова және Э.М.Дорофеева бастаған авторлар әзірлеген мектепке дейінгі білім беру бағдарламасында баланың дербестігін, бастамашылдығын, шығармашылық қабілетін, белсенділігін қолдайтын дамытушы ортаны ұйымдастыруға ерекше мән беріледі [5]. Баланың білімді тек ересектен қабылдаушы ғана емес, оны өзінің белсенді әрекеті арқылы игеруші субъект ретінде қалыптасуы қазіргі мектепке дейінгі білім берудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Ортаңғы топ балаларының ойлауы көрнекі-бейнелі сипатқа ие болғандықтан, абстрактілі сөздерге қарағанда, нақты заттармен жұмыс істеу нәтижелі, әрі тиімді болады. Мысалы: «су — сұйықтық, сондықтан ол ыдыстың пішінін қабылдайды» деген түсініктеме берудің орнына, тәрбиеші ретінде балаға екі түрлі ыдыс ұсынып, суды біріншісінен екіншісіне құямыз. Бұл тәжірибе арқылы бала заңдылықты өз бетінше түсінеді. Мұндай әрекетте бала жай тыңдап қана қоймай, бақылау жасап, салыстырып, қорытынды жасайды. Сондықтан мектепке дейінгі кезеңде танымдық белсенділікті арттыруда «ақпарат берудің» орнына «көрсету», ал «көрсетудің» орнына «баланың өз бетінше орындауы» тиімдірек әдіс болып саналады. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласында педагогикалық ойындарды, әдістерді таңдауда баланың зейін ерекшеліктері де маңызды рөлге ие. Ортаңғы топ тәрбиеленушілері ұзақ уақыт бойы бірсарынды әрекетке тұрақты түрде зейінін шоғырландыра алмайды. Егер тапсырма қызықсыз немесе бала үшін мағынасыз болса, оның зейіні тез басқа нәрсеге ауысады, яғни тұрақсыз болады. Ал ойын, тәжірибе, жұмбақ сияқты қызықты жұмыстар баланын зейінін табиғи түрде шоғырландыруға үйретеді. Сол себепті, танымдық белсенділікті арттыратын тапсырмаларды ойын элементтерімен байланыстыру ортаңғы топ үшін тиімді педагогикалық шешім бола алады.
Ортаңғы топтағы балалардың қабылдау, зейін, есте сақтау, ойлау және сөйлеу процестерін дамытуда ойын әдісін қолданудың маңызы зор. Бұл кезеңде тапсырмалар қысқа, әрі түсінікті беріліп, баланың нақты іс-әрекеті арқылы орындалуы тиімді нәтиже береді. Атап айтсақ, «Не өзгерді?» атты ойын ортаңғы топ балаларының зейіні мен есте сақтау қабілеттерін дамытуға арналған. Үстелге 3-4 таныс зат қойып, балаға оларды мұқият бақылауды ұсынамыз. Балалар көздерін жұмғанда бір затты өзгертеміз немесе бір затты алып тастаймыз. Көздерін ашқан соң, балалар «Не өзгерді?» деген сұраққа жауап береді. Бұл ойын баланың зейінін шоғырландыруға, ақпаратты есте сақтауға, өз ойын сөзбен жеткізуге мүмкіндік береді. Ал «Сиқырлы қап» ойыны ортаңғы топ балаларының танымдық белсенділігін арттыруға тиімді құрал болып есептеледі. Қаптың ішіне балаларға таныс 3-5 зат салынады. Бала затты көрмей, тек қолымен ұстап, оның қандай екенін анықтауға тырысады. Содан соң «Ол қатты ма, жұмсақ па?», «Пішіні қандай?», «Бұл зат не үшін керек?» деген сияқты сұрақтар арқылы баланы заттың белгілерін сипаттауға итермелейміз. Ойын барысында бала заттың тек атын айтумен шектелмей, оның қасиеттерін ажырата отырып, өз болжамын айтуға үйренеді. Бұл процесс сенсорлық қабылдауды, ойлау қабілетін, сөздік қорын байытуға көмегін тигізеді. Осындай мазмұндағы танымдық ойын түрлері баланың танымдық белсенділігін дұрыс дамытуға жағдай жасайды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, әсіресе ортаңғы топ балаларына арналған танымдық белсенділікті дамытатын ойындар олардың жас ерекшелігіне сай қарапайым, көрнекі және қимыл-қозғалыс пен нақты әрекетке негізделуі тиіс. Жоғарыда аталған «Не өзгерді?», «Сиқырлы қап» сияқты танымдық ойындар арқылы баланың зейіні, есте сақтауы, қабылдауы, салыстыру және қорытынды жасай алу қабілеттері дамиды және ойын барасында бала өз ойын айтуға, сұрақтарға жауап беруге, құрдастарымен әрекеттесуге мүмкіндік алады. Осы тұрғыдан алғанда, танымдық ойындарды күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекетке жүйелі енгізу ортаңғы топ балаларының танымдық белсенділігін арттырып, олардың шығырмашылық және интеллектуалдық дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Осындай ортада баланың «Неге?», «Қалай?», «Не болады немесе қалай болады?» деген сұрақтары оның табиғи қызығушылығынан ғана емес, қалыптасып келе жатқан танымдық белсенділігінің маңызды көрсеткішіне айналады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министірінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығы. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты [Электрондық ресурс]. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200029031
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 тамыздағы №499 бұйрығы. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы [Электрондық ресурс]. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600014235
- Козлова, С.А. Дошкольная педагогика: учеб. пособие для студентов дошк. отд-ний и фак. сред. пед. учеб. заведений / С.А.Козлова, Т.А.Куликова. — 2. изд., перераб. и доп. — М.: Академия, 2000. — 414 с.
- Мухина, В.С. Возрастная психология: феноменология развития, детство, отрочество: учеб. для студентов, обучающихся по пед. специальностям / В.С.Мухина. — 5. изд., стер. — М.: Academia, 2000. — 452 с.
- От рождения до школы: инновационная программа дошкольного образования / под ред. Н.Е.Вераксы, Т.С.Комаровой, Э.М.Дорофеевой. — 5-е изд., испр. и доп. — М.: Мозаика-Синтез, 2019. — 336 с.









