Home » Мақалалар » «Этноспорт ойындары» эксперимент алаңының қорытындысы болды

«Этноспорт ойындары» эксперимент алаңының қорытындысы болды

                     2022 жылдың 25 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№24 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мемекесінде «Этноспорт ойындары» эксперимент алаңының қорытынды есебі бойынша республикалық тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Семинарға Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы инновация бөлімінің басшысы Шайжанов Муханбет Калиевич, Нұр-Сұлтан  қаласы әкімдігінің «Өркен» жасөспірімдер және дене тәрбиесі орталығының директоры Тяженов Нұрлан Ескендірұлы, Республикалық «Асық ату» федерациясының Вице-президенті Сабыржанов Жомарт Сабыржанович, Дүние жүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының хатшысы – Шотаев Мақсат Есенбекұлы және республикадан, қала мектептерінен дене тәрбиесі пәнінің оқытушылары қатысты.

Семинар мақсаты: Этноспорт ойындарының әдіс–тәсілдерін жаңаша, тиімді түрде жүргізу бойынша өзара әріптестік іс-тәжірибе алмасу, ұлттық ойындарымызды насихаттау, эксперимент алаңының жұмыс қорытындысымен таныстыру.

Семинарда мектеп директоры С.С. Калиев, Н.Е. Тяженов, Ж.С. Сабыржанов сөз сөйлеп, мектеп әкімшілігіне және эксперимент алаңының жетекшісі Е.С. Рахметовке өз алғыстарын білдірді.

Семинар барысында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А. Тиынтай «Этноспорт ойындары» эксперимент алаңының 3 жылдық жұмыс қорытындысымен таныстырып, оқушылардың қол жеткізген нәтижесін атап өтті. ЭА жұмысын сапалы жүргізу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Білім беруді жаңғырту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен, НұрСұлтан қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығымен, Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы «Шұғыла» комьюнити орталығымен, №7 жасөспірімдер мен балаларға арналған спорт мектебімен, Дүние жүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығымен, Республикалық «Асық ату» федерациясымен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«ETNOSPORT ОЙЫНДАРЫ»  эксперимент алаңынының жұмысы 3 оқу жылына жоспарланған.

  • 2019-2020 оқу жылы І кезең (7-сынып), оқушыларда теориялық түсінік қалыптастыру;
  • 2020-2021 оқу жылы ІІ кезең (8-сынып),
    алған білімдерін өмірде қолдана білуіне талдау жасау, сараптама жүргізу;
  • 2021-2022 оқу жылы ІІІ кезең (9-сынып) –
    қорытынды. Жұмыстың қорытындысын қала, республика көлемінде насихаттау, тәжірибе алмасу (семинар, конференция, шебер-сынып, коучинг т.б.).

Эксперимент алаңына барлығы – 1 сынып-комлект, 25 оқушы қамтылған (14 ұл, 11 қыз).

Бағдарлама бөлімдері келесі тақырыптарды қамтыған: Қазақ күресі, үстел ойындары, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, тартыс ойын түрлері, бес асық (қақпалық).

ЭА жетекшісі — Рахметов Ескендір Серікұлы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Педагог-зерттеуші. Нұр-Сұлтан қаласы «Асық ату» федерациясының Президенті, аға жаттықтырушы, жоғары санатты бапкер. Ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі.  Қалалық «Etnosport ойындары» бағдарламасының авторы, эксперимент алаңының жетекшісі. Оқушылары халықаралық спорттық жарыстардың жүлдегерлері. ЭА жұмысы сапалы сапалы ұйымдастырылуы үшін мектеп директоры, мектеп әкімшілігі, мектеп психологтары өз үлестерін қосып, сынып оқушылары мен ЭА жетекшісіне жан-жақты қолдау көрсеткен.

ЭА жұмысының нәтижесінде алған  білімдерін нақты өмірде қолдана отырып, спорт және әскери қызмет саласындағы мамандықтардың талаптарын еркін игерген тұлға қалыптасуға мүмкіндік жасаған. Этноспорт ойындары арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін әлемге  танытуға мүмкіндік алған. Оқушылары республикалық, халықаралық деңгейдегі турнирлерге қатысып, нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ ЭА жұмысы бойынша 1 республикалық, 2 қалалық семинар, 1 қалалық вебинар, 3 мектепаралық семинар өткізілген. Өткізілген іс-шаралардың нәтижелері газет-журнал беттерінде («Ұлы дала ұстазы» журналы, №10. қазан, 2020 ж., «Білім» газеті,  №11-12. 2020 ж., «Елордалық білім» газеті, №5. 29.12.2020 ж.), әлеуметтік желілерде жарық көрген.

Эксперимент алаңының 3 жылдық жұмыс нәтижесінде оқушылар біршама жетістіктерге ие болған. Олар: Халықаралық – 5, Республикалық – 22, қалалық – 52, аудандық – 19. Сонымен қатар жүргізілген диагностикалық сауалнама нәтижесінде 16 оқушы спорт және әскери мамандықты таңдауға бағыт-бағдар алғандығын көрсеткен.

Жалпы, «Этноспорт ойындары» эксперимент алаңының есебі бойынша республикалық тәжірибе алмасу семинарының қорытындысында  қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, мектеп әкімшілігі мен ЭА жетекшісі Е.С. Рахметовке алғыстарын білдірді. Семинардан теориялық және практикалық мәліметтер алып, біліктіліктерін арттырғанын атап өтті.

Семинар соңында Нұр-Сұлтан  қаласы әкімдігінің «Өркен» жасөспірімдер және дене тәрбиесі орталығының директоры Тяженов Нұрлан Ескендірұлы, Республикалық «Асық ату» федерациясының Вице-президенті Сабыржанов Жомарт Сабыржанович, Дүние жүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының хатшысы – Шотаев Мақсат Есенбекұлы оқушыларға Алғыс хаттарын табыстады.

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасына
қарасты №24 орта мектеп директорының
ғылыми орынбасары Айгүл Тиынтайқызы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.