Home » Мақалалар » Инклюзивті білім беруде мектеп әкімшілігінің рөлі

Инклюзивті білім беруде мектеп әкімшілігінің рөлі

  Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА 
 Инклюзивті білім беру
орталығының директоры
Светлана ИСМАГУЛОВА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деп атап өткен болатын.

Сонымен қатар инклюзивті білім беру мәселелеріне 2020-2025 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көп көңіл бөлінгені белгілі, яғни, таяудағы 5 жылға арналған маңызды міндеттердің бірі «оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету» болып айқындалған. Еліміздің мемлекеттік саясатына сәйкес инклюзивті білім беру тәжірибесі барлық білім алушылардың білім беру қажеттіліктеріне сәйкес келетін бейімделген білім беру ортасын құруға бағытталған.

Қазіргі уақытта педагогтерде жаңартылған білім мазмұнына байланысты өздерінің кәсіби ізденістерін балалардың жеке білім алу қажеттіліктерін іске асыруға бағыттау қажеттілігі туындайды. Инклюзивті білім берудің мәні психофизикалық, тілдік, әлеуметтік, мәдени және т.б. қиындықтары бар балалардың әртүрлі қажеттіліктерін қамтиды.

Әлбетте, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру процесіне қосу мәселелері мектептегі жұмысты толыққанды қайта жоспарлауды қажет етеді. Мұндайда мектепте инклюзивті мәдениет пен практиканы дамыту үшін нақты қалыптасқан әкімшілік және педагогикалық өзін-өзі басқару жүйелерінің маңызы зор.

Соңғы уақытта білім беру ұйымдары білім беру процестеріне білім алушылардың, ата-аналар мен педагогтердің толыққанды түрде енуін қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұған ықпал ететін негізгі қағидат – көшбасшылық. Егер әкімшілік нұсқауларда бекітілмесе, жасалатын істер қаншалықты игі болғанына қарамастан, сәтті болмайды.

Мектеп деңгейіндегі бұл өзгерістерге айтарлықтай әсер ететін тұлға – директор. Жаңа формация жетекшісі жаңаша жұмыс істеуі тиіс. Атап айтар болсақ: кәсіби шеберлік пен тәжірибенің тиімді үздіксіз дамуымен жұмыс істеуі, жүйелі іс-әрекеттерді мұқият жоспарлай білуі керек.

Себебі мектеп басшысының инклюзивті білім беру процесіне, оның мәдениетіне қатысты ұстанымы өзгерген жағдайда тұтастай ұжымның да көзқарасы өзгереді.

Қазіргі уақытта елімізде инклюзивті білім беру тәжірибесі қарқынды дамып келеді. Білім беру кеңістігі жағдайында ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларды табысты бейімдеу мақсатында жалпы білім беретін мектептің штатында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары жұмыс істейді. Әрине, мұның барлығы мұғалімдер мен мамандардың өзара тығыз қарым-қатынасын, білімін, тәжірибесін талап етеді.

Бірақ қазіргі заманғы мектептерге өз қызметкерлерінің күш-жігерін біріктіруге, басқарудың мәдени-этикалық құралдарын кеңінен пайдалануға бағдарланған басқарушылық ойлауға ие көшбасшылар қажет.

Көшбасшылық ұғымын әлдеқайда кең ауқымда қарастыру керек. Мектеп директорлары өз атынан бұйрық беруге емес, әріптестерінің ұсыныстарын тыңдауға,  олардың ынта-жігерлерін қолдауға ұмтылуы тиіс.

Американдық ғалымдардың пайымдауынша, көптеген мектептер  ерекше білім берілуіне қажеттілігі (ЕБҚ) бар  білім алушылардың үлгерімінің төмендігі үшін жауапкершілікке тартылмайды.

Басты назар оқу процесінің тиімділігіне қарағанда олардың тек сабақта отырғанына көбірек аударылған. Бірақ АҚШ-та бұл өзгерді, өйткені ЕБҚ бар білім алушылардың көпшілігі мемлекеттік есеп беру жүйесіне енгізілді және оларға жалпы білім беретін оқу бағдарламасына қолжетімділік берілді, ал мектептер білім беру мазмұнының негізгі салаларында жыл сайынғы прогресті қамтамасыз ету үшін жауап беруге міндеттелді.

Британдық зерттеушілердің пікірінше, инклюзивті тәжірибелерді дамыту мектеп қызметкерлерінің санасына байланысты және бұл бірінші кезекте директорға қатысты. Зерттеушілер көшбасшылық ЕБҚ бар білім алушылардың жалпы білім беру процесіне қосылудың маңызды факторы деген қорытындыға келді.

2020 жылы Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА Инклюзивті білім беруді дамыту орталығымен жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім берудің қазіргі жағдайын мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен мұғалімдері тұрғысынан анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді.

Сауалнамаларды талдау нәтижелері бойынша келесі тұжырымдар жасауға болады:

— біріншіден, қалалық және ауылдық мектеп педагогтерінің инклюзивті білім берудің ағымдағы жағдайы туралы түсініктерінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ;

— екіншіден, ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін қолайлы білім беру ортасын құру кезінде педагогтер қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық құралдармен, жабдықтармен және технологиялармен қамтамасыз ету басымдығымен мектептердің материалдық-техникалық және оқу-материалдық базасын нығайту және дамыту қажеттілігіне аса көңіл бөледі;

— үшіншіден, педагогтер инклюзивті білім беру мәселелерінде кәсіби құзыреттіліктің жоғары маңыздылығын, оның ішінде арнайы педагогика негіздерін білуді және ЕБҚ бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамыту процесіне қатысатын барлық тұлғалардың қажетті іскерлік және жеке қасиеттерінің болу қажеттігін, мұның проблемаларды шешуші оң факторлардың бірі болып табылатынын түсінеді.

Сонымен қатар мектеп педагогтерінің айтарлықтай бөлігі қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының білім беру саласында іске асырылатын инклюзивті білім беруді енгізу мен дамытудың негізгі тәсілдерін түсіндіруді қажет ететіндігін атап өту қажет, бұл инклюзивті білім беру мәселелері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жеткіліксіз ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ көптеген мектептердің материалдық-техникалық базаларының ЕБҚ бар білім алушыларды оқыту үшін қажетті жағдайлар жасау үшін сәйкес келмеуі байқалады.

Осылайша қазіргі заман тенденциялары, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат білім беру жүйесіне балаларды оқыту мен тәрбиелеуде инклюзивті тәсілдерді дамыту және жетілдіру мәселелерін қоюда. Бүгінгі күні инклюзия бұқаралық сипатқа ие болып жатыр, бұл дегеніміз кез келген мектеп заңнама нормаларына сәйкес ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға және қабылдауға міндетті. Инклюзивті қағидаттарға сәйкес мектептерді дамытуға байланысты көптеген мәселелер шешуді қажет етеді. Бұл бірінші кезекте мектеп әкімшілігіне зор міндеттер жүктейді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.