Алматы қаласы Наурызбай ауданы
№176 мектеп-гимназия
директордың тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
Джамантаева Эльмира Азаматовна
Жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар мен олардың балаларына үлкен қуаныш пен үміт сыйлайтын маңызды бастама. «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатқан бұл шараның басты мақсаты – аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсетіп, олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Осы игі бастама аясында Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №176 мектеп-гимназиясы ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Тамыз айының басынан бастау алған акция барысында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, көмекке мұқтаж отбасылар мен балаларды анықтау мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылды.
Жаппай қолдаудың нәтижесінде мектеп оқушыларына мемлекеттік мекемелер мен демеушілер тарапынан жан-жақты көмек көрсетілді. Наурызбай ауданы әкімдігінің қолдауымен 9 оқушыға (5 қыз бала және 4 ұл бала) арнайы сертификаттар мен мектеп формалары табысталды. Сонымен қатар, «Халық банк» өкілдері де игі істен тыс қалмай, 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге оқуға қажетті барлық құрал-жабдықтары салынған мектеп сөмкелерін сыйға тартты.


Мектеп әкімшілігі мен ұжымы да бұл шараға белсене қатысты. Білім ордасының өз есебінен 14 оқушыға толық жабдықталған мектеп сөмкелері мен сабаққа қажетті құралдар берілсе, аз қамтылған 7-сынып оқушысына мектеп киімі табыс етілді.
Бала – біздің болашағымыз. Олардың алаңсыз білім алып, жарқын келешекке сеніммен қадам басуына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Әрбір баланың жүзіндегі қуаныш пен көзіндегі үміт оты – жүргізіліп жатқан игі жұмыстардың ең үлкен нәтижесі. Мейірімділік пен жанашырлыққа негізделген бұл қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.












