Home » Жаңалықтар » Қыран қазақ – Нұркен Әбдіров

Қыран қазақ – Нұркен Әбдіров

Тауына қасиет тұнған, даласына сұлулық қонған Қарқаралы өңірі талай қас батырды өмірге әкелген киелі мекен. Бұл жақтағы халық та отаршылдыққа мойымаған, өр тұлғалы, ер мінезді, сертке берік, шешен келеді. Солардың қанынан жаратылып, Жарлы өзенінің бойында Қарқаралы тауларының Шаңкөз шыңына қарап құмартып өскен Қазақтың қайсар қыранына айналып өмірі қиылған Нұркен Әбдіров алты Алашқа аңыз аты қалған, тәні қан майданның қызыл қырғынында қалған, айбоз ұл еді.  Биыл Батыр 100 жасқа толды. Осы айтулы мерейтойды ұлықтау мақсатында өзі туып — өскен Нұркен ауылында дүбірлі думан өтті. Алты Алашқа сауын айтылған той 2019 жылдың 19 шілде күні Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты митингпен басталды. Батыр жерлесіміздің кескінді мүсіні мен жауға шапқан қанатты тұлпар ұшағы бейнеленген ескерткіш алаңына еліміздің әр түкпірінен қалың ел жиналды. Дүбірлі жиынның шымылдығын аудан әкімі Халел Мақсұтов ашып, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров, Қазақтың тұңғыш ғарышкері Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексенбаев, батырдың інісі Әукен Әбдіров мен бөлесі Сағадат Дүйсебеков, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қарулы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары Евгений Подгайский, Нұркен Әбдіров ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Көпжасар бастаған құрметті қонақтар салтанатты шарада ер есімінің ел тарихында алтын әріптерімен жазылғанын айтып өтіп, батырдың жауынгерлік айбынын, ержүректік пен батылдықтың үлгісін көрсетендігін ұмытпау мақсатында ел ағалары өскелен ұрпаққа ұлықтау екендігін атап өтті.

Алдыменен батырдың ескерткішінің алдына алаулаған гүл шоқтарын қойып, бастарын иіп тағзым еткен қалың топ, жау жүрек баһадүрді еске алып, оның ерлігінің ешқашан ұмытылмайтындығын айтты.                        Шара барысында Қаһарман батыр Нұркен Әбдіровтың рухына құрмет көрсеткен Қарағанды авиаполкінің жеке құрамы сап түзеп, шеру өткізді және осы әскери бөлімнің пилоттары үш ұшақпен әуе кеңістігінде шеберліктің хас үлгісін көрсетіп, неше түрлі бейнелер жасап, жиналған жұртқа таңдай қақтыра батырдың соңғы ұрысынан көрініс ұсынды.

Қарақұрым халық жиылып, ауылдан он шақырым жердегі қырықтан астам ақшаңқан киіз үйлер тігілген ауылға беттеді. Ауылдың аймағы әуелеген әнмен, күмбірлеген күйге толды, сахнада батыр жайында театрландырылған қойылым жасалды. Ұлттық спортты ұлықтаған шарада балуан жігіттер қызыл кілемде қабыландай белдесті, жамбы атылды, қой менен гір тасын көтеруден сайыс жасап, аламан мен топ бәйгеде кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтады.

Жау жағадан алғанда фашистік залымдармен Қазақтың қайсар жігіттері жерде де, көкте де қайсарлықпен айқасты. Жанкештілік атағы күллі Кеңес Одағының шартарабына жайылған батыр Нұркен Әбдіров бар болғаны жиырма үш жыл ғұмырында ерлік пен Отан сүйгіштіктің символына айналды. Осындай баһадүрлерімізді ұлықтауға атсалысқан атпал азаматтар мен қалың қауым бір-біріне ризашылығын білдіріп, дүбірлі тойдан рух алып қайтты.

Арқа кіндігі — Қарқаралы топырағында, Шаңкөз етегінде туған қазақ қыраны даралығынан, өз алдына дербес және қайталанбас ерлік жасады! Иә, ерлікпен қаза болған Нұркеннің батырлығы, шүйілген қырандай тұлғасы, жүрегі қазақпын деп соғатын әр қазаққа рух беріп тұрғандай. Ал мен сол қан майданда от кешіп, Отаны үшін жанқиярлыққа барған баһадүрдің ержүректілігі мен төзімділігін, қайсарлығын, ерліктің өшпес үлгісін көрсеткенін мақтан етемін. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де, ұлтын сүйгендiгiнен шығар. Оның
тұлғасы маған қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейді. Қазақ қыранының Отанға деген сүйiспеншiлiгiнен, халқыңа деген махаббатынан, ұлттық биiк рухынан қуат аламын.

Қарқаралы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы
Гүлбаршын Жұмаханова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.