Мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулығын нығайту мен тәрбиелеудің маңызды құралдарының бірі ретінде таңғы гимнастика

Алматы қаласы, Алмалы ауданы, КМҚК №20 бөбекжай-балабақшасында «Мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулығын нығайту мен тәрбиелеудің маңызды құралдарының бірі ретінде таңғы гимнастика» тақырыбында ауқымды әрі мазмұнды семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, балалардың күн тәртібіндегі таңғы гимнастика жаттығуларының маңызын түсіндіру және оны тиімді өткізу жолдарын тәжірибе жүзінде көрсету болды.

Таңғы гимнастика – баланың ағзасын сергітіп, бұлшық еттерін шынықтырып қана қоймай, көңіл күйін көтеретін, белсенді өмір салтына баулитын маңызды құрал екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда семинар барысында педагогтер тәжірибе алмасып, өз жұмыс тәжірибелерін ортаға салды.

Іс-шараның шымылдығын балабақша меңгерушісі Жубанова Сауле Хорезимовна ашты. Ол өз сөзінде семинардың маңыздылығын атап өтіп, келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, балабақшаның жетістіктері мен ұжымның атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады. Сауле Хорезимовна педагогтердің кәсіби дамуы мен балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы еңбектері туралы айта келе, қатысушыларға сәттілік пен шабыт тіледі.

Одан кейін балабақша әдіскері Едигарева Камила Хамиджановна «Таңғы гимнастика – мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулығын нығайту мен қимыл белсенділігін қалыптастыру құралы» атты танымдық презентациясын ұсынды. Ол өз баяндамасында таңғы жаттығуларды ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, балалардың жас ерекшеліктеріне сай жаттығулар кешенін құрастыру жолдары және балаларды белсенділікке баулудың тиімді әдістері туралы баяндап өтті. Сонымен қатар, балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтудағы қозғалыс ойындарының рөліне ерекше тоқталды.

Келесі кезекте балабақша тәрбиешісі Королева Светлана Викторовна «Балабақшадағы шуақты таң» атты таңғы гимнастика кешенін балалармен бірге көрсетіп, түрлі жаттығуларды көңілді түрде орындады. Қол, аяқ, бел және арқа бұлшықеттеріне арналған жаттығулар әуен ырғағымен үйлесіп, балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жаттығулар барысында балалардың жүзінен шаттық пен қуаныш сезімін көруге болды.

Іс-шара одан әрі тәрбиеленуші қыздардың орындауындағы заманауи би нөмірімен жалғасты. Әсем қимылдар мен үйлесімді ырғақ көрермендердің көңілінен шықты. Бұл қойылымды музыка жетекшісі Бондарева Людмила Владимировна дайындап, балалардың қимылдарын әуенмен үйлестіре отырып, ерекше көрініс ұсынды.

Келесі сәтте семинарға келген қонақтар белсенді түрде ортаға шақырылып, көңілді жаттығулар мен би элементтеріне қатысты. Бұл бөлімді Джунисова Айжан Анарбековна ұйымдастырып, қатысушылардың әрқайсысына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қолдарына сәнді білезіктер тағылған қонақтар ортаға шығып, әуен ырғағымен бірге би билеп, ерекше әсер алды.
Семинар соңында балабақша ұжымы әдемі форма киіп, бірлесе дайындаған флешмоб биін орындады. Қимылдың нақтылығы мен үйлесімділігі көрермендерді тәнті етті.
Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Семинарға қатысқан өзге балабақшалардың дене шынықтыру нұсқаушылары мен педагогтері көптеген жаңа идеялар мен әдістемелік тәжірибелер алып, өз жұмыстарында қолдануға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер педагогтердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, балалардың денсаулығын нығайтудағы үздік тәжірибелерді таратуға ықпал етеді.

Мектепке дейінгі ұйымның бірлігі мен кәсіби ынтымақтастығының арқасында осындай әсерлі де мәнді іс-шара жүзеге асты. Балалар мен педагогтердің шығармашылығы үйлескен бұл семинар қатысушыларға үлкен рухани серпін берді.
Осындай тәрбиелік мәні зор семинарды ұйымдастырған:
балабақша меңгерушісі Жубанова Сауле Хорезимовна, әдіскер Едигарева Камила Хамиджановна, тәрбиешілер Джунусова Айжан Анарбековна, Воротникова Анастасия Сергеевна, Королева Светлана Викторовна, Султанбекова Айида Кордабасовна, Бекжигит Гульмира Аскынбекқызы, Пакирдинова Гулжан Ахмедияровна, Битимчинова Маржан Амирбаевна, Базилова Анар Мухтаровна, Гульнар Данабековна Аязова, музыка жетекшісі Бондарева Людмила Владимировна, қазақ тілі маманы Жорабек Зубайра Жаманбайқызы, логопед Ибрагимова Антонина Викторовна, тәрбиешінің көмекшілері Байгулова Наталья Александровна және Скиба Татьяна Сергеевна, сондай-ақ барша балабақша ұжымына ерекше алғыс білдіріреміз!
Барлық педагогтерге табыс, шығармашылық шабыт және салауатты ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріне толағай жетістіктер тілейміз!

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *