Home » Эссе » Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні

Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні

Қызайбекова Гульнара Иманмухаметқызы
Алматы облысы Талғар қаласы
С.Сейфуллин атындағы №2 жалпы
 білім беретін орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

(М. Әуезовтың «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы- заман тынысы, халық үні» деген пікірін бүгінгі күнмен байланыстырып жаз)

Абай ғұлама десек, сол ғұлама қазақтың перзентінің үнін бізге жеткізген Мұхтар, Әлихан, Ахметтердің еңбегі жанды.

Абай үні – еңбек, Абай лебі – білім, Абай тынысы – заманға лайық болу, Абай шығармашылығы – тұнып тұрған тәрбие.

Абай қай замандағы болсын жас ұрпаққа, көкірегі сезімді, көңіл көзі ашық, ойлы адамдарға үміт артады. Жастардың өнімді еңбек етіп, ғылым мен білімге талпынуы, алға қойған мақсатқа жетуде табандылық көрсетуі, міне осындай асыл қасиеттерді уағыздау Абайдың бүкіл шығармаларының  идеясындағы үзілмес жүйесінің бірі болды.

Абай үні – еңбек десек, «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінде:

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел, — деп Абай ұсынып отырған тағылымның өміршеңдігі — бүгінгі тіршілік мазмұнымен сабақтасып жатуында. Ал қаншама қазақ баласы қару күшінің барында жат елде еңбек етіп, өзгеге көмектесіп, өз жағдайын жасауда. Абай лебі – білім десек, Абай өмір жолын тануды білімге, ғылымға негіздеу керек дейтін қағиданы ұсынады.

Дүние де өзі , мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз, — деп, білімді адамның өзгелермен терезесі тең тұратынын айтқысы келгені деп түсінемін.  Абай тынысы – заманға лайық болу десек, Абай бірнеше тілді өз бетінше үйренді, заманының озығы болды. Бүгінде өзге тілді үйреніп, көп тіл меңгеріп, өз қатарластарының алды болып жүрген жастарымыз бар. Абай шығармашылығы тұнып тұрған тәрбие десек, Абайдың «Сегіз аяқ», «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» сияқты өлеңдерінде жігіт адамның бойындағы келеңсіздіктерді сынай келіп, жігіттің бойындағы биік қасиеттерді үлгі етеді. Ер жігіт халықтың иесі екенін ойлап, көп өсиеттерді жігіттерге айтса:

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, — деп қыз тәрбиесіне де көңіл бөледі.

Ойымды қорытындылай келе, Абай шығармашылығының өміршеңдігіне қуанамын. Абайы бар біз – бақытты халықпыз. Абай шығармалары әлі талай ғасырдың ұрпағын тәрбиелейтін мәңгі мұра.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.