№71 мектеп-лицейінде әскери-патриоттық тәрбие: Жас Сарбаз сыныптары

Ұлттың ұлы жолы – ұрпақ тәрбиесінен бастау алады. Іргелі елдің ертеңі үшін ел қорғайтын толағай азаматтарға сапалы академиялық біліммен қатар әскери-патриоттық сезімді мектеп қабырғасынан өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – мемлекет пен қоғамның, ата-ана мен ұстаздың мойнына жүктелген мызғымас міндеттердің бірі болып саналады.
Осы тұрғыдан елімізде әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселесі күн тәртібіндегі басты бағытқа айналды.Бұл сөзімізге дәлел ретінде Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында Түркістан газеті басылымына берген сұхбатын тілімізге тиек етсек:
«Жуырда Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке бардым. Онда әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақсы бастама. Мен осы мектепке аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тапсырма бердім. Бұл білім мекемелерінде бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардарлар мен генералдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін», – деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл пікірі жас ұрпаққа патриоттық тәрбиені мектептен бастап беру, оларды ел қорғауға даярлау бағытындағы маңызды мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі екенін аңғартады.

Осыған орай, Астана қаласы №71 мектеп-лицейінде «Жас Сарбаз» сыныптарының ашылуы – уақыт талабынан туған тағылымды бастама болып табылады. «Жас Сарбаз» сыныптарының басты мақсаты – оқушыларды отансүйгіштікке баулу, әскери-патриоттық рухты нығайту, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, бағдарлама аясында оқушылар саптық дайындық, дене шынықтыру, алғашқы әскери даярлық элементтерін меңгеріп, ұжымдық жұмыс пен өзара қолдаудың маңызын түсінеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, бұл сыныптарда үлгілі тәрбие мен қатаң талап қатар жүреді. Оқушылар ұлт тарихын терең тануға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, мемлекеттік рәміздерге адалдықпен қарауға үйренеді. Мұның барлығы болашақ сарбаздардың азаматтық ұстанымын қалыптасуына айырықша ықпал етеді.
Жас Сарбаз жасақтары білім беру бағдарламасымен ғана шектеліп қалмай, мектеп ішілік және қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Мәселен, өткен жылдың өзінде мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен қалалық «Жас Сарбаз» филиалының қолдауымен олар Кеңес одағының батыры, халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде «Болашақ сарбаздар бір күн әскери бөлімде» апталығына қатысып, әскери өмірдің қыр-сырын үйренеді. Сондай-ақ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күніне қатысып, құтқарушылардың ерліктерімен танысады. Айта кетерлік тағы бір маңызды жәйт – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым – жастарға үлгі» республикалық іс-шарасына арнайы шақыртумен барып, саптық жүріспен өтіп, университет іс-шарасына келген ардагерлердің үлкен алқауына ие болады.

№71 мектеп-лицейі әкімшілігінің айтуынша, «Жас Сарбаз» сыныптарының ашылуы – жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыстың бірі болып табылады.
«Біздің мақсатымыз – тек білімді шәкірт тәрбиелеу ғана емес, ел мен жердің қадірін түсінетін, жауапкершілігі жоғары, патриот азамат қалыптастыру. “Жас Сарбаз” сыныптары оқушылардың бойындағы тәртіп пен отансүйгіштік қасиеттерді шыңдап, болашақта ел тірегі болатын тұлға болып қалыптасуына жол ашады», – дейді «Жас Сарбаз» сыныбының аға оқытушысы, сынып жетекшісі Адилбеков Азамат Серикбекович.
Жас Сарбаз сыныбының артықшылығы мен кемшілігі туралы пікірін сұрағанымызда, жас сарбаздың анасы Ахметова Меруерт Қазымбекқызы былай деді:
«Біздің бала осындай сыныпта білім алып, тәрбие көріп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Мұнда ол тек оқу ғана емес, патриоттық сезім мен жауапкершілікті бойына сіңіріп, елге пайдалы азамат болып өседі».

Ахметова ханымның айтуынша, болашақта мектепті бітірген соң балалар әскерге барғанда немесе Әскери колледжге түскенде бұл сыныптың берері мол. Себебі Жас Сарбаз сыныбында физикалық дайындық пен әскери-патриоттық тәрбие жақсы қалыптасады.
«Баламның тілі орысша болды, 1–4 сыныпта қазақшаны толық түсінбейтін, жаттауларды жаттай алмайтын. Жас Сарбаз сыныбына барғалы ол қазақшаны жақсы меңгеріп, жаттауларды оңай жаттай бастады. Сыныптың маңызы жоғары: баланың жауапкершілігі мен тәртібі артып, сабаққа қызығушылығы оянады», – деді Меруерт Қазымбекқызы.
Сынып оқушысы Ақыл Бексұлтан Бекназарұлы да өз әсерімен бөлісті:
«Бұл сыныпта оқу мен үшін үлкен жауапкершілік. Біз мұнда саптық дайындықты ғана емес, бірлік пен тәртіптің маңызын үйренеміз. Өз елімді қорғау – әр азаматтың парызы екенін терең сезіне бастадым. Болашақта елге қызмет ететін әскери азамат болғым келеді».
Бүгінгі таңда мектепте 5 және 6 сыныптарда жалпы саны 88 оқушы «Жас Сарбаз» қатарында білім алуда.
Білім Айнасы редакциясы мектеп әкімшілігі мен мұғалімдеріне сәттілік жолдай отырып, жас сарбаздарға – мықты денсаулық, қайсар рух және елге қызмет ететін білікті азамат болып өсуін тілейді.

Білім Айнасы
Астана қаласы
Ертұран Жұмақанұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *