Ұстаздық – жүрекпен таңдалатын, жауапкершілігі мол, адам тағдырына тікелей әсер ететін қасиетті мамандық. Бүгінгі педагогке қойылатын талап та биік. Ол тек өз пәнін жетік білетін маман ғана емес, әр баланың жан дүниесін түсінетін психолог, заман талабын меңгерген жаңашыл, құқықтық сауатты әрі кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуға ұмтылатын тұлға болуы тиіс. Осы жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды кездесулер мен педагогикалық тәжірибелер болашақ ұстаздардың кәсіби қалыптасуында айрықша орын алады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика кафедрасы ұйымдастырған мазмұнды іс-шаралар мен тәжірибелік жұмыстар да осы ізгі мақсатқа бағытталған. Университет қабырғасында болашақ педагогтар теориялық біліммен ғана шектелмей, мектеп өмірінің тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибелі ұстаздардың кәсіби ұстанымдарын бойларына сіңіріп келеді.

Педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Колумбаева Ш.Ж. басқарады. Кафедра құзырында студенттердің кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын бекітуге бағытталған екі негізгі тәжірибе қарастырылған. Оның бірі – екінші курс студенттеріне арналған «Психологиялық-педагогикалық бағалау» тәжірибесі. Оқу жылының бірінші жартыжылдығында, яғни үшінші семестрде өтетін бұл практика 15 аптаны қамтып, студенттердің психологиялық-педагогикалық пәндер барысында алған теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді.
Ал екінші семестрде бірінші курс студенттері «Мұғалім кәсібіне кіріспе» тәжірибесінен өтеді. Бұл тәжірибе болашақ мамандардың ұстаздық жолға алғашқы қадам жасауына, мектеп өмірін ішінен танып, мұғалім еңбегінің қыр-сырын түсінуіне бағытталған. Қысқа мерзімге жоспарланғанына қарамастан, бұл екі апталық тәжірибенің мазмұны ауқымды әрі тағылымы мол. Студенттер күн сайын мектепке барып, сабақ барысын бақылап, мұғалімдердің жұмыс жүйесімен танысып, оқушылармен қарым-қатынастың ерекшеліктерін зерделейді.
Тәжірибенің ұйымдастырылуы мен сапалы өтуіне Педагогика кафедрасының тәжірибе жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Саудабаева Гульмира Сауытжановнаның еңбегі зор. Ол студенттердің теориялық білімін тәжірибемен сабақтастырып, болашақ мұғалімнің кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын екі тәжірибе барысында студенттер мектепке барып, нақты педагогикалық үдерісті бақылап, тәжірибелі ұстаздардың жұмыс тәсілдерін үйренеді. Бірінші семестрдегі 15 апталық тәжірибе екінші курс студенттерінің кәсіби тұрғыдан тереңірек қалыптасуына жол ашса, екінші семестрдегі екі апталық практика бірінші курс студенттеріне мұғалім мамандығының алғашқы қырларын тануға мүмкіндік береді.

Бұл жұмыста университеттің Мансап орталығының да өзіндік орны бар. Орталық басшысы Жетібай Рақымберді Қажығалиұлы мен жетекші маман Әлибек Әйгерім Асқарқызы болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға, олардың еңбек нарығына бейімделуіне және педагогикалық мамандықтың қыр-сырын терең түсінуіне бағытталған жұмыстарға атсалысып келеді. Мұндай бірлескен еңбек университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, студенттің білім алушыдан кәсіби маманға дейінгі жолын жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тәжірибенің негізгі мақсаты – студенттердің психологиялық-педагогикалық пәндерді оқу барысында алған теориялық білімдерін бекітіп, психологиялық-педагогикалық бағалау, тәрбие жұмысы және білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бағыттарында практикалық дағдылар қалыптастыру. Сонымен бірге болашақ педагогтардың мұғалім мамандығына деген тұрақты қызығушылығын арттыру, педагогикалық бағыт пен кәсіби құзыреттіліктерді меңгерудің маңызын түсіндіру, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану қабілетін дамыту көзделеді.
Бұл мақсаттардың әрқайсысының астарында үлкен мән жатыр. Себебі қазіргі мектепке кешегі әдіспен ғана қаруланып бару жеткіліксіз. Заманауи педагог цифрлық технологияларды меңгеруі, оқушының жас ерекшелігін ескеруі, оның психологиялық жағдайын түсінуі, сыныптағы ахуалды дұрыс бағалай білуі және әр баламен жеке жұмыс жүргізудің жолдарын игеруі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда психологиялық-педагогикалық диагностикаға ерекше мән беріледі. Практика барысында студенттер білім алушылардың жас ерекшеліктерін зерделеп, олардың психологиялық-педагогикалық жағдайын бағалау әдістерімен танысады. Мұндай жұмыстар болашақ мұғалімге оқушыны тек білім алушы ретінде емес, өзіндік мінезі, қабілеті, қызығушылығы мен ішкі әлемі бар жеке тұлға ретінде қабылдауға үйретеді.
Өйткені әр бала – қайталанбас әлем. Бір оқушы ақпаратты тез қабылдаса, енді бірі ойланып барып жауап береді. Бірі көпшілік алдында еркін сөйлесе, екіншісі өз ойын іште сақтауы мүмкін. Бір баланың математикаға қызығушылығы жоғары болса, екіншісінің шығармашылыққа, өнерге немесе спортқа бейімі басым болуы ықтимал. Нағыз ұстаз осы айырмашылықтардың барлығын байқап, әр баланың бойындағы мүмкіндікті аша білуі керек.

Міне, инклюзивті білім берудің терең мәні де осында. Инклюзия – белгілі бір санаттағы балаларды ғана сыныпқа қосу емес, әрбір оқушыға өзін қауіпсіз, қажет және қабілетті сезіндіретін білім беру ортасын қалыптастыру. Оның өзегінде тең мүмкіндік, түсіністік, мейірім мен кәсіби жауапкершілік жатыр.
Осы мәселелерге арналған тағылымды кездесулердің бірінде Алматы қаласы мен Алматы облысының тәжірибелі ұстаздары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенттерімен жүздесіп, ұстаздық жолдың мәні мен миссиясы туралы ой бөлісті. Кездесу барысында тәжірибелі педагогтар өздерінің кәсіби жолынан сыр шертіп, мектептегі нақты жағдайлар мен өмірлік мысалдар арқылы жас мамандарға құнды кеңестер берді.
Осы орайда болашақ педагогтардың мектептегі алғашқы кәсіби қадамдарына қолдау көрсетіп, оларды жылы қарсы алған білім беру ұйымдарының ұстаздарына айрықша алғыс айтуға болады. Педагогикалық практика барысында студенттер Майлин атындағы орта мектеп, «Аймен» орта мектебі және Ю.А. Гагарин атындағы №16 орта мектебі, №17 мектеп ұжымдарымен жүздесіп, мектеп өмірінің тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибелі педагогтердің кәсіби шеберлігінен тағылым алды.
Майлин атындағы орта мектепте студенттерді Саитова Л.И., Жолдасова Р.М., Оразалина А.Р., Оразаева Ұ.М., Құрманқазыева Ә.С., Зангибаева С.С., Мыңжасар Ш., Кадирбаева Ж.К., Жумадилова К.А., Чижимбетова Н.Ж., Кабакбаева Н.Б., Алиева Д.Ш., Усманова Р.И. және Аткеева К.К. сынды тәжірибелі ұстаздар қарсы алып, 1-курс студенттерімен кездесіп, педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті. Ал «Аймен» орта мектебінде студенттерді Отарбаева А.Р., Мырзаханова А.Г. және Мухатова К.А. жылы қарсы алып, болашақ мамандарға кәсіби бағыт-бағдар берді.
Практика аясында студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтуге бағытталған мазмұнды кездесулер, ашық сабақтар, коучингтер мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Тилемисова М. Х.
Шарбатова А. Б. «Бала мінезіндегі өзгеріс – отбасы тәрбиесінің көрінісі», Копабаева М.Е «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу шаралары», Дуржан А.К., Садырбекова А.А.
«Цифровая культура: безопасность в интернете», Умеева Р.Б., Бурибаева М.А.
«Безопасная среда: учимся понимать и защищать» коучинг, Рузавин А.А.
«Буллинг и его профилактика»,
Бейсембинова С.Т., Ермекқызы М.
«Свобода и ответственность: где проходит грань?», Токсанбаева З.С.
Ершигешова А.К. «Отбасы мен мектеп құндылықтарының бірлігі», Бурибаева М.А., Қожасеитова М.А.
«ҚР білім беру жүйесінің құқықтық негіздері: педагог, ата-ана және оқушының құқықтары мен міндеттері» , Даулеткулова З.К., Муханова А.Б., Сагиндикова Г.А. «Инклюзивті білім берудің 8 принципімен танысу», Токсанбаева З.С. «Күнделік.kz – тиімді білім алудың цифрлық құралы», Кисетова Б.Ж. «Мұғалім мәртебесі және біліктілік санатын беру қағидалары», Умеева Р.Б.
«Мектеп құжаттамасы және педагогтердің кәсіби қызметі» сияқты өзекті тақырыптарды қозғады.
Сонымен қатар студенттер Ю.А. Гагарин атындағы №16 орта мектептің тәжірибелі педагогтерімен кездесіп, заманауи білім беру үдерісінің ерекшеліктерімен танысты. Педагог-сарапшы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі Какешева Айнур Женисовна «Жаңартылған білім мазмұны және электронды журнал» тақырыбында тәжірибесімен бөліссе, педагог-сарапшы, директордың оқу-әдістеме ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі Елмұратова Салтанат Қанағатқызы «Мұғалімнің құқықтық мәртебесі және кәсіби біліктілік санаттарын беру жүйесі» тақырыбында маңызды ақпараттар ұсынды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Укибаева Калима Гарагойчыевна «Инклюзивті ортада қазақ тілі сабағын ұйымдастыру: ұстаз тәжірибесі» тақырыбында шеберлік сағатын өткізсе, педагог-сарапшы, бастауыш сынып мұғалімі Түйтебаева Камшат Матаевна «Инклюзивті ортада бастауыш сынып сабағын ұйымдастыру: ұстаз тәжірибесі» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Мұндай кездесулер студенттер үшін тек теориялық білімді толықтырумен шектелмей, педагог мамандығының жауапкершілігін терең түсінуге, нақты мектеп жағдайында кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Тәжірибелі ұстаздардың практикалық кеңестері мен кәсіби тәжірибесі болашақ педагогтарға өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, ұстаздық қызметтің қыр-сырын тереңірек меңгеруге жол ашты. Олардың кәсіби білімі, ізденісі, жауапкершілігі мен жылы қарым-қатынасы болашақ педагогтардың алғашқы кәсіби қадамдарына берік негіз қалады. Бұл жүздесу жай ғана тәжірибе алмасу емес, болашақ ұстаздардың жүрегіне жауапкершілік пен мейірім ұрығын себетін рухани алаңға айналды. Әсіресе, инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше назар аударылуы бүгінгі қоғам үшін бұл тақырыптың қаншалықты өзекті екенін аңғартты. Тәжірибелі ұстаздар «Әр бала – жеке әлем, қайталанбас тұлға» деген қағиданы алға тартып, педагог үшін ең маңызды міндеттердің бірі – сол әлемге жол табу екенін атап өтті.
Бала бойындағы ерекшелікті ерте анықтау да – оның болашағына жасалған маңызды қадам. Осы ретте мектептегі логопед пен психолог мамандарының еңбегі ерекше бағаланды. Логопед баланың тілдік дамуындағы қиындықтарды түзетуге көмектессе, психолог оның эмоционалдық жағдайын түсініп, ішкі жан дүниесін қолдауға ықпал етеді. Ал мұғалім, психолог және логопедтің өзара бірлескен жұмысы баланың жан-жақты дамуына берік негіз қалайды. Мұндай кәсіби сабақтастық болашақ педагогтардың да назарынан тыс қалмауы тиіс.

Тәжірибе барысында студенттер сынып жетекшісінің жұмыс жүйесімен де танысады. Себебі мұғалімнің қызметі сабақ өткізумен ғана шектелмейді. Ұстаз оқушының тәртібін, қызығушылығын, сыныптағы өзара қарым-қатынасын бақылап, ата-анамен байланыс орнатып, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырады. Білім мен тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын қос қанат. Бірі кем болса, екіншісінің де биікке көтерілуі қиын.
Сондықтан тәжірибе барысында сабақтың психологиялық-педагогикалық талдауына да баса назар аударылады. Студенттер дәстүрлі сабақтармен қатар, бейнесабақтарды, онлайн сабақтарды, қашықтан өткізілетін сынып сағаттарын талдау дағдыларын қалыптастырады. Бұл – қазіргі заман педагогына аса қажет құзыреттілік. Өйткені білім беру кеңістігі өзгерген сайын мұғалімнің жұмыс формалары да жаңарып отырады.
Болашақ ұстаздар заманауи тұлғалық-бағдарланған, диалогтік, ақпараттық-коммуникациялық, smart және STEM технологияларының психологиялық-педагогикалық негіздерімен танысады. Сонымен бірге сыни тұрғыдан ойлау, функционалдық сауаттылықты дамыту, бірлесіп оқыту, өзін-өзі тәрбиелеу және жетілдіру, критериалды бағалау сияқты қазіргі білім беру стратегияларының маңызын меңгереді. Бұл бағыттардың барлығы бір мақсатқа – білім алушыны дайын ақпаратты қабылдаушы емес, өз ойын қалыптастыра алатын, шешім қабылдайтын, ізденетін тұлға ретінде тәрбиелеуге қызмет етеді.
Тәжірибенің тағы бір маңызды қыры – студенттердің офлайн және онлайн форматта білім беру және тәрбиелік іс-шараларды әзірлеп, өткізуі. Әртүрлі цифрлық технологиялар мен интернет-платформаларды пайдалану арқылы болашақ педагогтар заманауи сабақтың мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде байқап көреді. Әр өткізілген іс-шарадан кейін рефлексиялық есеп құрастыру арқылы өз жұмысына талдау жасап, жетістігі мен кемшілігін саралауға үйренеді. Бұл кәсіби дамудың маңызды баспалдағы.
Тәрбие мен білімнің бірлігі жөніндегі ой тәжірибелі ұстаздардың кездесуінде де ерекше айтылды. Нағыз білім беру – баланың санасына ақпарат толтыру ғана емес, оның қызығушылығын ояту, өзіне деген сенімін арттыру, өмірге деген құштарлығын қалыптастыру. Сабақты тартымды ұйымдастыру, оқушының пікіріне құрметпен қарау, оның кішкентай жетістігінің өзін уақытында бағалау – баланың білімге деген ынтасын арттыратын үлкен күш. Тәжірибе барысын қорытындылаған тағылымды іс-шараны педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Махметова Балайна Тименовна жоғары деңгейде ұйымдастырып, болашақ педагогтардың кәсіби қалыптасуына айрықша үлес қосты. Қорытынды кездесуде студенттердің тәжірибе барысында жинақтаған білімдері мен әсерлері сараланып, мектеп қабырғасында көрген-білгендері талқыланды. Балайна Тименовнамен қатар п.ғ.д., профессор Жампеисова Корлан Кабыкеновна, п.ғ.д., профессор Толеубекова Рымшаш Камешевна, п.ғ.д., доцент Муратбаева Гулнар Абылкасымовна, п.ғ.к., доцент Жұмашева Светлана Сатыбалдиевна, п.ғ.м., аға оқытушы Бекенова Баян Нығметовнаның кәсіби шеберлігі мен ұстаздық ұстанымы студенттерге ерекше әсер етіп, олардың педагог мамандығына деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.

Кездесуде педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі де сөз болды. Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнің үздіксіз ізденуі мен кәсіби дамуы ерекше маңызға ие. Біліктілікті жетілдіру – жай ғана талап емес, заманмен бірге өзгеріп, жаңа білім мен жаңа әдістерді меңгерудің қажеттілігі. Ұстаз өз білімін жетілдірген сайын оның шәкіртіне берер мүмкіндігі де арта түседі.
Сонымен бірге педагогтың құқықтық сауаттылығы да назардан тыс қалмауы керек. Мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер ұстаз еңбегіне деген қоғамдық құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан қазіргі педагог өз пәнін ғана емес, кәсіби қызметіне қатысты құқықтары мен міндеттерін де жақсы білуі қажет. Құқықтық сауатты ұстаз – өз кәсібінің қадірін білетін, жауапкершілігін терең түсінетін маман. Педагогика кафедрасының практикаға жауапты барлық мамандар, профессор-оқытушылар құрамы практиканы ұйымдастыру және өткізу барысында өздерінің жоғары кәсіби біліктілігін, жауапкершілігін және педагогикалық шеберлігін танытып, практиканың өту деңгейін жоғары дәрежеде қамтамасыз етті. Әрбір оқытушы практиканттарға әдістемелік тұрғыдан сапалы бағыт-бағдар беріп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына жан-жақты қолдау көрсетті. Практика барысында заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер тиімді қолданылып, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға ерекше мән берілді. Жиын барысында студенттердің белсенділігі де ерекше байқалды. Олар тәжірибелі мамандарға көкейіндегі сұрақтарын қойып, өзара ашық пікір алмасты. Мұндай еркін сұхбат екі буын арасындағы кәсіби сабақтастықты нығайтып, жас мамандарға ұстаздық жолдың шынайы келбетін тануға мүмкіндік береді. Өмірден алынған мысалдар мен ұстаздардың жеке тәжірибесі кейде бірнеше сағаттық дәрістен де терең әсер қалдыратыны анық.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі мұндай жұмыстардың басты құндылығы да осында. Мұнда студент тек білім алып қана қоймайды, ол болашақ кәсібінің жауапкершілігін сезінеді, мектеппен танысады, тәжірибелі мамандардан үйренеді, өз бойындағы кәсіби қабілеттерді шыңдайды. Теория мен тәжірибенің осындай сабақтастығы – сапалы педагог даярлаудың берік негізі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика кафедрасы ұйымдастырып отырған тәжірибелер мен тағылымды кездесулер осындай ұлы мақсатқа қызмет етіп келеді. Тәжірибелі ұстаздардың өнегесі, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби жетекшілігі, Мансап орталығының қолдауы және мектеп тәжірибесі тоғысқан ортада білім алған жас мамандардың болашақта білікті де білімді, мейірімді де жауапты педагог боларына сенім мол.
Себебі балаға берілген дұрыс бағыт – бір адамның ғана емес, тұтас ұрпақтың болашағына салынған жол. Ал сол жолды жарық ететін шам – білім, мейірім, кәсібилік және жүрек жылуы.
Жұлдыз Смаилова
Алматы қаласы
BILIM AINASY













