Home » Эссе » Тіл – менің тағдырым 

Тіл – менің тағдырым 

Айтжанова Айкумис Куракбаевна
Ақтау қаласындағы
Мұрын жырау Сеңгірбекұлы
атындағы Маңғыстау гуманитарлық
колледжінің
педагогика пәні оқытушысы

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналады 

Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Осы орайда, қазақ жазуы тарихында алғашқы түрен салушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынов есімін құрметпен еске аламыз.

Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр.

Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі — ғылымының осы саласының терминдерін жасауы.

Ахмет Байтұрсынұлы — біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліп-биімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді.

Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

Тіл адамзат болмысының қайнары, ұлттық тарих пен әдебиетіміздің шамшырағы. Біздің еліміздің мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Қазақ тілінің тарихы тереңнен бастау алады.

Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан барлық замандас қазақ тілін аялап, құрметтеуді алдыңғы орынға қойса нұр болмақ.

«Тілім менің – тірлігімнің айғағы»,  Тілім барда айтылар сыр ойдағы, — деп жазушы Ә.Тәжібаев жырлағандай, Тәуелсіздігіміздің бас­ты белгісі – ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз ең асыл қазына, өшпес мұра екенін есімізден шығармайық.

Тілдің тұғыры – халық болса, халықтың рухани, басты байлығы тілі. Бабаларымыз осы қасиетті, киелі қазынамызды қастерлеп, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізген. Халықтың ұлттық ерекшелігінің басты белгісі тілі, түрі, ділі, діні болса керек. Сондықтан тілдің жай-күйі қай заманда да ұлт көсемдерін алаңдатып отырған. Қазақ халқы небір нәубетті, зұлматты жылдарды, замандарды бастан кешірді.

Тілім келді, дінім қайта оралды,
Басқа төнген қара бұлттар жоғалды.
Көк аспанда күндей болып жарқырап,
Қазақ елі егеменді бола алды.

Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау абзал.

Тіл – ұлттың белгісі, халықтың мұрасы, дүниетаным құралы. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген сөзді жадымыздан шығармайық. Тіл халық тарихы, тіл ұлттық қазына, тіл біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.

Бүгінгі күні «Ел тағдыры – тіл тағдыры» деген сөздің мәнін терең пайымдасақ, мемлекетімізге тәңір сыйлаған тәуелсіздігіміздің тірегі тіл екендігін жүрегімізбен сезіндік.

Б.Момышұлы атамыз: «Тілін білмеген – түбін білмейді» деген. Шынында да, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп, терең бойлай алмаса, ол қасірет емес пе? Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, білуге тиіс. Болашағымызды баянды етер қаруымыз — тіліміз. Ана тілімізді құрметтей білейік.

Тіл –халықтың жаны, сәні. Оның өткендегісін байыптап, бүгінгісін біліп қана қоймай, келешегін де күн ілгері көре білетін өздеріміз. Халық өзінің ғасырлар бойына жасалған асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді. Олай болса, ата өсиетіне құлақ салып, ананың тілі арқылы жеткен бабалар аманатына адал болайық!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.