Білім – өзгермелі әлемдегі тұрақты құндылық

Қазіргі әлем үздіксіз өзгеріс пен жаңару дәуірін бастан кешуде. Ақпараттық технологиялардың жедел дамуы, еңбек нарығындағы трансформация, жаңа мамандықтардың пайда болуы – адамнан  икемділік пен үздіксіз ізденісті талап етеді. Осындай құбылмалы жағдайда өз маңызын жоғалтпайтын, керісінше уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін басты тірек – білім.
Білім – уақыт тезінен өтетін, заман талабына бейімделе отырып жаңаратын рухни капитал. Материалдық игеріліктер белгілі бір кезеңде өзектілігін жоғалтуы мүмкін, ал білім адамның бойында өмір бойы сақталып, түрлі жағдайда бағыт – бағдар береді. Осы тұрғыдан алғанда, білімді тұлға кез келген ортада өз орнын таба алатын әлеуетке ие.
Бүгінгі қоғамда білім ұғымы дипломмен немесе оқу орнымен ғана шектелмейді. Ол – өмір бойы жалғасатын үдеріс. Бір кездері жеткілікті саналған білім мен дағды, уақыт өте келе жаңартуды талап етеді. Сондықтан үздіксіз білім алу – жеке таңдау емес, заманның нақты талабы. Өмір бойы үйренуге дайын адам ғана өзгерістерге бейімделіп, кәсіби әрі тұлғалық тұрғыда дамуға қабілетті.
Қоғам дамуының деңгейі тікелей білім сапасымен өлшенеді. Экономикалық тұрақтылық, ғылыми серпіліс, мәдени өркендеу – барлығы да білімді әрі білікті мамандардың еңбегінің нәтижесі. Білімді азамат өз кәсібінде ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді позиция ұстанып, жауапкершілікпен әрекет етеді. Ол ақпаратты саралап, сыни тұрғыдан ойлайды және саналы шешім қабылдауға ұмтылады.  Білімнің маңызды қырларының бірі – еркіндікпен тікелей байланысты. Терең білім адамға таңдау еркіндігін береді, болашағын жоспарлауға мүмкіндік жасайды. Білімді тұлға өзгерістерден қорықпай жаңа мүмкіндіктерді қабылдауға дайын тұрады. Ол өз әлеуетін танып, оны іске асыру жолында нақты қадамдар жасай алады.
Ақпарат ағыны күшейген қазіргі кезеңде жай ғана мәліметке ие болу жеткіліксіз. Негізгі мәселе – ақпаратты іріктеу, талдау және тиімді пайдалану. Бұл қабілеттер сапалы білім арқылы қалыптасады. Сыни ойлау, кешенді талдау, дәлелді пікір айту – қазіргі білім беру жүйесінің басты нәтижесі болуы тиіс. Демек, білім беру үдерісінің мақсаты – дайын ақпаратты қабылдайтын емес, өз бетінше ойлай алатын тұлға тәрбиелеу.  Бұл үдерісте ұстаздың рөлі айрықша. Ұстаз – тек білім беруші емес, тұлға қалыптастырушы  һәм бағыт көрсетуші. Ол шәкірттің қабілетін танып, оны дамытуға жағдай жасайды. Ұстаздың кәсіби деңгейі мен адами ұстанымы оқушының дүниетанымына, өмірлік таңдауына тікелей әсер етеді. Сондықтан ұстаз еңбегінің қоғамдық бағасы әрдайым жоғары болуы заңды.
Білім – ұрпақтар арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ететін негізгі құрал. Әр буын жинақтаған білім мен тәжрибені кейінгі ұрпаққа жеткізу арқылы қоғам дамиды. Сонымен қатар, білім ұлттық болмыстың сақталуына, тарихи жадының жаңғыруына ықпал етеді. Тілді, мәдинетті тарихты тану – білім арқылы жүзеге асатын үдеріс.
Цифрлық технологиялардың дамуы білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Онлайн платформалар мен қашықтан оқыту жүйелері білімге қолжетімділікті арттырды. Алайда мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те қатар жүрерін естен шығармаған жөн. Білімді тиімді пайдалану – әр адамның жеке ұстанымы мен талпынысына байланысты.
Қорыта айтқанда, білім – өзгермелі әлемдегі ең тұрақты әрі сенімді құндылық. Ол жеке тұлғаның қалыптасуына, қоғамның орнықты дамуына негіз болады. Уақыт өзгерсе де, технология жаңарса да, білімнің маңызы кемімейді. Себебі білім – ел болашағының, қоғамдық тұрақтылықтың және зияткерлік әлеуеттің басты тірегі. Жаһандану дәуірінде білімге салынған әрбір инвестиция – мемлекеттің ертеңіне жасалған қадам. Бәсекеге қабілетті болу, әлемдік өзгерістерге биімделу, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып даму – біліммен тығыз байланысты. Сондықтан білімге деген көзқарас стратегиялық деңгейде қалыптасуы тиіс. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгіннің ғана емес, болашақтың да басты міндеті.
Сөз соңында, өзгерістерге толы заманда білім адамға бағыт – бағдар беретін сенімді компас іспетті. Осы себепті білім – өзгермелі әлемдегі ең құнды да тұрақты құндылық болып қала бермек.

БІЛМ АЙНАСЫ
Астана қаласы
Диас Қойшыбай Бақытжанұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *