Алматы қаласы, Алатау ауданы
№156 жалпы білім беретін мектептің
әлеуметтік педагогі
Телтай Аружан Ержанқызы
«Мектепке жол» – балаларға қуаныш сыйлаған игі бастама
Жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне жағдай жасау.
Биыл да Алматы қаласы Білім басқармасы Алатау аудандық Білім бөліміне қарасты №156 жалпы білім беретін мектепте «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың жағдайы зерделеніп, қажеттілігі анықталды. Әлеуметтік педагогтер тарапынан отбасылармен байланыс орнатылып, оқушылардың мектеп формасы, оқу құралдары және басқа да қажетті заттарға деген сұраныстары қарастырылды.
Акция барысында белсенділер, демеушілер мен мектеп ұжымы тарапынан 70 балаға сөмке, оқу құралдары, 8 отбасыға қаржылай көмек көрсетіліп, 10 отбасына мектеп формасы және қажетті киімдер табысталды. Әрбір баланың жүзінен қуаныш көру – біз үшін үлкен мәртебе.
«Мектепке жол» акциясы – тек материалдық көмек көрсету ғана емес, балаларға қамқорлық пен қолдаудың, мейірімділік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Осындай игі шаралар қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершілікті арттырып, балалардың білім алуға деген ынтасын күшейтеді.
Баланың сапалы білім алуы үшін оның әлеуметтік жағдайы кедергі болмауы керек. Сондықтан акцияға атсалысып, қолдау көрсеткен барлық демеушілерге, ата-аналарға және мектеп ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Бір баланың көңіліне қуаныш сыйлау – үлкен сауап. Жақсылық жасауға асығайық!








