Home » Жаңалықтар » ЗЕРДЕЛІЛЕР МЕН ЗЕЙІНДІЛЕР «ЗЕРДЕДЕН» ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

ЗЕРДЕЛІЛЕР МЕН ЗЕЙІНДІЛЕР «ЗЕРДЕДЕН» ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы биыл 1-7 сынып оқушыларына арналған зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының «Зерде» ХV республикалық конкурсын өткізді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты байқауға Нұр-Сұлтан қаласы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің оқушылары «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы базасында (Ақмола облысы, Щучье қаласы) ұйымдастырылған ақтық мәресіне қатыса алмады. Дегенмен, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 8 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы № 56 мектеп-лицейінде қорытынды кезеңді тағы бір мәрте ұйымдастырып, елордалық оқушыларға бақ сынау мүмкіндігін сыйлады, — деп хабарлайды “Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп” “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.
Зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының «Зерде» конкурсы балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамытуды, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыруды басты мақсат етіп отыр.
Жобалар байқауына Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің намысын қорғауға 4 секция бойынша 6 оқушы аттанған болатын. Конкурс нәтижелеріне сәйкес,  қазақ тілі мен әдебиеті секциясы бойынша 5 «С» класс оқушысы Ерсайын Жарасбаев Гран-при (жетекшілері А.А.Орынбасарова, И.Н.Касимова), биология секциясы бойынша 5 «В» класс оқушылары Қуат Абусеитов, Амир Макашев І орын (жетекшілері Б.С.Ещанова, Л.А.Аянасова, А.Касенова),  тарих, өлкетану, этномәдениеттану секциясы бойынша 3 «А сынып оқушысы Зере Карина, 5 «А» класс оқушысы Мадина Сарсен Гран-при (Г.А. Изтилеуова, Г.Т.Умарбекова, Д.Ж.Садуакасова), физика, техника секциясы бойынша Томирис Муратбек Гран-примен (жетекшісі Б.К.Бегенова) марапатталды.
Халықаралық мектептің оқушысы, Гран-при иегері Ерсайын Жарасбаев конкурс туралы пікір білдіріп, ой бөліскен еді:
— Зерттеу жобаларының қонкурсына мен қазақ тілі мен әдебиеті секциясы қатыстым. Әділ қазы алқаларының назарына «Эпос — ұлт болмысының көрінісі» тақырыбындағы зерттеу жұмысымды ұсындым. Зерттеу жұмысының негізгі ерекшелігі, қазақ ұлттық эпостық жырларының орыс, ағылшын тілдеріндегі аудармаларымен салыстырмалы түрде зерттелуінде деп ойлаймын. Биыл конкурсқа қатысушылардың саны артқаны байқалады. Бірақ, барлығымыз бірдей жеңіске деген үмітімізді үзбедік. Нәтижесінде, Гран-при жүлдесіне қол жеткіздік», — дейді жас зерттеуші.
Жобалар конкурсына биология секциясы бойынша қатысқан Халықаралық мектеп оқушылары, І орын жеңімпаздары Қуат Абусеитов пен Амир Макашев өз ойларын ортаға салды:
— Біз конкурсқа «Ақылды жылыжай» тақырыбындағы ғылыми жұмысымызды әзірледік. Жобаның өзектілігі болашақта тұрғындардың азық-түлік мәселелерін шешуде кең көлемде пайдалануға мүмкіндік беруінде болып табылады. Әділ қазы алқалары жұмысымызды жоғары бағалап, біз І орынды иелендік. Ең алдымен, бізге қолдау білдірген жетекшілерімізге алғыс айтамыз», — дейді зияткерлер.
Біз де өз тарапымыздан оқушыларымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Білім айдынында байрақты жетістіктерің көп болсын дегіміз келеді. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, ғылым әлеміне қадамдарын нақтылай түскен жетекшілері мен ұстаздарына алғыс білдіреміз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.