Алматы қаласы, Медеу ауданы
№220 жалпы білім беретін мектебі
мектеп директоры
Аширбекова Манат Сагинбековна

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы – қоғамды біріктіретін ең игі шаралардың бірі. Әр жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында өтетін бұл науқан әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап қана қоймай, ұлттық бірлік пен бауырмалдықтың жарқын көрінісіне айналып келеді.
Науқанның басты бағыты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындалуға материалдық және моральдық қолдау көрсету. Сонымен қатар, бұл шара әлеуметтік жағдайға байланысты балалардың мектепке бармай қалуының алдын алуға бағытталған. Әрбір баланың бақытты балалық шағы мен сапалы білім алуы – болашаққа құйылған ең үлкен инвестиция.
Атап айтқанда, қоғамдық маңызы зор шараға бастауыш сынып оқушысының ата-анасы, ИП «ЗЕЙНЕП» жеке кәсіп иегері Мадина Сұлтан демеушілік жасап, 85 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құрал-жабдықтарын табыстады.
Сонымен қатар, мектебіміздің ұлағатты ұстаздары да акцияға белсене атсалысып, оқушыларға заманауи мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құрал-жабдықтарын сыйға тартты.
Осындай игі іске қолдау көрсетіп, оқушыларға қуаныш сыйлаған демеушілер мен ұстаздарға алғысымызды білдіреміз! Қайырымдылық пен жанашырлыққа негізделген бұл бастама жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауға үлкен мүмкіндік берді.
Бұл игі іске үлкен жауапкершілікпен атсалысқан ата-анамыз Альмухамедова Дина Қошқарқызына да ерекше алғыс білдіреміз. Ол көрсеткен қаржылай қолдаудың арқасында 7 оқушымыз толықтай жаңа мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Бұл көмек балалар үшін оқу жылының басталуын нағыз мерекеге айналдырды. Мұндай жанашырлық пен қамқорлық өскелең ұрпақтың жүрегіне мейірімділік, адамгершілік және жақсылық жасау ұғымын терең сіңіреді.
«Жақсылық жан жадыратады» демекші, балалардың жүзіне күлкі үйіріп, білім алуына жол ашқан ізгі ниетті жандарға шексіз алғысымызды білдіреміз!
Мектебіміздің игі істеріне ұйытқы болып, қолдау көрсетіп жүрген бастауыш сынып ата-аналарына, ұстаздар қауымына және әрбір демеушіге үлкен алғыс айтамыз. Сіздердің көрсеткен көмектеріңіз бен жомарт жүректеріңіздің арқасында қаншама бала қуанышқа бөленіп, оқу жылын сенімділікпен бастап отыр. Елімізде осындай жаны жомарт, мейірімді азаматтар көп болсын! Балаларымыздың болашағы жарқын, білімі терең болсын!













