Қоғам алдыға жылжыған сайын ақпараттық технологиялар бірінен соң бірі шығып, адамның ақыл-ойы мен қатар уақытында алып жатқаны баршамызға аян. Әсіресе үйдегі ұл-қыздарымыздың қолынан түспейтіні смартфон құрылғылары, қала берді гаджеттік ойындар. Баламыз жыламасын деп теледидардан түсініксіз бейнелер қосып беретініміз тағы бар. Оның байыбына барып, бала тәрбиесіне назар аударып жатқанымыз кемде-кем. Салдары баланың ақыл ойының дамуына, тілінің кеш шығуына, психикасының бұзылуына әкеліп соқтыруда.

Осындай қилы кезеңде баланың ақыл-ойы дамуының озық үлгісін тауып, уақытын тиімді пайдаланып жатқан жандардың бар екенін де ұмытпағанымыз абзал. Ақыл-ойының дамуы мен қатар бала тәрбиесіне де қосып жатқан еңбектері ересен.
Астана қаласына қарасты білім басқармасының әдістемелік орталығы аталған істі қолға алып мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың ақыл-ойын дамыту бойынша үлкен істер атқарып келеді. Соның бір дәлелі №42 “Бәйшешек” балабақшасында өткен қалалық семинар.
Осы жолғы семинар тәжірибе алмасу мақсатында өткен шаралардың ішінде үздігі десек артық айтпағанымыз.

Аты қалалық болғанмен халықаралық деңгейде өткізілген үлкен іс-шара болды.
Семинарға арқау болған тақырыпта ерекше. “Баланың эмоционалдық және әлеуметтік дамуын қалыптастырудың тиімді құралы-Мангала ойынының тәрбиелік мәні”. Мангала ойыны- түркі халықтарына ортақ соның ішінде бүгінгі күні Түркия мемлекетінде дәстүрлі ойынға айналған.
Осыған дейін әдістемелік орталықтың қолдауымен “Бестемше” ойыны Түркия мемлекетінде тәжірибе алмасу мақсатында әрі достық қарым-қатынасты нығайту үшін насихатталған болатын. Бүгінде “Бестемше” ойыны түркиялықтардың ерекше ықыласын тудырып, мектепке дейінгі ұйымдарда ойнатылып келеді.
Семинарға арқау болған “Мангала” ойыны ынтымақтастықты дамыту мақсатында елорданың мектепке дейінгі ұйымдарында енгізілуде. Қазіргі таңда 7 бірдей балабақшада эксперименттен өткізіліп жатыр. Эксперимент 3 жылға дейін жалғасып, балаларға беретін нәтижелері қарастырылады. Толық қолдау тапқан жағдайда республиканың барлық балабақшаларына арнайы бұйрықпен бекітілетін болады.
-“Бестемше ойыны мен Мангала ойыны қазақтың тоғыз құмалақ ойынының негізін қалыптастыратын ойын. Оны бұрынғы ата-бабаларымыз ойнаған, ұлттық құндылығы да, тәрбиелік мәні де ерекше. Ойын ережесі бойынша ойын тастары орналасатын жер “отау” деп аталса, отаудағы жиналған тастар “қазандыққа” салынады. Жүріс жасаған әр отауда бір тастан қалып отырады. Оның түпкі мағынасы отбасындағы қарашаңырақты да түбі бір бала ұстап қалу керек деген ұғымды білдіретінін түсінуге болады. Біріншіден бұл ойындардағы ең маңыздысы баланың қауіпсіздігі. Балалар тәрбиешінің толық бақылауында болады, әрі топпен ойналатын болғасын жеке-жеке қадағалауды талап етпейді. Осы ойындарды ойнату арқылы тәрбиешілерге жүктелетін қысымда азайып, жұмысы жеңілдейді. Бізді қуантатыны да осы, балаларға арналған ойындардың саны да, мәні де жыл сайын көбейіп келеді. Ұлттық құндылыққа негізделген жобаларды қолдауға қашанда әзірміз” -дейді “Әдістемелік орталықтың” білім беру бөлімінің әдіскері Майра Сәрсенханқызы.

Семинарға арнайы қонақ ретінде “Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясының Вице-президенті” Махсат Шотаев, түркиялық мангала ойынын насихаттаушы өкіл-Али Демир, “Моңғолия тоғызқұмалақ Қауымдастығының Вице-президенті-Асылхан Секей, Мангала ойынынан тұңғыш әлем чемионы-Биғали Зарияев, балабақша әдіскерлері мен дене тәрбиесі нұсқаушылары шақыртылған.
Іс-шараның басы балабақша бүлдіршіндерінің әсем әнімен, көркем биінен бастау алды. Бүлдіршендер шет елден келген қонақтарға қазақтың тарихы мен мәдениетінен көрініс табатын қойылымдарды әсерлі жеткізе білді.
-“ Балалардың әлеуметтік-эмоциялық” дамуын әртүрлі жолдармен дамытуға болады, бірақ ең тиімді жолдарының бірі- ойын. Осы ойындардың бірі-мангала және ұлттық ойындар “Бестемше” , “Бескеней” , “Асық ату” т.б.
Бұл ойындар балаларға өз эмоцияларын түсінуге, оларды білдіруге, өзгелермен бірлесіп әрекет етуге және шешім қабылдауға үйретеді. Әр ойын-кішкентай өмір мектебі, онда бала шыдамдылықты, командалық рухты, және серіктесіне құрмет көрсетуді үйренеді.
Бүгінгі семинар бізге тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды зерттеуге және шабыт алуға мүмкіндік береді”-дейді алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген балабақша меңгерушісі Жанат Жансұлтанқызы.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының Вице-президенті іс-шараға қатысушыларға “Мангала” ойынының ережесін түсіндіру мақсатында қонақтар арасынан ойынға қатысушыларды таңдап алып ойынды ойнатты. Ойынның бес түрлі ережесін айта отырып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Ойын барысында қарсы жақ жүріс барысында отауға түскен тастар жұп болған жағдайда ғана қазандыққа толтырып, жүрісті сақтап қалуға болатынын жеткізді. Қатысушылардың ойынға деген қызығушылыға артып, үнсіз тамашалады.
-“Заманауи ойындардың барлығын бүгінгі күні тек Астана қаласының балабақшаларында ойнатып жатырмыз. Бұндай тәжірибе басқа мемлекеттерде де жоқ. Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлініп жатқаны бүгін ғана емес, бұған дейін: “Бестемше” , “Асық ату” ойындары, енді биылғы жылы “Мангала” ойыны қосылды. Алдағы уақытта көптеген зияткерлерлік ойындарды жоспарлап жатырмыз. Осы іске арқау болған баршаңызға алғысымды білдіремін! Ұрпақ тәрбиесіне ат салысу барлығымыздың міндетіміз. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын!”-деп тілегін білдірді Вице-президент Махсат Шотаев мырза.
Ал, түркиялық өкілдің айтуы бойынша:
-“ Мангала ойыны 4-5 мың жыл бұрын Орта Азияда пайда болған. Көшпенді халықтардың қалыптасқан мәдениеті арқылы Түркияға келген. Маңыздылығы математика, логика сияқты балалардың ақыл-ойын дамытатын күшті ойын. Ерте заманда бұл ойынды батырлар да ойнаған. Соғыс техникасын жасау барысында ақыл-ойды дамытуға себеп болғаны үшін, күнделікті тұрмыста қолданыста болған. Сонымен қатар адамды сабырға, ойлап әректе етуге бейімдеген. Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін рақметімді айтамын. Ынтымақтастығымыз арта берсін!” -деді “Мангала” ойынын насихаттаушы Али Демир.
Семинардың практикалық бөлімінде
“Мангала арқылы ынтымақ пен әділдікті тәрбиелеу” тақырыбында шараға қатысушы педагогтармен командалық ойын өткізілді. Ойынға балабақша бүлдіршендері де қатысып ойынды жетік меңгергендерін көрсетті. Екі мемлекеттің арасындағы достыққа көпір болған “Мангала” ойыны алдағы уақытта еліміздің балабақшаларында жалғасын таба бермек. Өткізілген семинар көптің көңілінен шығып, ұйымдастырушылар зор алғысқа бөленді.
Білім айнасы
Астана қаласы
Ернұр Әуезхан












