Астана қаласы әкімдігінің
«Жамбыл Жабаев атындағы
№ 4 мектеп-гимназия»
шаруашылық жүргізу құқығындағы
мемлекеттік коммуналдық
кәсіпорнының директоры
Рамазанова Айгуль Есеновна
Бүгінгі қоғамда тарихи жады мен мәдени мұраны сақтау – тек мұражайлар мен мұрағаттардың ғана емес, ең алдымен өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған білім беру мекемелерінің тікелей міндеті. Өйткені тарих – өткеннің естелігі ғана емес, ол – болашақтың рухани іргетасы.

Соңғы уақытта елордадағы мозаикалық паннолардың тағдырына қатысты қоғамдық пікірталас күшейіп отыр. Осындай кезеңде біз, 2027 жылы 120 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қазақ мектебі, өз ұстанымымызды ашық білдіруді жөн көрдік: біз өз мозаикалық панноларымызды сақтаймыз және оны болашақ ұрпаққа аманат ету – азаматтық парызымыз деп санаймыз.
Мектептегі мозаикалар – тарихтың көркем шежіресі
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы ғимаратында қазақ халқының тарихын бейнелейтін 1991 жылы монументалды мозаика арқылы тарих пен идеяны көркем тілде жеткізген суретші Александр Корнеевтің авторлығымен жасалған –7 мозаикалық панно орналасқан. Бұл мозаикалар – ұлттың қалыптасу жолын, рухани дүниесін, тарихи кезеңдерін көркем тілмен сөйлеткен ерекше мұра.

Маңызды бір жайтты атап өткен жөн: мектептегі барлық 7 мозаика толығымен ұлттық салт-дәстүр тақырыбына арналған. Кеңестік кезеңде салынған көптеген мозаикаларда жалпылама идеологиялық бейнелер басым болса, біздің панноларда ұлттық болмыс, қазақ дүниетанымы, тарихи сабақтастық анық көрініс тапқан. Осы тұрғыдан алғанда, бұл мозаикалар – бір мектептің ғана емес, ел мәдениетінің құнды бөлшегі.
Сақтау – тек қорғау емес, зерттеу мен түсіндіру
Біз мозаикаларды сақтау ісін тек физикалық тұрғыда қорғаумен шектемейміз. Мектеп қабырғасында бұл бағытта жүйелі ғылыми-танымдық жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда:
-әр мозаиканың жасалу тарихы зерттелуде;
-қолданылған материалдар мен көркемдік техникалар талдануда;
-бейнелердің тарихи және символдық мәні зерделенуде;
-ұстаздар мен мектеп түлектерінің естеліктері жинақталуда.

Бұл жұмыстарға оқушылардың белсенді қатысуы – ерекше маңызды. Осы арқылы біз өз тарихын танитын, мәдени мұраға құрметпен қарайтын саналы ұрпақ тәрбиелеп келеміз.
Жасанды интеллект – тарихи мұраны жаңаша танытудың жолы.
Заманауи технологиялар мәдени мұраны сақтауда жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Осыны ескере отырып, мектебімізде жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын қолдану арқылы мозаикаларды жаңа форматта таныту жұмыстары басталды, олар:
-7 мозаиканың жоғары сапалы цифрлық нұсқалары жасалуда;
-ЖИ көмегімен мозаикалардың сюжеттері визуалды түрде жаңғыртылуда;
-виртуалды экскурсиялар мен мультимедиалық жобалар әзірленуде.

Бұл – тарихи мұраны тек сақтау емес, оны қазіргі және болашақ ұрпақтың тілімен сөйлету.
120 жыл – 120 іс-шара: тарихтан басталған үлкен жол.
Біздің мектебіміз – қазақ мектебі. Бұл мәртебе бізге зор жауапкершілік жүктейді. 2027 жылы мектебіміздің 120 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осы айтулы датаға орай, 120 жыл – 120 іс-шара қағидаты негізінде бір жыл бойы жүйелі түрде 120 мәдени-танымдық, тәрбиелік және ғылыми іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Бұл іс-шаралардың өзегінде:
-мектеп тарихы;
-ұлттық мәдениет пен құндылықтар;
-тарихи жады мен ұрпақ сабақтастығы;
-білім мен тәрбиенің біртұтастығы болмақ.
Қаланың келбеті тек жаңа ғимараттармен емес, сақталған тарихи-көркем мұралармен қалыптасады. Әрбір жойылған мозаика – халық жадынан өшкен бір кезең.
Сондықтан біз өз таңдауымызды жасадық: 120 жылдық тарихы бар мектебіміздің 7 мозаикасын сақтаймыз, зерттейміз, цифрландырамыз және келер ұрпаққа аманат етеміз.
Бұл – біздің мектептің миссиясының басты бағыты.
Бұл – тарих алдындағы жауапкершілігіміз.
Бұл – болашақ ұрпаққа қалдырар рухани мұрамыз.












