Өскелең ұрпақты сапалы білім мен саналы тәрбиеге шомылдырған ұстаздың бақыты қашанда шәкірттерінің болашағымен өлшенбек. Данышпан Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекерек айтпаса керек. Бала тәрбиесіне барын салып, оларды білім нәрімен сусындатып, құнды қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім мен ғылым керуенін алға сүйреп келе жатқан ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды.

Мектеп қабырғасындағы қиын да күрделі, аса маңызды кезең – бастауыш сынып. Бұл кезең – баланың тұлға ретінде қалыптасуындағы ең маңыздысы. Сол себепті әрбір ата-ана өз баласының алғашқы ұстазын таңдауда асқан жауапкершілік танытып, перзенттерінің бойына адами құндылықтарды дарыта алатын ұстаздың тапсыруға құштарлық танытады.
Менің кейіпкерім саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, сонау 1998 жылы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы №187 орта мектепте жас маман болып бастаған Жадыра Алданазарова. Қандай қиындықтар болмасын мойымай, адал еңбек еткен ерен ұстаздың осы салада жүргеніне бүгінде жиырма алты жылдан астам уақыт болды. Жадыра Жарылқасынқызы – бір ғана мектептің емес, тұтас бір буынның тағдырына із қалдырған ұстаз. Оның өмір жолы білімге, тәрбиеге және адамдық құндылықтарға адал қызмет етудің айқын үлгісі іспетті. 1998 жылдан бері мектептің табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршінге алғашқы әріпті үйретіп қана қоймай, өмірге деген сенімнің білімге деген сүйіспеншіліктің шамшырағын жаққан жан.
Ұстаздық Жадыра Жарылқасынқызы үшін жәй ғана мамандық емес, бұл – атадан балаға жалғасқан тағдыр жолы. Оның ата-анасы да ел ішінде сыйлы, ұлағатты ұстаздар болған. Әкесі Жарылқасын Алданазаров Қызылорда облысы Шіркейлі ауылында мектеп директоры қызметін атқарса, анасы Сара Нұрабаева орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде бірнеше буын оқушыны тәрбиелеген. Осындай өнегелі отбасында өскен Жадыра Жарылқасынқызы ұстаздық жолды таңдауды парызындай көрді.

Жиырма алты жыл – бұл тек уақыт өлшемі емес, бұл – мыңдаған өткізілген сабақ, сансыз жызылған тақта, талай баланың алғаш оқыған сөзі, тұңғыш жазған сөйлемі. Осы жылдар ішінде оның алдынан өткен әрбір шәкірт ұстазынан тек білім емес адам болудың негізін алды. Сабарлылық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болу секілді қасиеттер ұстаздың әр әрекетінен анық аңғарылып тұрады. Оның сабағында тәртіп пен мейірім, талап пен түсінік өзара үйлесім табады. Әр балагың қабілетін дер кезінде танып, оны ашуға ұмтылу – Жадыра Жарылқасынқызының басты қағидасы.
Жадыра Алданазарова өз білгенімен бөлісетін, ақыл-кеңесін аямайтын ұстаз ретінде танылған. Ол уақыт талабына сай жаңашылықты меңгеріп, дәстүр мен заманауи әдісті ұштастыра білетін кәсіби маман. Жылдар бойы жинақталған тәжрибе, үздіксіз ізденіс пен кәсіби адалдық Жадыра Жарылқасынқызын әріптестер арасында да құрметке бөлеген. Ұстаз үшін марапат қағаздан гөрі шәкіртінің жетістігі қымбат. Мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған жас бүлдіршін ертеңіне үлкен өмірге қанат қағып ұшса – бұл оның еңбегінің жемісі.

Жадыра Алданазарова тәрбиелеген оқушылар мектепте озат, сан алуан сайыстарда жүлделі орын алып келеді. Осынадай шәкірт тәрбиелеген ұстазына ата-аналар да дән риза. Тек шәкірт тәрибелеп қана қоймай өзінің кәсібилігін арттыруға үнемі талпыныста, ізденісте жүретін ұлағатты ұстаздың еңбегі ерен. Оған қоса, жиырма алты жылдық еңбек өтілінде жеке жетістіктері де жоқ емес. Атап айтар болсақ, «Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған II РЕСПУБЛИКАЛЫҚ дистанциялық олимпиадасы» 1 орын, «Үздік ҚМЖ-2021» байқауының жинағы», 2022 жылы Қазақстан педагогтар қауымдастығы Төралқасының шешімімен ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» төсбелгісімен марапатталды. Оған қоса, 2022 жылы білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі,өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жоғары жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫмен мараптталды. Еңбегі ерен ұстаздың білім майданында қосқан үлесі елеусіз қалмағаны белгілі. Алайда ұлағатты ұстаз шәкіртінің жетістігі ең бастысы деп біледі.
Ұстаздықты өмірінің мәніне айналдырған Жадыра Алданазарова – білім саласында өз орнын тапқан, жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Оның еңбегі — ел болашағына қосылған өлшеусіз үлес. Бүгінде Жадыра Жарылқасынқызы үшін мектеп – екінші үй, ал шәкірттері – жүрегінің бір бөлшегі. Оның ұстаздық жолы – үнсіз ерлікке, күнделікті тынымсыз еңбекке толы. Өз ісінің майталмандарының арқасында білімнің шамы сөнбей, ұрпақтың болашағы нұрлана түседі.
Ұстаз, ол – екінші ана. Ал, қазақ халқы үшін ұстаз бен ананың орны бөлек. Бүкіл әлем мұғалімге бас иері сөзсіз. Ұстаздардың мәртебесі арта бергей.
БІЛІМ АЙНАСЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ
Диас Қойшыбай Бақытжанұлы











