Бестемше — бірлік ойыны

Мектепке дейінгі ұйымдарда ұжымдық рух пен серіктестікті қалыптастыру — тәрбие мен білім сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Осы мақсатта Алматы қаласы, Әуезов ауданы №23 бөбекжай-балабақшасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында ұлттық ойынға негізделген қалалық жарыс ұйымдастырылды. «Бәріміз бірге мықтымыз» деп аталған бұл шара ұжым мүшелерін бір арнаға тоғыстырып, бірліктің, өзара қолдаудың және сенімді серіктестіктің үлгісін көрсетті.

Шараның басты мақсаты — педагогтердің шығармашылық белсенділігін арттыру, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу және біртұтас тәрбие идеясын ұжымдық ортада жүзеге асыру болды. Іс-шараға қалалық мектепке дейінгі ресурс орталығының әдіскері Лунара Масакбаева және мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қатысты.
Іс-шараның шымылдығы балабақша меңгерушісі Курмангалиева Нурзада Есжановнаның жылы лебізге толы алғы сөзімен ашылды. «Бүгінгі шара — тек ойын емес, рухани серіктестіктің, шығармашылық ынтымақтастықтың айғағы. Әр педагог өзінің белсенділігі мен өнерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық құндылықтар арқылы ұжымдық бірліктің күшін сезінеді», — деп қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік көңіл-күйді балалардың орындауындағы музыкалық сәлемдеме мен балалар оркестрі жалғады. Бүлдіршіндердің ұлттық аспаптарда ойнаған әуендері көрермендердің жүрегін елжіретіп, ұлт рухын сездірді.
Келесі кезекте әдіскердің «Бестемше» атты баяндамасы тыңдалды. Онда ұлттық ойынның тәрбиелік маңызы мен оның біртұтас тәрбие жүйесіндегі орны жан-жақты ашып көрсетілді. Әдіскер «Бестемше ойыны – тек ептілікті емес, ұйымшылдық пен ой бірлігін қажет ететін ұлттық ойын. Бұл – біздің педагогтерге арналған рухани сергіту мен кәсіби ынтымақтастықтың тамаша тәсілі», – деді.
Іс-шараның практикалық бөлімі ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар төрт топқа бөлініп, «Бестемше» ойынын ойнады. Әр топ өз ұранын айтып, бірлік пен жеңіске деген жігерін танытты. Ойын барысында қатысушылардың бір-бірін қолдауы, топтық серіктестігі мен көтеріңкі көңіл-күйі шараның басты рухын айқындады. Сайыста күлкі мен қуаныш, қызықты сәттер мен шынайы эмоцияларға толы көріністер орын алды.

Нәтижесінде тартысты ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды – «Қыран» тобы, екінші орынды – «Жұлдыз» тобы, ал үшінші орынды – «Сұңқар» тобы иеленді. Барлық қатысушыларға арнайы медальдар мен дипломдар табысталып, еңбектері мен белсенділіктері үшін алғыс білдірілді.
№23 бөбекжай-балабақшасындағы жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұны мен әдістемелік бағыты жағынан ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар ұлттық ойын «Бестемшенің» тәрбиелік маңызын терең түсініп, белсенді түрде қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Барлығы ойынның балалардың ой-өрісін, ептілігін, бірлігін арттырудағы рөлін жоғары бағалады. Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарасты. Шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан балабақша ұжымы да ерекше аталды. Ұйымдастырушылар қатарында әдіскер Купенова Данагул Нурбулатовна мен музыка жетекшісі Кебирова Гулинор Мухединовна айрықша еңбек етті. Сондай-ақ шараға белсене қатысып, ұжымдық рухты нығайтуға үлес қосқан педагогтер: Джансықбаева Дария Рахметулиновна, Талапова Ақерке Таланқызы, Жақсылық Жансая Дарханқызы.
Олардың бірлігі мен ынтымақтастығы шараның шынайы табысына айналды.
Ұжымдық рух пен ұлттық дәстүр үйлескен осындай кездесулер балабақшадағы педагогикалық ортаға жаңа серпін, шығармашылық шабыт пен бірлік сыйлады. «Бәріміз бірге мықтымыз!» – бұл күннің ұраны ғана емес, педагогтердің де өмірлік қағидасына айналғаны анық.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *