Алматы қаласы, Медеу ауданы №33 мектеп-лицейінде мектепішілік «Дарынды бала — дара бала» атты дарынды оқушылар фестивалі жоғары деңгейде өтті. ҚР Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы № 780 Жарлығына сәйкес, 2022 жыл балалар жылы деп жарияланды, ҚР Үкіметінің
балалар жылын өткізу жөніндегі қаулысына сәйкес № 33 мектеп-лицейінде әр жыл сайын желтоқсан айының төртінші аптасының дүйсенбі күні «ОҚУШЫЛАР КҮНІ» дер бекітілген. «ОҚУШЫЛАР КҮНІ» — №33 мектеп-лицейінде үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Бұл күн — тек мерекелік іс-шара ғана емес, оқушы еңбегіне деген құрмет пен олардың жыл бойғы жетістігін ұлықтауға арналған тағылымды күн болды. Шараның басты мақсаты – бір жыл бойы түрлі бағытта жетістікке жеткен оқушылардың еңбегін қорытындылау, оларды көпшілік алдында марапаттау және мектеп өмірінің басты тұлғасы – оқушы екенін айшықтау.
Мектеп басшылығының айтуынша, білім ордаларында Мұғалімдер күні бар, Білім күні бар, алайда оқушыларға арналған арнайы мерекелік күннің жоқтығы сезіліп келген. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мектеп ұжымы әр жылы желтоқсан айының соңғы аптасында “Оқушылар күнін” атап өтуді қолға алған. Бұл күн – оқушыға құрмет, балаға сенім, дарынға демеу беретін ерекше мереке.
Фестивальдің салтанатты бөлімінде мектеп директоры Алиев Нурлан Меркенович сөз сөйлеп, дарынды оқушыларды құттықтады. «Біздің басты байлығымыз – оқушыларымыз. Әр баланың бойында дара қабілет бар. Біздің міндет – сол қабілетті дер кезінде байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру. Бүгінгі фестиваль – сіздердің еңбектеріңізге көрсетілген құрмет. Бұл күн – нағыз оқушылар мерекесі», – деп атап өтті мектеп басшысы.
Шара аясында мектеп ауласында салтанатты шеру ұйымдастырылды. Таңғы сағат 7:00-ден бастап мектепке келген әрбір оқушыны мектеп парламентінің мүшелері мен ұстаздар ерекше ықыласпен қарсы алды. Күнделікті күйбеңнен бөлек, бұл күні мектеп қабырғасынан ерекше атмосфера сезілді. Балалардың жүзіндегі қуаныш, ұстаздардың мақтанышқа толы жанары бұл шараның мән-маңызын арттыра түсті.
Шеру барысында оқушылар жетістіктеріне қарай бес бағыт бойынша топтастырылып шықты. Әр топты ұлттық нақыштағы қазақы киім киген ұл-қыздар бастап, салтанаттың көркін аша түсті.
Алғашқы бағыт – «Ғылым және білім дарындары». Бұл топта халықаралық, республикалық және қалалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері сап түзеді. Білім бәйгесінде топ жарып жүрген зияткер оқушылардың жетістігі – мектептің ғана емес, ел болашағының жарқын көрінісі.
Екінші бағыт – «Өнер әлемінің жұлдыздары». Ән, би, күй, сахналық қойылымдар мен көркемсөз оқу бағытында көзге түскен өнерлі оқушылар бұл топтың сәнін кіргізді.
Үшінші бағыт – «Спорт саңлақтары». Түрлі деңгейдегі спорттық және әскери-патриоттық жарыстарда жеңіске жеткен оқушылар шеруге медальдарын тағып шықты. Бұл – тәртіп пен табандылықтың, жігер мен қайсарлықтың айқын көрінісі.
Төртінші бағыт – «IT және инновация». Робототехника мен ғылыми жоба бағытында жетістікке жеткен оқушылар заманауи білімге бейімділігін көрсетті.
Бесінші бағыт – «Көшбасшылар мен белсенділер». Мектеп өміріне жан бітіріп жүрген белсенділер мен мектеп парламентінің мүшелері бұл топта бой көрсетті. Олар – жауапкершілік пен бастамашылдықтың үлгісі.
«Дарынды бала – дара бала» фестивалі №33 мектеп-лицейінде оқушыға деген шынайы құрметтің, білім мен тәрбиенің үйлесім тапқан үлгісі ретінде есте қалды. Мұндай игі бастама басқа білім беру ұйымдарына да үлгі болып, кеңінен қолдау табады деген сенімдеміз.
Өйткені баланың бүгінгі жетістігін бағалау – елдің ертеңіне салынған ең берік инвестиция.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY












