Мектеп табалдырығын үнсіз ғана аттап кіріп, қолына бор ұстап, жүрегіне бала тағдырын аманат еткен ұстаздар қаншама. Олар уақытпен жарыспайды, атақ үшін тіршілік етпейді. Бар ғұмырын бір ұрпақтың ертеңіне арнап, көзге көп көрінбейтін, бірақ қоғамның ең ауыр жүгін арқалайды. Ұстаз болу – мамандық қана емес, маңдайға жазылған тағдыр. Ал сол тағдырды саналы ғұмырының мәніне айналдыра алған жандар сирек.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты педагог-сарапшы Макпал Шоханқызы – дәл сондай тұлғалардың бірі. Қырық екі жылға жуық уақытын бала тәрбиесіне, ана тілінің қадірін ұғындыруға арнаған ардақты ұстаздың өмір жолы – бүгінгі жас мамандар үшін өнеге, қоғам үшін құнды тәжрибе.
Макпал Шокхнқызы 1965 жылдың 15 желтоқсанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. Сырлы сөз бен салмақты ойға бала күнінен жақын болып өскен ол білімнің бастауын Түркістан совхозындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептен алды. 1982 жылы мектепті тәмамдаған жас қыз еңбек жолын сол ауылдағы балабақшада тәрбиеші болып бастайды. Бұл – оның болашақтағы ұстаздық болмысының алғашқы қадамы еді.

1983 жылы Макпал Шоханқызы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдайды. Университет қабырғасында жүріп, тіл мен әдебиеттің терең иірімдерін меңгеріп, 1988 жылы жоғары білімді маман атанады. Ал нағыз ұстаздық жолы 1989 жылдан бастау алды. Сол жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы Байқадым Қашқынбаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады.
Осы мектепте ұлағатты ұстаз, отыз жылға жуық табан аудармай еңбек етті. Бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі, талай жасқа ана тілінің қадірін көркем сөздің құдіретін танытты. Әдебиет сабағында Абайдың даналығын, Мұхтардың тереңдігін, Мағжанның мұңын сезіндіре білген ұстаз үшін әрбір оқушы – жеке әлем, жеке жауапкершілік еді. Қазақ тілі мен әдебиетін тек пән ретінде емес, ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы ретінде ұғындыра білген ұстаздың сабағында әдеби кейіпкерлер тіріліп, мәтіннен тәрбие, сөзден тағдыр ізделетін.

2014 жылы тағдыр ұстазымызды елорда – Астанаға алып келді. Қаланың қым-қуыт тіршілігі, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар ауыл мектебінде шыңдалған ұстаз үшін жаңа сынақ болды. Алайда, №25 орта мектепте өзінің кәсіби әлеуетін толық аша білді. Мұнда да шәкіртке деген талап пен мейірім, білімге деген адалдық өзгерген жоқ.
Макпал Шоханқызы – тек сабақ берумен шектелмейтін, мектеп өмірінің бел ортасында жүрген жан. Ол әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, қалалық шығармашылық топтың басшысы, мектеп тренері, жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Ұстаз үшір өз тәжрибесін бөлісу – парыз, ал жас маманның қалыптасуына үлес қосу – үлкен жауапкершілік.
Ұлағатты ұстаздың қырық екі жылдық тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Білім үздігі» медалі, «Ұстаз» ордені, «Құрметті еңбек азаматы» төсбелгісі, Білім министрлігінің «Құрмет грамотасы» — оның маңдай терінің өтеуі. Астана қаласы әкімінің «Үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі» атағы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы академиялық форумына енген мақаласы – кәсіби ізденістің айғағы.
Көпбалалы ана, зейнеткер болса да, Макпал Шоханқызы үшін ұстаздық жол әлі аяқталған жоқ. Себебі ол үшін мектеп – жұмыс орны емес, өмірінің мәніндей.
Макпал Шоханқызының ең үлкен жетістігі – төсбелгі мен атақта емес, өмірден өз орнын тапқан шәкірттерінде. Бүгінде оның алдынан білім алған түлектер елге белгілі азаматтарға айналды. Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Сұлтанбеков Тұрсын, тіл маманы Лепесова Анар, Абай ТВ арнасындағы «Мазмұндама» бағдарламасының жүргізуші-редакторы, журналист, дінтану ғылымдарының PhD докторы Дариябеков Дәурен – ұстаз еңбегінің нақты жемісі. Бұл шәкірттер үшін Макпал Шоханқызы тек пән мұғалімі ғана емес, сынып жетекшісі, бағыт-бағдар беруші рухани тәлімгер болды. Дәл осы сыныппен ол қазақ әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын алғашқы сыныпты ашып, әдебиетке қабілетті оқушыларды жүйелі түрде дайындады.
Бүгінде бұл дәстүр елордада да жалғасып келеді: №25 орта мектеп оқушылары республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр. «Шоқан оқуларының» І орын иегері Жүсіп Шахизада, «Абай оқуларының» ІІ орын иегері Алтынай Мыңжанқызы, «Мұқағали оқуларының» ІІІ орын иегері Рысқұлбек Нұрай – сол еңбектің айқын дәлелі. Мұндай шәкірт тәрбиелеу – ұстаздың шынайы биігі.
Қорытындылай келе, Макпал Шоханқызы сынды ұстаздар барда қазақ мектебі өз бағыт бағдарын жоғалтпайды. Ұстаздыққа адалдық, тілге деген құрмет, ұрпаққа деген жанашырлық – оның ғұмырының басты өлшемі. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір ұрпақтың тарихына айналған ұстаздық жол.
Білім Айнасы
Астана қаласы
Диас Қойшыбай Бақытжанұлы












