Экологиялық тәрбие – болашақтың негізі

Қазіргі қоғамда табиғатты қорғау – тек міндет емес, бұл – адамзаттың болашағына деген жауапкершілік. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, жас ұрпақтың бойына экологиялық мәдениет қалыптастыру – уақыт күттірмейтін маңызды мәселе. Осы бағытта игі бастама көтерген Алматы қаласы Әуезов ауданы №136 бөбекжай-балабақшасында «Экологиялық тәрбие – болашақтың негізі» атты мазмұнды әрі тағылымы терең семинар өтті.

Семинар шымылдығы балабақша меңгерушісі Кунаева Кызжибек Биляловнаның жүрекжарды алғыс сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде табиғатты аялау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтіп, экологиялық тәрбиенің бала санасында ерте қалыптасуының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Күн тәртібіндегі маңызды бөлімдердің бірі – әдістемелік бағыттағы баяндама болды. Әдіскер Толеуханова Айнұр Толеуханқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, экологиялық тәрбиенің бала дамуына әсерін тереңінен талдап берді. Ол заманауи педагогикалық тәсілдерді ұтымды қолдану арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру жолдарын нақты мысалдармен көрсетті.
Семинар барысында ерекше әсер қалдырған бөлімдердің бірі – мектепалды «Алтынай» тобының «Егін егу – еңбек бастауы» атты іс-шарасы болды. Топ тәрбиешісі Мүтәлиева Лейла Рахматуллақызының жетекшілігімен бүлдіршіндер еңбекке баулудың мәнін іс жүзінде көрсетіп, табиғатпен етене байланыс орнатудың маңызын айқын жеткізді. Балалардың әр әрекетінен табиғатқа деген құрмет пен қызығушылық анық байқалды.
Ал мектепалды «Ақбота» тобының тәрбиешісі Имамзарова Гульфира Садикжановнаның ұйымдастыруымен ұсынылған «Мы – друзья природы» атты көрініс балалардың табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілігін әсерлі түрде жеткізді. Сонымен қатар, тәрбиеленушілер көпшілікке жақсы таныс «Әрқашан күн сөнбесін» әнін жаңаша сипатта ұсынып, оның сөздерін экологиялық мазмұнға бейімдеп орындады. Балалардың табиғатты қорғауға үндеген бұл шығармашылығы көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Осы бөлім аясында экология тақырыбында қонақтармен сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Балалардың белсенділігі мен тапқырлығы көпшілікті сүйсіндіріп, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің ерте жастан қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.
Шығармашылық бөлім де ерекше мазмұнға ие болды. Қалдық заттардан құралған «Оркестр» көрінісі мен балалардың өнері музыка жетекшісі Турганбаева Айнур Даулеткелдиевнаның кәсіби шеберлігінің нәтижесінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарапайым қалдықтардың әсем әуенге айналуы – экология мен өнердің тамаша үйлесімін көрсетті.
Сонымен қатар, қонақтармен бірлесе отырып, қалдық материалдардан қолөнер жасау жұмыстары да үлкен қызығушылық тудырды. Бұл бөлімді ұйымдастырған Оразбаева Гульбану Кудабаевна мен Айткулова Майра Агыбаевна қатысушыларға «қалдық – қоқыс емес, мүмкіндік» екенін тәжірибе арқылы дәлелдей білді. Әрбір жасалған бұйым – шығармашылық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі болды.
Семинардың келесі кезеңінде тәрбиеші Аманбай Гульзина Рақымбердіқызы өткізген тренинг қатысушылардың белсенділігін арттырып, еркін пікір алмасуға жол ашты. Бұл бөлімде әріптестер өз ойларымен бөлісіп, жаңа идеялармен шабыттанды.
Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы «Қамажай» биі мен «Гүлдер» биі семинарға ерекше сән беріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер мен тәрбиенің үйлесімі іс-шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Іс-шара соңында қорытынды жасалып, барлық қатысушыларға шынайы алғыс білдірілді. Бұл семинар – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, табиғатты қорғауға бағытталған ортақ мақсаттың жарқын көрінісі болды.
№136 бөбекжай-балабақшасының ұжымы бұл іс-шара арқылы кәсіби біліктілігі мен шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұжымның ауызбіршілігі, әр педагогтың өз ісіне деген жауапкершілігі мен балаларға деген шынайы сүйіспеншілігі – семинардың табысты өтуінің басты кепілі болды.
Осындай тағылымы мол, мазмұны терең бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақтың табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне берік негіз қалайды деген сенім мол.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *