Home » Білім және заң » Балаларды ерте дамытатын институт пайда болды

Балаларды ерте дамытатын институт пайда болды

ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының атауы өзгерді. Енді ол «Балаларды ерте дамыту ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік мекемесі деп аталады. Тиісті қаулыға Үкімет басшысы Асқар Мәмин қол қойды.

Орталықты қайта құруға бірнеше жағдай түрткі болған. Атап айтқанда, онда әлі күнге дейін  ғылыми-зерттеу қызметі жоқ екен. Мекеме тек мектепке дейінгі ұйымдарды әдістемелік сүйемелдеуге назар аударылып келген. Оның аясында семинарлар, коучингтер мен конференциялар өткізіліп,  педагогтердің педагогикалық шеберлігін арттыруға күш салған. Бірақ, бұл жұмыстар заман талабына толық жауап бере алмапты. Сондықтан ерте балалық шақтың дамуын зерттейтін  ғылыми тәсілдің қажеттігі туындаған.

Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Институт жанынан зертханалар ашылмақ. Оларда ғылыми-педагогикалық зерттеулер жүргізіліп,  мектепке дейінгі білім берудің сапасына мониторинг жасалатын болады.  Ғылыми ережелер апробациядан өткізіліп, отандық және шетелдік тәжірибелер зерделенбек. Балалық шақты, отбасын зерттеу жұмыстары қолға алынады. Инклюзивті білім беруді іске асыру үшін педагогтерге әдістемелік көмек көрсетіледі.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, осылайша Балаларды ерте дамыту ғылыми-зерттеу институты мектепке дейінгі білім берудің деңгейі мен сапасын қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер ашады. Әрі ерекше білім беруді қажет ететін балаларды мемлекет тарапынан қолдау аясы кеңейеді.

Орталықтың, ғылыми-зерттеуге мән беретін Институт болып қайта құрылуы қаржылық шығындарды және  қаржылық жағынан қамтамасыз етуді талап етпейді екен.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.