Home » Мақалалар » Бабалардың аманаты – бұл мекен

Бабалардың аманаты – бұл мекен

       Өмірдің барлық махаббатын бойына жинаған әйел атаулысының күнделікті тіршілігі бөлек бір әлем. Ас әзірлеу, қонақ күту, бала тәрбиесі, туған-туыс, бәрінің де жауапкершілігі – әйел-анада. Осы ауыр да ардақты іспен ілесе жүріп, қос қазына – ұстаздық пен ақындықты меңгерген Сафура Сәлімбайқызының мектеп жүрегіндегі орны бөлек. Түн баласында жыр жазып, күндіз күні бойы шәкірттерімен бірге.

Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне

жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. «Өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» ұстаздық жолын таңдаған ұлағатты ұстаз бүгінде қаламыздағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда қызмет атқарады. Шәкірттеріне білім нәрін төгумен қатар, шығармашыл, ізденімпаз, тіл мен діннің, ел мен жердің қадірін білетін, қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтаратын қайсар рухты ұрпақ тәрбиелеуде еңбегі зор. Өзінің бір сұхбатында: «Бала күнімнен қолыма қалам алсам болды, әлденені шимайлап, мақала жазып, өлең шығарып, ойымды қағаз бетіне түсіріп жүретінмін. Одан бөлек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұстазым Фатима Алдабергенованың сабақ беру тәсілі, жалпы ана тілін бойымызға сіңірудегі ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Өйткені менімен қатарлас бітірген сыныптастарымның бәрі ана тілінде мүдірмей сөйлейді. Жай ғана отырғанның өзінде 7-8 бет шығарманы төгілтіп жазып беретін балалар мектеп бітіріп шықты. Ешқашан бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін» — дейді ұстаз.

Өз ісіне адал махаббатпен жол тартқан жандар туралы түрлі пікірлер бар. Өмір дегеннің өзі – қиялдағы елес емес, күнделікті тіршілік қой. Қым-қиғаш, ірілі-ұсақты оқиғаларға толы тіршілікте нәзік жанын аялап, өмірдің аяулы сәттері туралы толғанатын ұстаз шығармашылығынан күні кеше ғана «Бабалардың аманаты – бұл мекен» тақырыбында мектебімізде байқау өтті. Мәңгілік өнерді пір  тұтып, қолына қалам ұстап жүрген әрі ақын, әрі ұстаз Сафура Сәлімбайқызының ғұмыр жолы теңіз түбіндегі жауһар тастардай шәкірттеріне бағдаршам болуда. «Жоба жасаудың шебері» атанған ұстаздың 3 те 1 немесе қатар қамту жобасымен қамтылған байқауда оқушылар да, ұстаздар да сахнада сән түзеді. Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – халқының жақын жанашыры болу. Оқушылар аспаптардың сүйемелдеуімен мәнерлеп өлең оқып, әріптестері ұстаз-ақынның сөзіне жазылған өлеңдерден ән шырқап, көрермен қошеметіне ие болды. Қатысушылардың презентация, киім кию стилі, декорация, қойылымы, бәрі де ескерілді. Мектептегі 7 бірлестіктің алтауы қатысқан байқау өте тартымды, мағыналы өтті. Жетінші эстетикалық пәндер әдістемелік бірлестігінің мүшелері әділ қазылық жасады. Қатар қамту жобасы не деп ойлайсыз? Ол – өлең оқыған оқушыны музыкалық аспаппен сүйемелдеу арқылы ырғақпен, сазды тыңдай, мәнерлеп өлең оқу. Домбыра, жетіген, сазсырнай, қобыз, скрипка, фортепиано, гитарамен сүйемелденген мәнерлеп оқу ерекшелігімен көрермендерін тәнті етті. 6 бірлестік, 41 оқушы бақ сынаған додаға, бір қызығы, демеушілердің тарапынан алғыс хат, диплом, ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Өздерінің демеушілік жасағандарын жария етпеуді өтінген ұстаздардың есімдері жасырын қала бермек… Сондай-ақ, қаламыздағы «Раян» оқу орталығы қолдау көрсетті. Кешке Сафура Сәлімбайқызының анасы және «Әжелер» ансамблі мен мектеп бітіріп кеткен шәкірттері қонаққа келді. Жыр шумақтарын тарту еткен оқушылар арасында бас жүлдені Бағдатқызы Мадина (20000 тг), І орынды Ерболатов Азамат пен Кистаубаева Амина (15000 тг), ІІ орынды Бердалы Нұрилә, Сүйіндік Қазына, Салибеков Азамат, Көшербек Мейіржан (10000 тг),  ІІІ орынды Нүсіпбек Тоғжан, Бармакбаев Рамазан,  Кистаубаева Сымбат, Ахан Азамат (5000 тг), «Үздік орындаушы» номинациясын Абдыхалық Айсері (10000 тг) иеленді. Ал бірлестіктер арасында бас жүлдені филология пәндер бірлестігі (60000 тг), І орынды қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігі (45000 тг), ІІ орынды бастауыш сынып пәндер бірлестігі, математика-информатика пәндер бірлестігі (35000 тг), ІІІ орынды ғылыми-жаратылыстану пәндер бірлестігі мен АӘД және дене шынықтыру пәндер бірлестігі (25000 тг) ие болды. Мектеп ұстаздарына жақында ғана жарық көрген ұстаз-ақынның «Жалғанның қонақтары» жыр жинағы тарту етілді.

Бойында Әлия мен Мәншүктің өр рухы, қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас жігері ұялаған, өмірін өлеңмен өрнектеген ақын-ұстаздың өмір жолын сахна төрінде шынайы әрі тартымды көрсете білген ұстаздар мен оқушылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ақын жанының таза да пәк, жүрегінің нәзік иірімдері өлеңдерінде айқын көрінеді. Дәуірмен тыныстас, тіршілігімен ұғымдас өлеңдерінен адами қасиеттердің барлық тараптары аңғарылады. Өзгеше ұғымды, өзгеше ұтымды, өзгеше серпінді де, өзгеше иірімді, өзгеше мұңды. Өзгелерге ұқсамайтын ерек ұстаз, даңғыл жолыңыз дараланып, шығармашылығыңыз шыңдала берсін.

Ұстаз-ақынның, ақын-ұстаздың шығармашылығына тоқталып: Халқымызда «өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген бар. Сіздің бойыңыздағы қасиет әкеңіздің ұлағатымен, анаңыздың ақ сүтімен дарыған. Сізді мақтамаймыз, сізбен мақтанамыз, — деп сөз алған Сәния Өскенбайқызы Сафура Сәлімбайқызының иығына ұжым атынан шапан жапты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген шәкірттеріңіздің үшеуі қазір өзімізбен иық тіресе әріптес болып жүр. Олар, осы қазір өзіңізге арнау арнаған Бексұлтан Нұрланұлы болса, қоғамдық- гуманитарлық пәндер бірлестігінен шығып, өнер көрсеткен өнерлі де білімді шәкірт-әріптестеріміз Балнұр Ғалымқызы мен Бибісара Тәшкенбайқызы. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» екендігін бойларына сіңірген шәкірт-әріптестеріңіздің де шығар шыңдары биік болсын.

«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дегендей, әріптестері ұлттық құнары мен бояуы көркем, поэтикалық иірім-сазы ерекше кешке көтеріңкі көңіл-күймен келіп, құрметке лайық ұстаздың шығармашылығына шын қуанып, тілеулестіктерін білдірді. Ұстаздың өмірі мен өнегесі, өткірлігі мен батылдығы жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Қамбарова Бекзат Ғабитқызы
№140 гимназия тәлімгері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.