Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы №122 жалпы білім беретін мектебінде жас ұрпақтың бойына ізгілік пен мейірімділік дәнін себуге бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі — «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қамқор» жобасы. Бұл жоба — оқушыларды адамгершілікке, жанашырлыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейтін тағылымы мол, мәні терең бастама.

Аталған жоба шеңберінде мектептің 3-4-сынып оқушылары сынып жетекшілері мен ата-аналарының қолдауымен Шаңырақ қарттар үйіне арнайы барып, қайырымдылық іс-шарасын өткізді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл шара балалар үшін ғана емес, қарттар үшін де ерекше әсерге толы, жүрекке жылу сыйлаған кездесу болды.
Іс-шараның басты мақсаты — жас өскіндердің бойына қамқорлық, мейірімділік, жанашырлық секілді асыл қасиеттерді сіңіру, үлкенге құрмет көрсетудің маңызын ұғындыру. Себебі «Қарты бар ел — қазыналы ел» дейді дана халқымыз. Өмірдің талай соқпағынан өткен, сан түрлі тағдырды бастан кешкен қариялармен жүздесу — бала жүрегінде ұмытылмас із қалдыратын, тәрбиелік мәні зор сабақ.
Кездесу барысында оқушылар қарттармен жылы жүздесіп, шынайы ықыластарын білдірді. Балалар жаттаған өлеңдерін оқып, ән айтып, шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Әрбір айтылған өлең жолы, әрбір орындалған ән — қарттардың көңілін көтеріп, жүздеріне шаттық сыйлады. Оқушылардың балауса дауысы мен кіршіксіз ниеті қарттар үйін ерекше жылылыққа бөледі. Қариялар өз кезегінде балаларға ақ батасын беріп, өнегелі әңгімелерімен бөлісті.
Бұл тағылымды кездесу оқушылар үшін өмір сабағына айналды. Олар қамқор болудың, жанашырлық танытудың, бір ауыз жылы сөздің өзі адамға қаншалықты қуаныш сыйлайтынын жүректерімен сезінді. Балалар үшін бұл іс-шара — мейірімділік тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетінін ұғындырған маңызды тәжірибе болды.
Қайырымдылық шарасы оқушылардың бойында қоғамға пайдалы болуға, өзгеге қол ұшын созуға деген жауапкершілікті қалыптастырды. Осындай игі істер арқылы жас ұрпақтың жүрегінде елін, жерін сүйетін, адал әрі мейірімді азамат болуға деген ұмтылыс нығая түсетіні сөзсіз. Адамгершілік — адамның асыл қасиеті екенін ерте жастан түсінген бала ертең саналы, жауапты тұлға болып қалыптасады.
Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына бірқатар ұстаздары белсене атсалысты. Атап айтқанда, Жаужүрек Мақпал Саметқызы, Конурбаева Салтанат Мусайевна, Руслан Елдана Русланқызы, Шалимбетова Г.У., Кошкарбаева А.К., Балкибекова Э.Е., Есенбаева Ғ.А. өздерінің кәсіби біліктілігі мен жүрек жылуын аямай, оқушыларға үлгі бола білді. Ұстаздардың ұйытқы болуымен өткен бұл тағылымды шара балалардың бойында мейірімділік пен жанашырлық қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал етті.
Аталған игі бастаманың жүзеге асуына мектеп директоры Мөлдір Үсенқызы тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп, тәрбиелік мәні зор шараның мазмұнды әрі жүйелі өтуіне жағдай жасалды.
Қорыта айтқанда, «Қамқор» жобасы аясында өткен бұл қайырымдылық іс-шарасы оқушылардың бойында мейірімділік, жанашырлық пен жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді қалыптастырып, оларды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақтың жүрегінде адалдық пен қамқорлыққа негізделген құндылықтар беки түсетіні анық.












