
Шотаев Мақсат Есенбекұлы
Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының
бас хатшысы
Филология ғылымдарының кандидаты
Аннотация
Мақалада қазақ лирикалық поэзиясындағы ана тақырыбының көркемдік мазмұны мен мағынасы Асқар Дүйсенбінің «Ана» атты өлеңі негізінде талданады. Ақынның поэтикалық тілі, композициялық құрылымы, стильдік ерекшеліктері мен философиялық-экзистенциалдық астары сарапталып, ұлттық дүниетаныммен байланысы көрсетіледі.
Түйін сөздер: ана бейнесі, лирика, поэтика, көркемдік құрылым, экзистенциализм, ұлттық рух.
Кіріспе. Қазақ әдебиетіндегі ана тақырыбы ғасырлар бойы ұлттық руханияттың діңгегі саналып келеді. Фольклорлық үлгілерден бастап қазіргі поэзияға дейін бұл тақырып өзінің терең мазмұнымен, рухани-психологиялық салмағымен ерекшеленеді. ХХІ ғасыр ақындары бұл ұлы бейнені заманауи таным тұрғысынан қайта жырлауға ұмтылып отыр. Асқар Дүйсенбі – сол бағытта өзіндік лирикалық мәнерімен көзге түскен ақындардың бірі. Оның «Ана» өлеңі — терең эмоцияға, мазмұндық пласттарға және көркемдік әдіс-тәсілдерге бай туынды.
Негізгі бөлім.
1. Ана бейнесінің концептуалдық мәні.
Асқар Дүйсенбі өлеңінде ана – тек жеке тұлға ғана емес, ол — адамгершілік, үміт, шынайы махаббат, тіпті ұлттық рух символы. Бұл образ лирикалық кейіпкердің жеке тәжірибесі арқылы жалпы адамзаттық деңгейге көтеріледі. Мұндағы ана – өмірдің бастауы мен соңы, өткені мен болашағы, жарық дүниенің сыйлаушысы:
«Ана, сен құдіретсің,
Сыйлаған жарық дүние…»
Ақын «құдірет» ұғымы арқылы ананың тылсым, жаратушы сипаттарын ашады. Бұл дәстүр – ежелгі түркілік дүниетанымнан бастау алатын «Ұмай ана» культінің заманауи көрінісі.
2. Көркемдік-бейнелеу жүйесі.
Әдебиет теориясында өлең талдауға қойылатын талаптар мен өзіндік шарттар бар. Жалпы сөздің бейнелілік сипаты, философиялық астары, синтаксистік құрылымы секілді ережелерге сүйенеміз. Ақын тілдік жағынан қарапайым, бірақ мағыналық тұрғыдан терең, эмоционалдық экспрессияға толы құралдарды қолданады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін олардың кейбірін тілге тиек етейік:
Эпитеттер: «байыпты әулет», «сыйлы едің алапқа да» – ананың қоғамдағы және отбасы ішіндегі биік мәртебесін танытады.
Метафора: «құдірет», «жырым – дұға» – ананы рухани жаратушы ретінде қабылдау, ал поэзияны дұға дәрежесіне көтеру.
Синтаксистік құрылым: тыныс белгілерімен бөлінген интонациялық үзілімдер – поэтикалық толғанысты нақтылап, ішкі эмоцияны күшейтеді.
Бұл құралдар өлеңнің лирикалық мазмұнын жандандырып, анаға деген сағынышты әрі құрметті тереңдетіп береді.
3. Философиялық және тарихи астар.
Өлеңде өмір мен өлім, тағдыр мен ерлік, тұрмыс пен руханият қатар өріледі. Анасының ұлт балаларын ағарту жолындағы ұстаздық еткен кезі, жұмыстан тыс уақытта үй шаруасы, қала берді сиыр сауған бейнесі – кеңестік дәуірдегі көркем портреттік образды жинақтап қазақ әйелінің әлеуметтік бейнесін береді.
«Сауатын сиырға да» жолы ананың ауыл өмірінде еңбек пен білімді қатар алып жүргенін көрсетеді. Сонымен қатар, «Анадан екеу боп кеп, Өмірден ерте кеттің» деген жолдар – өмірдің өткіншілігі мен тағдырдың мұңды шындығын паш етеді. Ақын тек анаға ғана емес, жалпы мұң мен сағыныш философиясына терең бойлайды.
4. Өлеңнің деректілік сипаты.
Өлеңде ана образын айшықтаған өмір көрінісі көз алдыңызға еркісіз келеді. Соңғы жолда нақты уақыт көрсетіледі:
«Оқылған жырым – дұға,
4-ші мамыр күні…» Өлеңдегі нақтылы мезет ақынның анасының уақидан бақиға аттанған күні. Бұл деректілік – өлеңді шынайы өмірмен, нақты мезетпен байланыстыра отырып, оны естелік, аңсау және рухани аманат деңгейіне көтереді. Мұндай тәсіл оқырманмен тікелей байланыс орнатады. Яғни, шығармашылық иесі мен оқырман арасындағы жақындықты, сырлы сұқбатты етене жалғай түседі.
Қорытынды. Асқар Дүйсенбінің «Ана» өлеңі – анаға деген терең махаббат пен тағзымның көркем өрнегі. Бұл туындыда ана бейнесі – халықтық ұғымдармен ұштасқан биік рухани символ. Ақын өз жырын тек эстетикалық туынды ғана емес, рухани миссиясы бар дұға, естелік, ұлт жадындағы аналарға арналған мәңгілік тағзым ретінде ұсынады. Сондықтан да өлең қазіргі қазақ лирикасының көркемдік ізденістері мен адамгершілік бағдарларын айқын бейнелейді. Ақын шығармашылығын тұтас, түрлі шығармалары арқылы да кеңірек мысалдармен беруге болады. Дегенмен, оның ақындық қуатын, бай сөздік қорын, ой орамының тереңдігін және шын мәніндегі сөз зергері ретіндегі тұлғалық болмысын айқындау үшін біз талдауды бір ғана өлеңі арқылы жүргізуді жөн көрдік. Бұл сенім зерттеуші ретінде тек мені ғана емес, ойы терең, талғамы биік талай оқырманды да иландырады деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиетте
1. Қазақ әдебиетінің тарихы. 8-том. Алматы: Ғылым, 2004.
2. Зайыров, М. Поэзиядағы ана тақырыбының көркемдік ерекшелігі // «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №2, 2019.
3. Жұмалиев, Қ. Әдебиет теориясы. Алматы: Мектеп, 1969.
4. Шыңғысова, Ә. Қазақ әйелінің әдебиеттегі бейнесі. – Алматы: Ана тілі, 1996
5. Дүйсенбі, А. «Ана» өлеңі. (2025, 4 мамыр) – авторлық мәтін.













Керемет. Асекең теңіз ба деп жүр едім мұхит екен. Айтып жеткізу деген Мақсат бауырымыз өте жақсы мазмұнды етіп жазыпты. Алла алдыңызға қойған арманыңызға жеткізіп, халқымыздың еліне, жеріне, дініне, тіліне, ата-анасымен ұрпағына із қалдыратын Асекеңдей нар тұлғамен мақтануға жазсын. Қаламыңыз ұштала берсін. Ғұмырлы болыңыз!