Музыка және жасанды интеллект

Алматы қаласы, Алмалы ауданы КМҚК №20 бөбекжай-балабақшасында «Музыка және жасанды интеллект» тақырыбында қалалық семинар жоғары деңгейде өтті.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – балалармен жасанды интеллект арқылы жұмыс жүргізу, олардың музыкалық қабілеттерін дамыту, заманауи технологияларды оқу-тәрбие процесіне енгізу, сондай-ақ келген қонақтарға педагогтердің озық іс-тәжірибесімен бөлісу болды.
Іс-шараның шымылдығын балабақша меңгерушісі Жубанова Сауле Хорезимовна ашты. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда жасанды интеллекттің білім беру саласындағы маңызына тоқталып, музыка арқылы баланың шығармашылық қабілетін дамытудың тиімді жолдары туралы айтып өтті.

Келесі кезекте сахнаға балабақша тәрбиеленушілері мен тәрбиешілер шығып, қонақтарға жаңа жылдық мерекелік көңіл күй сыйлады. Балалар жаңа жылға арналған ән орындады. Одан кейін «Қысқы әуен» бөлімінде жасанды интеллект интерактивті тақтаға жаңа жылдық ойыншықтарды шығарып, олардың санына қарай балалар музыкалық аспаптарды пайдаланып, ырғақ соқты. Осылайша балалардың есту, санау және үйлесімді қимыл дағдылары дамытылды.
Кейін сахнаға қоян бейнесі шығып, жасанды интеллект арқылы қоянмен бірге музыкалық аспаптарда ойнау ұйымдастырылды. Бұл көрініс балаларға ерекше әсер қалдырды.

Ары қарай басқа топтың тәрбиеленушілері шығып, көңілді «Мажор» және көңілсіз «Минор» әуендерін ажырату тапсырмасын орындады. Балаларға мажор мен минор ұғымдары түсіндіріліп, жасанды интеллект арқылы әуендер қойылып, олардың сипатын анықтау тапсырмалары берілді. Балалардың барлығы белсенділік танытып, тапсырмаларды дұрыс орындады.
Сонымен қатар мультфильмдерден алынған әндер қойылып, оның қай мультфильмге тиесілі екенін табу ойыны ойнатылды. Бұл тапсырманы да балалар еш қиналмай орындады. Кейін «Не естіледі?» ойыны ұйымдастырылып, жасанды интеллект музыкалық аспаптардың дыбыстарын қойды. Балалар дыбыс арқылы қай аспап екенін жарыса тапты.

Одан соң тәрбиеленушілер жасанды интеллект көрсеткен музыкалық аспаптармен оркестр ойнап, бірлесе музыка орындады. Іс-шара «До-ре-ми» биімен жалғасын тауып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Келесі бөлімде «Алиса» ақылды колонкасы таныстырылды. Тәрбиеші балаларға Алиса колонкасының мүмкіндіктерін түсіндіріп, Алисаға жаңа жыл туралы қазақша ән қоюды тапсырды. Ән қосылып, балалар бірге шырқап, кейін Алиса арқылы би ұйымдастырылып, барлығы бірге көңілді сәттерге бөленді.
Іс-шара соңында келген қонақтармен де ойын ойнатылды. Жасанды интеллект арқылы кубик айналдырылып, экранда фильмдердің әуендері қойылды. Қонақтар әуен арқылы фильм атауын табу тапсырмасын орындап, ерекше әсер алды.

Осылайша «Музыка және жасанды интеллект» тақырыбындағы қалалық семинар мазмұнды, әсерлі әрі жоғары деңгейде өтті. Іс-шара соңында тәрбиешілер бірігіп, көңілді флешмоб билеп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Жубанова Сауле Хорезимовна, балабашла әдіскері Едигарева Камила Хамиджановна , тәрбиешілер: Бекжігіт Гүлмира Асқынбекқызы, Базилова Анар Мухтаровна, Королёва Светлана Викторовна, Данебекова Гүлнара Аязовна, Джунусова Айжан Анарбековна, Воротникова Анастасия Сергеевнанаға және музыка жетекшісі Бондарева Людмила Владимировна, қазақ тілі пәнінің педагогі Жорабек Зубайра Жаманбайқызына барша балабақша ұжымына алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *