Табиғат пен шығармашылық тоғысқан күн

Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты №131 бөбекжай-балабақшасында ерекше форматта өткен бұл күн – ата-аналар мен балалардың жүрегінде ұзақ сақталары анық. «EcoКод: Табиғи материалдармен шығармашылық шеберлік» атты бұл семинар өзінің мазмұны мен мақсаты арқылы бір күндік шарадан гөрі, үлкен тәрбиелік мәні бар мерекеге айналды. Семинар Әнұранымды орындаумен басталды.

Семинардың басты мақсаты – табиғи материалдарды (қамыс, ши және тағы басқа) қолдана отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, эстетикалық талғамды дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және балалардың ұқыптылық дағдыларын арттыру. Ең бастысы – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты нығайту болды.

Ата-аналар мен бүлдіршіндер шеберлік сабағына белсене қатысты. Кәдімгі табиғат сыйлаған қарапайым материалдар – қамыс, ши, құрғақ жапырақ, жаңғақ қабығы – әр отбасының қолында өзгеше бір өнер туындысына айналды. Бірі кішкентай себет өрсе, енді бірі әдемі панно жасады, тағы біреулері ойыншыққа ұқсайтын шағын мүсіндер жасап шығарды. Бұл – тек қол еңбегі ғана емес, баланың қиялы мен ересектің тәжірибесінің тоғысы болды.
Семинар барысында балалар табиғатқа жанашыр болудың маңызын, қоршаған ортаны қорғау қажеттігін ұғынды. Педагогтар әрбір материалдың қайдан алынатынын, оны ысырап етпей пайдаланудың жолдарын түсіндіріп, балаларды үнемшілдікке, табиғатты аялауға үйретті.
— «Табиғи материалдармен жұмыс істеу – балаларға тек қолөнерді ғана емес, шыдамдылықты, ұқыптылықты, жауапкершілікті де үйретеді. Сонымен қатар ата-ана мен баланың бірге өткізген әр минуты олардың қарым-қатынасын нығайтады», – дейді балабақша меңгерушісі Амангелді Ботакөз.
Бұл игі бастаманың табысты өтуіне балабақша ұжымының музыка жетекшісі Сайдуллаева Эльмира Батурхановна және қазақ тілі маманы, мектепалды “Балапан” тобының тәрбиешісі Сусымбаева Алия Болатқызы,кіші “Гүлдер”тобының тәрбиешісі Нурметова Мадина Авдувахитовна,
мектепалды “Күншуақ” тобының тәрбиешісі Миргалеева Зарема Равилевна, ересек “Бәйтерек” тобының тәрбиешісі Дуйсенбаева Жанар Ибрагимовна, ортаңғы “Жұлдыз” тобының тәрбиешісі Дүйсенбекқызы Жазираның еңбегі зор. Тәрбиешілер тек ұйымдастырушы ғана емес, әр отбасының жанындағы шабыт беруші, бағыт көрсетуші болып отырды. Шара бойы жылы атмосфера орнап, әрбір қатысушы өз еңбегінің қадірін сезінді.

Ата-аналар да өз әсерлерімен бөлісіп, мұндай шаралардың тәрбиелік маңызына тоқталды. Олардың айтуынша, бірлескен шығармашылық тек баланың дамуына ғана емес, ата-ананың да көңіл-күйіне оң әсер етіп, отбасы мүшелерін одан әрі жақындатады.
Семинар соңында қатысушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын бір-біріне таныстырып, көрме ұйымдастырды. Балалардың көзіндегі қуаныш пен мақтаныш сезімі – бүкіл еңбектің нәтижесі іспетті еді.
Бұл күн – табиғат пен өнердің, ата-ана мен баланың, тәрбиеші мен тәрбиеленушінің бір мақсатта тоғысқан сәті болды. №131 бөбекжай-балабақшасының ұжымы ұйымдастырған «EcoКод» шарасы – ұмытылмас естелік қана емес, жас ұрпақтың бойына сіңірілген үлкен өмірлік сабақ.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *