Home » Жаңалықтар » Оразкүл Асанғазы: «Қазақ қайтсе бай болады?»

Оразкүл Асанғазы: «Қазақ қайтсе бай болады?»

Әрбір халық, әрбір ұлт өзінің жаратылысына орай өмір сүруі, — Жаратушының қалауы. Ғалымдардың айтуы бойынша бүгінде дүние жүзінде бес мыңнан астам ұлт болса, соның баршасы өзінің ұлттық ділін, болмысын, келбетін сақтауға тырысады. Дегенмен, олардың баршасы қаншама тырысқанымен әлгіндей мүмкіндік барлығына бірдей беріле қоймаған. Себебі, екі жүзден астам ұлттың ғана өз мемлекеттілігі бар, бұған қоса шамамен жетпіс шақты ұлт өз алдына мемлекеті болмаса да санының көптігімен өзінің дара келбетін сақтауға мүмкіндік алған. Сонда қазір шамамен екі жүз жетпістей ұлт өзіндік даралығын сақтай алады екен.  Осындай ХХІ ғасырға дейін өзінің ұлттық келбетін, халықтық болмысын сақтағандардың ішінде біздің қазақ халқы да бар.

Әлемдегі барша дамыған халықтар сияқты қазақтың да дамуға, ілгерілеуге қақысы да, мүмкіндігі де бар. Адамзат баласы ғасырлар бойы бір-бірімен тәжірибе алмасып, селбесіп өмір сүріп келеді. Осы жолда бірінің жақсысын бірі алады. Бүкіл әлемге үлгі –эталон болатын дара ұлт жоқ. Әлемдік қауымдастық осындай бірлігімен күшті. Енді егемендік алып жатқан қазақ баласы да өзгелер жеткен межеге жетер, өзгелер бағындырған биіктерді алар. Өркениетті дүниенің есігі ағылшынға, неміске, орысқа, басқаға ғана емес, қазаққа да ашық. Қазақ оған өзге ұлттың терісін жамылып, тәрбиесін алып, сөзін сөйлеп емес, өзінің болмысымен-ақ ене алады. Қазақ өзінің ұлттық әлеуетін тауыспаған, моральдік-этикалық ерекше болмысын сақтап отырған, бергенінен берері көп жас, дарынды халық.

Ұлтты сақтайтын да, өркендететін де ұлттық тәрбие. Ал ұлттық тәрбиенің ұстаханасы, әлбетте, отбасы.  Сол отбасындағы дәстүрлі тәрбиені қалыптастыратын ата-ана. «Әке – асқар тау» дейді дана халқымыз. Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін өнеге мектебі. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Анаң мен әкеңді сыйласаң, ертеңгі ұрпағың да саған солай қарайды. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.  Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Бүгінгі әкелер қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде қалыптасқан «Әке» деген мәртебеге сай болуы керек. Сондықтан дәл қазіргі қоғамда әке атына лайықты болып жүрген азаматтардың өмірі мен қызметін көпшілікке насихаттау қажет.

Отбасының тірегі — әке болса, отбасының жүрегі – ана. Ананы сыйлау, қадірлеу баршамыздың қасиетті парызымыз. Бұл сезім балаға нәресте кезінен сіңіріледі. Ол ананың – балаға, баланың – анаға деген ықылас, құрметі. Бұл, расында, ғажайып сезім! Ана балаға өмір берсе, бала анаға түгесілмес бақыт, қуаныш сыйлаған! Сондықтан да олардың бір-біріне деген сый-құрметі шексіз.

Ананы мадақтау – адамгершілікті мадақтау. «Ерлер көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» дегендей, жаны жайсаң, көңілі дархан, дос дегенде ішкен асын жерге қоятын ақкөңіл, кеудесін елі үшін оққа тосатын батыр ерлер ананың тәрбиесінен шыққан, соның аялы алақанының жылуын, жанарының мейірімін көріп өскен. Ел қамын ойлап, дархан даланы дүбірлетіп өткен, тарих көшін батырлығымен, мәрттігімен әрлендірген Абылайлар мен Кенесарылар, Махамбеттер мен Әлихандар, Бауыржандар да анадан туды ғой. Домалақ ана, Мұрын ана, Қаз дауысты Қазыбектің анасы Қарқабат ана сияқты жұртты аузына қаратқан әулие-аналар да дөңгелек дүниенің баға жетпес қазынасын жасаған жоқ па?! Болашақ ананың тәрбиесі бүгінгі қыз баладан басталады. Сондықтан біз қыз бала тәрбиесіне ұлттық дәстүріміздің ең озық, ең өміршең қырларын дарытуымыз қажет. Қыз тәрбиелей алмаған ұлттың өнегелі аналары қайдан шықпақ?! Бұл ел болып еңсерер, халық болып қамданар ұлы мұрат жолындағы орасан мақсат, биік міндет!

Осындай үлкен мақсатты орындау үшін, біздің ойымызша, орта мектептерге, тіпті, орта арнаулы және жоғары оқу орындарына ұлттық тәрбиеге қатысты пән енгізілуі қажет. Жаһандану дәуірінде біз осындай жұмыстар арқылы ғана ұрпағымызды ұлттық дәстүр, тәрбие негізінде баули алмақпыз. Әсіресе, тәрбиенің ішінде отаншылдық тәрбиенің орны үлкен.  Отаншылдық тәрбие күнделікті өмірде отбасында жүзеге асырылуы тиіс. Бұл адамгершілік тәрбиесімен сабақтасып келеді. Сондықтан да тәрбиенің үлкені адамгершілік тәрбиесі болса, адамгершіліктің арналы бастауларының бірі  — ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбиенің негізі ұлтты сүю сезімі, өз ұлтын құрметтеу инстинкті. Міне біз көп шаруаны осыдан бастауымыз керек. Аты атала қоймай жүрген  Алаштың аяулы азаматтарының бірі — Мәннән Тұрғанбайұлы: «Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрылмасқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң Отанын танытып жақсы көргізуге, содан соң дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек» — десе, Алаш қаламгері Жүсіпбек Аймауытұлы: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр» — депті.  Халқын сүю ұлт азаматының адамдық, кісілік белгісі екендігін Алаш қайраткерлері өз дәуірінің тәжірибесінен берік түйсінген, анық ұғынған. Ұлтты сүйетіндер, сүйе отырып ұлт мұраты жолында қам қылатындар көбейген сайын оның шаңырағы биік, босағасы берік болатындығын да жүректерімен сезінген. Қазаққа жасалған отаршылдықтың озбырлығын көзбен көрген олар бар саналы ғұмырын халық мүддесіне жұмсаған. Отаршылдық сананың сарқыншағы бойымыздан арылмаған біз осы ағаларымыздың ұлы тәжірибесін тағылымға айналдыруымыз қажет.  Отаршылдық саясаттың салқынына шипалы дәрі болатын қасиет – біздің ұлтжандылығымыз, содан өріс алар әрекеттеріміз. Отарланған елдің ұрпағы екендігіміз рас болса, отаршылдық дінімізге, тілімізге, жалпы ділімізге қауіп төндіргені де рас болса, біз сол кембағалдық психологиядан арылуды сөзімізде де, ісімізде де мықтап ескеруіміз керек. Ұстазға табысты еңбек ету үшін  ұлтын сүйетін берік мінез, берік мінезге бітетін баянды білім керек. Білімнің үлкені өз ұлтыңның жасаған рухани құндылықтарды алдымен өз бойыңа содан соң ұрпақ бойына сіңіру дей отырып, баршаңызды осыған шақырамын.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үнемі ұлттық бірегейлігімізді сақтау жөнінде айтады. Осы ұлттық бірегейлігіміздің, яғни қазақы қалпымыздың да, ауызбірлігіміздің де түбірі – тіл, қазақы тәрбие. Дербес мемлекет болғанымен, ұрпағы өзге тілде сөйлейтін халыққа жетіспейтіні ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбие өзгенің тілінде жасалмайды. Тәрбие барысында тіл жай қатынас құралы, ақпарат беру тетігі ғана емес, тіл арқылы ұлттық сана сезім, мінез қоса беріледі. Сонау Күлтегін жазуынан бастап бүгінге дейінгі әдеби жәдігерлер мен үлгілерді қазақ тілінде оқытып-үйретпесе, ананың әлдиі, әкенің ақылы, атаның батасы қазақ тілінде айтылмаса, қазақы болмысымыз қалай сақталмақ?! Өз елінде тұрып ұрпағымыз Абайды өз тілінде оқи алмаса, ұлттық бірегейлік қалай сақталмақ?! Сондықтан да біз Елбасымыз айтқандай ұлт аманатын орындауды өзімізге парыз санауымыз керек.

Ұлттық тәрбиенің ең басты мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтау. Ұлттық бірегейлік – мемлекет тұтастығын сақтайды. Ал ұлттың да, мемлекеттің де бүтіндігі мен бірегейлігін сақтаудың басты құралдарының бірі – тіл. Сондықтан мемлекеттік тілдің бойында тек тәрбиелік, рухани ғана емес, сондай-ақ саяси күш бар. Сол себепті де мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тіліне немқұрайлы қарау – мемлекет болашағына немкетті қараумен бірдей. Тілдің рухани қазына болуымен бірге, оның үлкен саяси-әлеуметтік маңызға ие екендігін бүгінде біз жақсы ұғынуымыз қажет.

Жерінің аумағы жағынан әлемнің тоғызыншы мекеніне айналған Қазақстанның жерін даңқты бабаларымыз, айбынды аталарымыз білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатымен, даналығымен, өзінің қазақтық табиғатын ұстанумен, өзінің халықтық рухани қалпының үйлесімімен сақтап келген. Дінін ұстанған, өз тілінде сөйлеген, дәстүрін ардақтаған. Бесік жырын ана тілінде айтқан, ұл-қызына ұлттық тәрбие берген. Егер бүгін дүниенің әр бұрышында болып жатқан табиғи апаттардан аман болайық десек, онда ата-бабадан дәстүр болып жеткен сол ұлттық үйлесімімізге оралуымыз керек. Осы ұлы аманатқа оралсақ, көріпкел даналарымыз айтқандай, қазақтың елі мен жері бақытқа да, байлыққа да кенеледі.

Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет өзінің саяси бағытын, экономикалық-әлеуметтік жүйесін қалыптастырумен бірге, мемлекеттілігін сақтау әрі жетілдіру үшін, мемлекеттің ішкі рухани ахуалын дұрыстау үшін кешегі отаршылдықтың зардаптарынан арылуы қажет. Мұны отарсыздану саясаты дейді. Бұл жөнінде батыстың белгілі саясаттанушыларының бірі Э.Томсон: «Отаршылдыққа түскен ел отарлық қамыттан құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздануы керек. Отаршылдардың өздері елден кетсе де, олардың көлеңкесі қалады. Отаршылдық – азаттық алған елдің барлық саласында төбе көрсетіп отырады. Саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен «ұлттық сана» көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – ең алдымен тілінде көрінеді» депті. Бұл терең пікір бүгінгі қазақ ұлтының басындағы халді айнытпай дәл танытады. Осы оқымыстының сөзі бүгінгі тілдік ахуалымыздың проблемасын аңғартып тұр. Өйткені балаларымызды мемлекеттік тілдегі мектепке бермеуіміздің түпкі себебі кейбір отбасыларында кешегі психология қалдығының сақталуында.

Қандай да болмасын жас мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейін кешегі отарлық зардаптарынан тезірек арылуға күш салады, соның амалдарын ойластырады. Ұмытыла бастаған тарихын түгендейді, дәстүрін оралтады, мәдениетін жаңғыртады. Бұл мемлекеттік, жалпыхалықтық ұлық іске сол елдің барша азаматтары аянбай атсалысуы қажет, әсіресе, мемлекетке атау берген ұлт өкілдері бұл шарада алдарына жан салмауы керек. Өзге мемлекеттің тілін әспеттеп отырған, өзін қойып, ұрпағын соған беріп отырған, сіздер қалай атсалыспақсыздар?! Болашақты ойлау үшін ақыл, еңбекпен бірге намыс керек. Кәдімгі табиғи ұлттық, азаматтық намыс. Намыс ерік пен жігерден шығады. Қазақ болуға сіздің еркіңіз бен жігеріңіз жете ме, осы туралы жақсылап ойланыңыз. Себебі бүгінгі қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында, қазақтың ата-анасының қолында. Өйткені Елбасымыз айтқандай: «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз».

Қазақ қоғамының заманға сай бейімделуі дегенде біз тек қана саяси болмаса экономикалық өзгерістерді ғана емес, ұлттың рухани келбетінің игі істерге, жөн мінезге бейімделуін де қоса айтамыз. Өйткені жеке тұлға, ұжым, тұтас халық сол саяси болсын, экономикалық болсын, мәдени-рухани болсын істерді жүзеге асырады. Адам қолымен жасалатын өзгерістердің оң болуы үшін сол адамдардың өзін тәрбиелеу, санасын ояту қажет. Тәрбиенің басы жас ұрпақтан бастау алады. «Баланы жастан…» дейді дана халқымыз. Сондықтан бүгінгі ата-ана, ұстаз ең алдымен ұланына ұлтының бойындағы асыл қасиеттерді дарытуы тиіс. Алла тағала қазақ болып жаратқан соң кімде-кім ең алдымен қазақ болуға міндетті. Қазақстанда тұрып өзге ұлттың тәрбиесін алып, сол ұлттың үздік азаматы бола алмайсың. Өзін жарылқамағанды өзгелер жарылқайды дегенге сену – ақылы күмәнді аңқаудың дәмесі. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Яғни біз ұлтына қызмет ететін мінез дарытуымыз қажет. Тұрлаулы мінезге тұрақты білім қонбақ. Дүниенің білімін игеріп, ұлтынан алыстаған адам қаншама?! Сондықтан құрметті ұстаздар, бала тәрбиесінде  осыны үнемі есте ұстаған абзал. Сіздердің қолдарыңызда балаға ұлтынын танытудың кілті тұр. Сол кілтпен әрбір қазақ шәкіртінің көкейіндегі адами ұлттық сандықты ашсаңыздар, бала көкейіне ұлт қазынасын құюға болады. Ұлтымыздың ұстазы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы» — деген болатын. Ұлт жұмысына осылай тізе қосып, ортақ қам қалушы бізбіз, ұстаздармыз. Өйткені біз өзіміз ұлт жұмысына шаруа атқарумен бірге халық мүддесіне қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы мұғалімдері өзге пән мұғалімдерінен ұлт шаруасында  артығырақ ойлануы, еселеп жұмыс істеуі керек. Жас ұрпақ бойына азаттық идеяларын сіңіре отырып, бұл азаттықтың ғасырларға ұласқан тарихы мен тағылымы бар екендігін сіңіру қажет.

Бабадан жеткен ұлы арман, атадан қалған ақ тілек – азаттық еді. Алла қолдап аялап ұстар азат күнге де жеттік. Ашық аспан, бейбіт күнде алып аймаққа көк туын желбіреткен қазақ баласы жаратқанға тәуба айтып, ұлт қамын ойлауы керек, ел тірлігін істеуі керек. Ұлт қамы да, ел тірлігі де ең алдымен ұрпақ тәрбиесінде. Ұлт зиялыларының өмірі мен өнегесі – баршамызға аманат. Аманатты айналып өтуге болмайды. Аманатқа адал болу – адамдық белгісі.

Алла тағала адамды жаратқанда оны бір ұлттың адамы етіп жаратады. Яғни, сіздің де, сізден туған баланың да қазақ болуы Жаратқан иеміздің жарлығы. Бәріміз пендеміз, тағдырымыз құдіреті күшті, мейірімі шексіз Алла тағаланың қолында. Сондықтан, сіз әуелгі жаратылысыңыздан айнып, қанша тырбансаңыз да қазақ боп қаласыз. Ал қазақ болу деген сөз – ең алдымен сол қазаққа тән дініңізді, діліңізді, тіліңізді сақтау деген сөз. Бұл Алла алдындағы да, ұлт алдындағы да міндетіңіз һәм бұлжымай орындалуға тиісті парызыңыз.

  Оразкүл Асанғазы

Қоғам қайраткері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.