Жаңалықтар легі

Арнайы шақырылған спикер: ЕҰУ-де «Білім айнасы» тәжірибесі таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылым онкүндігі аясында өткен маңызды кездесулердің бірі — медиа саласының тәжірибелі мамандарымен ұйымдастырылған ғылыми семинар болды. Аталған шараға арнайы шақырылған қонақтардың бірі — Қазақстанның Бас редакторлар клубының мүшесі, республикалық «Білім айнасы» газетінің бас редакторы Қуантай Амантайұлы болды.

Кездесу Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің Журналистика және медиаөнер кафедрасының ұйымдастыруымен өтті. Семинар барысында Қуантай Амантайұлы студенттермен еркін форматта пікір алмасып, бүгінгі медиа кеңістіктегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Спикер өз сөзінде «Білім айнасы» ақпараттық платформасының жұмыс ерекшеліктеріне ерекше тоқталды. Ол сайттың тек жаңалық жариялайтын құрал ғана емес, сонымен қатар білім саласындағы маңызды ақпараттарды жүйелеп, қоғамға сапалы контент ұсынатын кәсіби медиа алаң екенін атап өтті. Сондай-ақ сайт жүргізудегі редакциялық саясат, материал іріктеу, тақырып қою және аудиториямен байланыс орнату тәсілдері туралы нақты тәжірибелік мысалдар келтірілді.

Қуантай Амантайұлы журналистикадағы менеджмент пен маркетингтің рөліне де тоқталып, сайттың дамуы тек контентпен шектелмейтінін, оның артында жүйелі жұмыс, дұрыс стратегия және кәсіби команда тұруы қажет екенін атап өтті. Ол өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып, сапалы материалдың бағалануы, автор еңбегінің құндылығы және редакция ішіндегі жұмыс тәртібі туралы маңызды ойларымен бөлісті.Семинар барысында студенттерді ерекше қызықтырған мәселенің бірі — журналист еңбегінің бағалануы болды. «Сапалы мақала үшін төлеуге дайын редакциялар бар, бірақ сапалы журналист аз» деген тұжырым қатысушыларды ойландырмай қоймады.

Сонымен қатар кездесуде QR News сайтының бас редакторы Сапарғали Қанатта сөз алып, интернет-журналистикадағы заманауи үрдістер, сайтты дамыту жолдары және аудиториямен тиімді жұмыс істеу тәсілдері туралы кеңінен баяндады. Ол өз тәжірибесін нақты мысалдар арқылы көрсетіп, цифрлық платформалардың қазіргі медиадағы маңызын атап өтті.
Бұл кездесу студенттер үшін тек теориялық білімді толықтыру емес, нақты медиа саласының ішкі құрылымын түсінуге мүмкіндік берген кәсіби алаңға айналды. Тәжірибелі мамандармен тікелей байланыс орнату — болашақ журналистер үшін аса маңызды қадам.
Ғылым онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл семинар университет пен медиа саласы арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің кәсіби дамуына серпін беретін маңызды бастама болды. Ал «Журналистика және медиаөнер» кафедрасының осындай мазмұнды шаралары алдағы уақытта да жалғасын табарына  сеніміміз мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *