
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында баланың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеті мен бастамашылдығына ерекше мән берілуде. Алматы қаласы Түрксіб ауданы «№32 бөбекжай-балабақшасында» ұйымдастырылған мазмұнды іс-шаралардың бірі – «Startup байқау. Жобалар дүбірі» тақырыбындағы семинар-практикум болды.
Іс-шара қатысушыларды тіркеу және қарсы алу жұмыстарын тәрбиеші Фурсанова Людмила Борисовна жүргізді. Семинар аясында балабақша фойесінде «Startup Drive» көрмесі ұйымдастырылып, келушілер балалардың шығармашылық жұмыстары мен идеяларымен танысты. Көрмені дайындауға қазақ тілі пәнінің педагогі Карнеева Бахыт Ортакбаевна ат салысты.

Семинар балабақша меңгерушісі Махметова Шынар Мейрамбаевнаның құттықтау сөзімен басталып, қатысушыларға семинардың мақсаты мен маңызы түсіндірілді. Меңгеруші өз сөзінде мектеп жасына дейінгі балалардың бойына адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық секілді құндылықтарды сіңірудің өзектілігін атап өтті.
Іс-шара барысында тәрбиеші Цемка Татьяна Викторовна «Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында “Адал азамат” құндылықтарының негіздерін қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, тәрбиелік жұмыстың тиімді әдіс-тәсілдеріне тоқталды.

Келесі кезекте әдіскер Куланазарова Марияш Оралхановна «Балалар стартапы: шығармашылық пен кәсіпкерлік ойлаудың аумағы» тақырыбында мазмұнды презентация ұсынды. Бұл таныстырылым педагогтер тарапынан жоғары қызығушылық тудырды. Семинар аясында «Ақ бұлақ» және «Шағала» мектепалды топтары арасында «Startup» байқауы ұйымдастырылды. Байқау «Жарқыраған бум», «Картон бумы» тақырыптары бойынша өтті. Байқауға қатысқан тәрбиеленушілердің жұмыстарын тәрбиешілер Маметова Гүлназ Ескендіровна мен Мартынова Елена Олеговна дайындап, балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Сонымен қатар әдіскер Куланазарова Марияш Оралхановна «Педагог – “Адал азамат” құндылықтарының айнасы» тақырыбында тренинг өткізіп, педагогтің кәсіби ұстанымы мен тұлғалық жауапкершілігін ашып көрсетті.
Практикалық бөлімде тәрбиеші Шишкина Елена Вячеславовна семинар қатысушыларымен бірге «Startup сағат зертханасы» атты шебер-сынып өткізіп, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырды. Қатысушылар топтық жұмыс арқылы өз идеяларын ортаға салып, тәжірибе алмасты.
іс-шара соңында қатысушылар кері байланыс жасады. Сонымен қатар «Ашық микрофон» форматында пікір алмасу ұйымдастырылып, семинарға қатысушылар өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді.
Аталған семинар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында стартап элементтерін енгізудің тиімділігін көрсетіп, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY












