Home » Жаңалықтар » АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ШОРТАНДЫ АУДАНЫ 80 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ  

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ШОРТАНДЫ АУДАНЫ 80 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ  

Ақмола облысының Шортанды ауданы 80 жылдық мерейтойын атап өтті. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған іс-шара екі күнге созылып, алыс-жақында жүрген барша шортандылықтардың басын қосты, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мерекелік бағдарламада мәдени шаралармен қатар көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, спорттық ойындар, аудандық «Қайнар» балалар мен жастар клубында жасөспірімдер мен қыздар арасында жүзуден жарыс, спорттық алаңның ашылуы, Қырғызстаннан келген спортшылардың қатысуымен волейбол өтті.
Сондай-ақ, күш сынасу номері бойынша 4 мәрте әлем рекордшысы Сергей Цырульников келген қонақтар үшін өз өнер паш етті. «Жайна, жарқыра — Шортанды» атты аудан тарихы жайлы кітаптың тұсауы кесіліп, жергілікті және шетелдік қолөнершілердің туындылары мен суретшілердің көрмесі де ұйымдастырылған.

Аталған кітапта ауданның тыныс-тіршілігі, еңбек еткен азаматтары және әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы ақпарат берілген.
Мерейтойдың салтанатты ашылуында аудан әкімі Гүлнұр Сәуақасова «Шортанды ауданының 80 жылдығы» төсбелгісімен құрметті азаматтарын марапаттады.

Жалпы, Шортанды ауданы 1939 жылы құрылған. Ауданның жалпы халқы – 30 000-нан асады. Аймақта бейбітшілік пен келісімде 50-ден астам этникалық топ өкілдері ғұмыр кешуде.

Мерекелік шараның екінші күні Шортанды кентінің ипподромында ұлттық ат спорт түрлерінен өткен жарыстарды ерекше атап өткен жөн. Киіз үйлер құрылып, тұрғындар көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, желдірме аттар жарысын тамашалады. Аттың құлағында ойнайтын ТОО «Тұлпар Астана»-ның азаматтары жігіттік өнердің сан түрін көрсетті.

Елорда маңында орналасқан Шортанды ауданы бүгінде қарқынды даму үстінде. Аудан тұрғындарының облыстық және республикалық ареналарда мәдени, спорттық жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Сондай-ақ, аймақтың инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылданып, туристттердің деңгейі артып келеді.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.