Алматы қаласы, Алатау ауданы, КМҚК №76 бөбекжай-балабақшасында “Сөйлеу дағдыларын театрландырылған ойындар арқылы дамытуға бағытталған жаттығулар” тақырыбында қалалық семинар жоғары деңгейде өтті.

Семинардың басты мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу дағдыларын театрландырылған ойындар, шығармашылық тапсырмалар және бірлескен іс-әрекеттер арқылы дамыту, олардың тіл байлығын, ойлау қабілетін, эмоцияны жеткізу шеберлігін арттыру, сондай-ақ педагогтер мен ата-аналар арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту болды.
Семинар басталмас бұрын “Ойын арқылы сөйлеуге қадам” атты көрме ұйымдастырылып, қонақтарға балабақшаның әр кабинеті таныстырылып, ондағы балалардың шығармашылық жұмыстары мен оқу-тәрбие үдерісіндегі жетістіктері көрсетілді. Көрме келушілерге ерекше әсер сыйлап, балабақша ұжымының жүйелі еңбегін айқын көрсетті.

Кейін балабақша меңгерушісі Байбосынова Лаззат Исатаевна семинарды өзінің жылы лебізі мен алғы сөзі арқылы ашып, келген қонақтарға шынайы ықыласын білдірді. Ол өз сөзінде балалардың жан-жақты дамуына бағытталған мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып өтті.
Семинар барысында балабақша әдіскері Тлемисова Молдир Мухтаровна экран арқылы слайдтар көрсетіп, ата-аналар мен тәрбиеленушілердің бірлескен жұмыстарын таныстырды. Ол мұндай жұмыстардың бала тілін дамытудағы, шығармашылық қабілетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ата-аналармен бірлесе отырып жасалған “Сүзгі”, “Тәрелке”, “Алжапқыш” театрлары көрсетіліп, олардың дайындалу барысы мен қолданылу ерекшеліктері таныстырылды.

Іс-шараның келесі бөлігінде театрлық сахналық қойылым ұсынылды. Қазақ халқының танымал ертегісі “Ұр тоқпақ” желісі бойынша қойылған бұл көрініс көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Қойылымға “Жасөркен”, “Ақмаржан” топтарының тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері Музапарова Сахидям, Нұрлыбек Шолпан Дәуренқызы, Қалибек Жансая Қалибекқызы сондай-ақ музыка жетекшісі Әбдіразақ Гулпария бірлесіп атсалысты. Қойылым барысында ата мен әженің ұр тоқпағын ұрылар ұрлап әкетіп, кейін оның жақсылық әкелмейтінін түсініп, өз қателіктерін мойындап, қайтадан иелеріне қайтарып береді. Осы арқылы балаларға адал еңбекпен ғана жетістікке жетуге болатыны көркем түрде түсіндірілді.

Кейін келген қонақтарға арналған “Қиялдағы ертегі” атты шеберлік сыныбы өткізілді. Шеберлік сыныбын логопед Зінәділ Гулсая Сулетбеққызы мен психолог Алмабекова Гулмира Сембековна жүргізді. Қонақтар екі топқа бөлініп, бірінші топ экрандағы ұяшықтарды таңдау арқылы жасырылған эмоцияларға байланысты сөздерді сол эмоцияға сай мәнерлеп оқыды. Ал екінші топ логопедтің жетекшілігімен айна арқылы әртүрлі артикуляциялық жаттығулар орындап, кейін нейрогимнастикалық тапсырмалар жасады.

Семинардың екінші шеберлік сыныбында “Қиялдағы ертегі” тақырыбы бойынша қатысушыларға берілген заттардан ертегі кейіпкерлерін құрастырып, оны қорғау тапсырмасы ұсынылды. Бұл бөлім қатысушылардың шығармашылық ойлауын, қиялын және сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталды.
Осылайша, іс-шара өз мәресіне жетіп, соңында пікір алмасу кезеңі өтті. Қатысушылардың барлығы бұл семинардан өз қоржындарына мол тәжірибе мен пайдалы ақпарат алғандарын бір ауыздан жеткізді.
Осындай мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Байбосынова Лаззат Исатаевнаға, балабақша әдіскері Тлемисова Молдир Мухтаровнаға, сондай-ақ барлық тәрбиешілерКабдрасина Айгуль Толбаевна , Елахунова Жадыра Динсламқызы,Кеншинбекова Улбосин Асанқызы,Сулейменова Халида
Демесинова, Сандуғаш Муратовна мен барша балабақша ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Балалардың дамуына бағытталған шығармашылық еңбектеріңіз жемісті болып, толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспіз!
Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы












