Қазақ тілін балабақша қабырғасынан бастап жүйелі әрі сапалы оқыту – бүгінгі білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Өйткені баланың ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен алғашқы тілдік дағдылары дәл осы мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Осы орайда редакциямыз қазақ тілін оқыту тәжрибесін, қолданып отырған әдістемелер мен нормативтік талаптардың орындалу барысын зерделеу мақсатында Астана қаласы әкімдігінің №94 «Сұңқар» балабақшасына арнайы барған еді.

319 бүлдіршінге арналған аталмыш балабақша 2018 жылдан бастап қарқынды жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда балабақшада 313 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшада негізінен он екі топ жұмыс жасайды, оның оны қазақ тобы болса, қалған екі топ орыс тобы. Бұл топтарға он сегіз тәрибеші және қазақ тілі, музыка, дене шынықтыру сынды әртүрлі бағытта он бір маман бүлдіршіндердің өсіп-жетілуіне еңбек етуде.
Қазақ тілін оқытудың маңызы мен жолдарын толығырақ зерделеу үшін №94 «Сұңқар» балабақшасының әдіскері Жазира Жакипбекова Нургарақызымен сұхбаттастық. Сұхбат барысында балабақшадағы қазақ тілін оқыту үдерісі, педагогтердің кәсіби дайындығы, оқу бағдарламасы мен алдағы жоспарлар жайында кеңінен сөз болды.
-Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №348 бұйрығында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары бекітілген. Бұл құжатта қандай негізгі талаптар айқындалған?
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің №348 бұйрығында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында баланың жан-жақты дамуына қойылатын негізгі талаптар айқындалған. Атап айтқанда, баланың физикалық, коммуникативтік, әлеуметтік-эмоционалдық, танымдық және шығармашылық дамуын қамтамасыз ету көзделеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл — қазақ тілін меңгертуге ерекше мән беріліп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай сөздік қорын дамыту, дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыру міндеттелген. Стандартта тәрбие мен оқыту ойын арқылы, баланың қызығушылығын ескере отырып ұйымдастырылуы және қауіпсіз, қолайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету талаптары нақты көрсетілген.

-Осы стандарт талаптары «Сұңқар» балабақшасында қалай жүзеге асырылуда?
Біз мемлекеттік стандартты негізгі бағдар ретінде алып отырмыз. Барлық оқу-тәрбие жұмысы, күнделікті жоспарлар мен ұйымдастырылған іс-әрекеттер сол талаптарға сүйеніп жүргізіледі. Қазақ тілін меңгерту балабақша жұмысының басты бағыттарының бірі ретінде қарастырылған және барлық топтарда жүйелі түрде іске асырылады. Мәселен, балабақшамызда эксперимент алаңы негізінде аталар, әжелер, аналар, әкелер мектебі жұмыс жасайды. Эксперимент алаңы ұлттық құндылықтарға негізделген. Осы жобалар аясында қазақи ертегілерді, мақал-мәтелдерді, жұмбақ пен санамақтардың барлығын баланың жасына лайықты етіп, қазақ тілін бойларына дарытып, барынша қазақша тәрбие беруге тырысудамыз.
—Мемлекеттік стандартта тілдік даму қандай деңгейде қарастырылған?
Сұрағыңыз өте орынды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандартында тілдік даму баланың жалпы дамуының негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылған. Балабақша жағдайында бұл бағыт балалардың ана тілінде еркін қарым-қатынас жасауына, сөздік қорының жас ерекшелігіне сай қалыптасуына және байланыстырып сөйлеу дағдыларының дамуына бағытталған. Стандарт талаптарына сәйкес, тілдік даму тек ұйымдастырылған оқу қызметі аясында ғана емес, күнделікті ойын, тұрмыстық әрекет және тәрбиешімен қарым-қатынас барысында жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл баланың тілге деген қызығушылығын арттырып, мектепке дайындық деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
-Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №394 бұйрығы, үлгілік оқу бұйрығында қазақ тілі бар ма?
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №394 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспары өте ойға қонымды бекіткен. Баланың физикалық дамуын, коммуникативтік дағдыларын, танымдық қабілеттерін, әлеуметтік-эмоционалдық тұрақтылығын және шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған. Онда мектепке дейінгі тәрбиенің мазмұнын жүйелі белгілеген. Бәрін емес, мектепалды топтарды атап айтсам 3 сағат дене тәрбиесі, 2 сағат тіл дамыту, 2 сағат көркем әдебиет, 3 сағат таным (математика танымы), осылайша аптасына 20 сағат берілген. Мақтана айтуға болады оның ішінде 2 сағат қазақ тілі бар. Аталған бағыттар мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкес өзара сабақтастықта жүзеге асырылады.
-Үлгілік оқу жоспарының талаптары балабақшада қалай орындалып жатыр?
Үлгілік оқу жоспарының негізгі мақсаты — әр баланың жеке мүмкіндігін ескере отырып, оның жан-жақты дамуын қамтамасыз ету және мектепке дайындық деңгейін қалыптастыру болғандықтан, балабақшамызда үлгілік оқу жоспарының талаптары күнделікті тәжірибеге сай жүзеге асырылады. Біз әр топтың жас ерекшелігіне қарай оқу-тәрбие процесін жоспарлап, бағдарламадағы бағыттарды — тілдік даму, әлеуметтік-эмоционалдық дағдылар, танымдық және шығармашылық қабілеттерді — біріктіріп жүзеге асырамыз. Қазақ тілін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді: балалармен ойын, оқу іс-әрекеттері және күнделікті қарым-қатынас арқылы сөйлесіп, сөздік қорын байытып, дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастырамыз.
-Қазақ тілін меңгертуде басқа қандай әдістерге басымдық бересіздер?
Біз негізінен ойын арқылы оқыту әдісіне мән береміз. Балалар көріп, естіп, қимыл арқылы тілді тез қабылдайды. Сонымен қатар, ертегілерді сахналау, рөлдік ойындар арқылы балалар тілмен бірге ұлттық дүниетанымды да бойына сіңіреді. «Жеті лақ», «Алтын сақа» секілді қазақ тіліндегі ертегілерді пайдалану жақсы нәтиже береді. Оған қоса қосымша әдістемелік құралдарды, жұмыс дәптерлерін пайдаланамыз. Мәселен, былтырдан бастап «Білім Айнасы» баспасының «Қазақ тілі» жұмыс дәптерін тұрақты қолданамыз. Менің байқағаным аталмыш жұмыс дәптерінде бәрі нақты әрі түсінікті. Жақсы бір жүйелі жұмыс ұсынып отыр. Дәл осы жұмыс дәптері балаға қазақ тілін үйретуде өте көп көмегін тигізуде десем артық айтқаным емес.
-№422 бұйрықта балалардың тілдік құзыреттілігін дамытуға қатысты қандай ұсыныстар берілген?
№422 бұйрықпен бекітілген үлгілік оқу бағдарламасы балалардың тілдік құзыреттілігін дамытуға нақты бағыттар мен талаптар белгілейді. Бағдарламада тіл тек сөздерді айту немесе грамматикалық құрылымды үйрету емес, коммуникативтік құрал ретінде қолдануға бағытталған. Сонымен қатар, балаларға сөйлем құрастыру, дыбыстарды дұрыс айту, өлеңдер мен әңгімелерді тыңдау арқылы әдеби тілдік материалдарды меңгеру мүмкіндігі беріледі. Бағдарламада қазақ ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыру арқылы тілдік дағдыларды дамыту және сөздік қорды көбейту басты назарға алынған.
—Ата-аналардың қазақ тілін оқытуға деген көзқарасы қандай?
Жақсы. Кейбір ата-аналар үйінде орысша сөйлеседі, алайда балаларының қазақ тілін жақсы меңгеріп, қазақ мектебіне бергісі келеді. Қазақша конкурстарға да көбірек қатыстыруға құштар. Мәселен, «Білім Айнасы» ұйымдастырып жатқан «Абай оқуылары» сынды конкурстарға қатысып жатады. Ата-аналардың қалауы мен біздің ой көбіне ұштасады.
Сұхбат барысында «Сұңқар» балабақшасында қазақ тілін оқыту мемлекеттік талаптарға сай жүргізіліп, бала жасына бейімделген әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асырылып отырғаны анық байқалды. Жазира Жакипбекова ұжымның басты мақсаты – балалардың қазақ тілінде еркін сөйлей алуына жағдай жасап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру керек екенін атап өтті. Тәрбиешілердің кәсіби біліктілігі , ата-анамен тығыз байланыс және заманауи оқу құралдарының қолданылуы – бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуына ықпал етуде.
Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда, қазақ тілін сапалы оқыту – ұлт болашағына инвестиция. Ал «Сұңқар» балабақшасының тәжрибесі осы жолдағы жүйелі жұмыстың нақты үлгісі деуге толық негіз бар.
Білім Айнасы
Астана қаласы
Диас Қойшыбай Бақытжанұлы












