ҚАРИЯ СӨЗІН ЕСТІСЕҢ – КӨЗ АШЫЛАР

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте 2019-2020 оқу жылында қолға алынған «Ұрпақтар сабақтастығы» тағылымдық-тәлімдік жобасы аясында  ұйымдастырылған іс-шараларға аға буын өкілдері жиі шақырылады. Даналықтың қайнар көзі қариялармен өткен   басқосулардың  жас зияткерлерге берері көп.
Жақында Абайдың 175 жылдығына арналған «Ұлы даланың тұлғасы — Абай» тақырыбында  ғибраты мол әңгіме-дүкен 10-сынып оқушылары үшін  өтті.  Кездесуге Қазақстан Республикасының “Құрмет” орденінің иегері, еңбек сіңірген қайраткер, сәулетші-құрылысшы, Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты, Махамбет (Атырау облысы) ауданының, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының құрметті азаматы,  10 В сынып оқушысы Сайын Досанның атасы Назарбек Сайын  Назарбекұлы мен 10 F  сынып оқушысы Усипбекова Рауанның әжесі — Мизамбаева Батима Шахманқызы келді. 
Сайын атай шоқтығы биік Абайдың өмірі мен қара сөздерін тілге тиек етіп, ақын шығармашылығына арқау болған құндылықтардың қазіргі қоғамдағы  орны жайлы ой қозғады. «Адам бол» қағидасын ұстануда маңызды саналатын адамдық қасиеттер сапасын мысалдар арқылы  ашты.
Батима Шахмановна қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінгені жайлы Абайдың 17 қара сөзін оқып берді. Қара сөздің түпкі мағынасын түсіндірген Батима апа оқушылармен қызықты диалог құрып,  «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», — деген Абай тұжырымын дәлелдеді.
Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Ұлы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Зияткерлік мектепте өткен кездесуден оқушылар  ұлы ғұлама тереңіне үңіліп, сол тереңнен дәм татты. «Қария сөзін естісең – көз ашылар» дегендей, айтушысы ақылды болған кздесуден оқушылар мол әсер алды.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.