Жақсылық жасау – адамзатқа ортақ ең асыл қасиеттердің бірі. Біреуге қолдау көрсету, мұқтаж жанға көмек беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту – жүректегі мейірімнің көрінісі. Осындай ізгі құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларының тәрбиелік мәні ерекше.

Қалыптасқан дәстүрден айнымай биыл да жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №211 мектеп-гимназиясында Түрксіб ауданы білім бөлімінің басшысы Ж.К. Жылқышинаның және ауданға қарасты 32 мектеп басшыларының ұйымдастыруымен «Мейірімді мектеп» жобасы аясында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Бұл акция – тек көмек көрсету шарасы ғана емес, қоғамдағы өзара қамқорлық пен жанашырлықты арттыратын тағылымы мол іс-шара. Қайырымдылықтың қадірін бала кезден түсінген ұрпақ ертең елге пайдасын тигізер азамат болып қалыптасары анық. Өйткені мейірім мен адамгершілік сөзбен емес, нақты іспен көрінеді.
Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, олардың жаңа оқу жылына қажетті жағдай жасау.

Іс-шара барысында аталған отбасылардың тәрбиесіндегі оқушыларға мектеп формасы және оқу жылына қажетті кеңсе тауарлары табысталды.
Осы орайда көп балалы ана Абдуахатова Тахмина осындай қайырымдылық шараларының әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, балаларға жаңа оқу жылын алаңсыз бастауға мүмкіндік жасап отырған жандарға ризашылығын жеткізді. «Жаңа оқу жылы қарсаңында көрсетілген мұндай қолдау отбасымызға қуаныш сыйлап, балаларымыздың көңіліне сенім ұялатты. Осындай игі істі ұйымдастырып, балаларымызға қолдау көрсеткен аудандық білім бөліміне, мектеп басшыларына және барша демеушілерге шын жүрегімнен алғыс айтамын. Жақсылық жасаған әрбір жанның еңбегі еселеніп қайтсын. Оқушылардың білім алып, болашақта елге пайдалы азамат болып өсуіне көрсетілген бұл қамқорлықтың орны ерекше. Балалардың қатарынан қалмай, жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі – әр отбасы үшін маңызды», – деді Тахмина Абдуахатова.
№ 211 мектеп-гимназиясының директоры Касымова Айжан Тойбековна да қайырымдылық акциясының жыл сайын жалғасын тауып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Мейірімді мектеп» жобасы ауданның білім ордаларында 2023 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауға қажетті жағдай жасауға басымдық беріледі.

«Біздің басты мақсатымыз – әр баланың мектепке алаңсыз келіп, сапалы білім алуына мүмкіндік жасау. Бала өзін ортадан тыс сезінбеуі, қажетті мектеп формасы мен оқу құралдарының болуы – біз үшін маңызды. Сондықтан осындай игі бастамаларды жыл сайын қолдап, жалғастыруға тырысамыз. Биыл акция аясында 150 оқушы қажетті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, мектеп ата-аналарының бірі демеушілік танытып, 45 балаға мектеп формасын сыйлады. Бұл – ата-аналар қауымының да әлеуметтік жауапкершілігі жоғары екенін көрсетеді. Осындай жанашыр азаматтардың қолдауы біз үшін өте құнды», – деді мектеп директоры.
Акция барысында оқушылар да белсенділік танытып, ізгі бастамаға өз үлестерін қосты. Әсіресе, жас өнерпаздардың өнер көрсетуі шараның мазмұнын ажарландырып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Солардың қатарында 4-сынып оқушысы Жанат Азамат та бар. Жас өрен сахна төріне шығып, «Сайгүлік» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Балғын дауыстан төгілген әсем әуен қайырымдылық кешінің жүрекке жылы әсерін одан әрі арттыра түсті. Осындай шараларға оқушылардың қатысуы олардың бойында жауапкершілік, жанашырлық, достық пен мейірімділік секілді адами қасиеттердің қалыптасуына жол ашады.
Қайырымдылық – бір күндік іс емес. Ол – күнделікті өмір салтына айналуы тиіс адамгершілік ұстаным. Біреуге жылы сөз айту, қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу, жалғыздың жанынан табылу – үлкен жүректің белгісі. Ал жыл сайын ұйымдастырылатын осындай акциялар осы қарапайым, бірақ аса маңызды құндылықтарды қоғам санасында жаңғыртып, ізгілікке үндейді.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан олардың жүрегіне мейірім ұялатып, жақсылық жасауға баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Іс-шараға атсалысқан жас өрендердің белсенділігі де осы тәрбиенің жемісі. Бір ән, бір жүрекжарды өнер, бір игі іс – айналасына жылу сыйлайтын үлкен жақсылықтың бастауы болуы мүмкін.
Адамға қуаныш сыйлау үшін міндетті түрде үлкен мүмкіндік қажет емес. Кейде шынайы ниет пен кішкентай ғана қамқорлықтың өзі біреудің көңіліне медет болады. Ендеше, жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан қайырымдылық акциясы секілді игі бастамалар көбейіп, мейірім мен жанашырлық қоғамның берік құндылығына айнала бергей. Өйткені қайырымдылық бар жерде – қамқорлық, қамқорлық бар жерде – адамдық бар.
Жұлдыз Смаилова
журналист
Алматы













