Алматы қаласы, Әуезов ауданы КМҚК №100 «Гауһар» бөбекжай-балабақшасында мектепке дейінгі ұйымның психологтарына арналған аудандық семинар өтті. «Педагог-психологтің қызметінде жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбын арқау еткен бұл жиын — қазіргі білім беру жүйесіндегі цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, заманауи тәсілдерді тәжірибеге енгізу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Әуезов ауданы білім бөлімінің басшысы Саттарова Г.Р., Әуезов ауданы білім бөлімінің әдіскері Ноғайсарина Г.Ж. және Әуезов аудандық «Білім кеңесі» әдістемелік қызметінің мүшесі Нурбекова Г.Р., Әуезов ауданының ардагер ұстазы Бельгибаева Г.А., Әуезов ауданы, КМҚК №27 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Дәуренбек Ә.Қ., Әуезов ауданы, КМҚК №57 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Абдикадырова А.С., Медеу ауданы, КМҚК №112 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жуматаева Ж. К. болды.
Семинар КМҚК «№100 «Гаухар» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Нурасилова Айман Айтмуханбетовнаның алғы сөзімен ашылды. Өз сөзінде меңгеруші жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне енуі — уақыт талабы екенін айтып, балабақша ұжымының бұл бағыттағы ізденістері мен жетістіктеріне тоқталды, балабақша ұжымының заманауи цифрлық ресурстарды білім беру үдерісіне енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатқанын айтып, педагогтердің кәсіби ізденісі мен шығармашылық белсенділігіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруда инновациялық технологиялардың маңызы зор екенін жеткізіп, осындай тәжірибе алмасу алаңдарының педагогтердің кәсіби дамуына үлкен серпін беретінін ерекше атап өтті.

Теориялық бөлімде балабақшаның әдіскері Әлібек Салтанат Серікқызы «Педагог-психологтің қызметінде жасанды интеллектіні қолданудың маңыздылығы» туралы баяндама жасап, ЖИ құралдарының баланың жеке дамуын зерделеудегі, психологиялық қолдау көрсетудегі мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірді.
Оның айтуынша, жасанды интеллект педагогтің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, әр баланың қабілетін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Тәжірибелік бөлім барысында тәрбиеші Рахмитуллаева Гульвира Усенжановна мектепке дейінгі балаларды дамытуда жасанды интеллект элементтері енгізілген ойын технологияларының тиімділігін көрсетті. Ол ұйымдастырған интерактивті ойындар балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ойлау, есте сақтау және зейін қабілеттерін дамытуға оң әсер ететінін тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Қатысушылар балалармен жұмыс барысында қолданылатын цифрлық ойындардың жаңа үлгілерімен танысып, өз тәжірибелеріне қажетті көптеген тың идеялар алды
Ал Ражанова Айман Төлеутаевна ұсынған «Eco Play-Inclusive Way: Қақпақпен ойнап, қабілетке жол ашамыз» тақырыбындағы жұмысы экологиялық бағыттағы ойындар арқылы балалардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Қарапайым тұрмыстық материалдарды пайдалана отырып, баланың ой-өрісін кеңейтуге болатыны көрсетілді.
Сондай-ақ, Жумагулова Индира Болатхановна «Star Box» әдісі негізінде балалардың танымдық қабілеттерін дамыту жолдарын ұсынып, әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеретін тиімді тәсілдермен бөлісті. Бұл әдіс балалардың қызығушылығын арттырып, олардың белсенділігін күшейтуге ықпал ететіні байқалды.
Тәрбиешілер: Ражанова А.Т. мен Жумагулова И.Б жасанды интеллект тақырыбы аясында балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға арналған заманауи әрі қызықты ойын түрлерімен таныстырды. Іс-шара барысында балалардың ойлау қабілетін, есте сақтауын, зейінін, жылдам шешім қабылдауын және шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі тапсырмалар мен логикалық ойындар ұсынылды.
Тәрбиешілер жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылған ойындардың ерекшеліктерін түсіндіріп, олардың бала дамуына тигізетін пайдасына тоқталды. Сонымен қатар, қатысушылармен бірге ойындарды тәжірибе жүзінде ойнап көрсетіп, әр тапсырманың орындалу жолдарын түсіндірді.

Педагог-логопед Байболатова Асель Мырзагалиевна өз баяндамасында цифрлық ойындар мен жасанды интеллект элементтерін логопедиялық түзету-дамыту жұмыстарына енгізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, заманауи технологиялар балалардың сөйлеу тілін дамытуда, дыбыстарды дұрыс айтуға үйретуде және танымдық белсенділігін арттыруда тиімді нәтиже береді. Ол қатысушыларға тәжірибеде қолданылатын бірнеше цифрлық платформалар мен интерактивті жаттығуларды таныстырды.
Музыка жетекшісі Сенгирбаева Айнұр Оразовна «Жасанды интеллект арқылы ритм және әуен: балалардың эмоционалдық және танымдық дамуын жетілдіру» тақырыбында тәжірибелік жұмыс ұсынып, «Сырлы саз» додасы арқылы қатысушыларды шығармашылық ортаға тартты. Музыкалық ойындар мен ритмдік жаттығулар барысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларының балалардың эмоциялық көңіл күйіне, есте сақтау қабілетіне және шығармашылық дамуына оң әсер ететінін тәжірибе жүзінде байқады.
Семинарға мектепке дейінгі ұйымдардың психолог мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісті.Іс-шара соңында семинарға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұйымдастырылған жұмыстарға жоғары бағаларын берді. Қатысушылар ұсынылған тәжірибелердің мазмұндылығы мен практикалық маңызына тоқталып, мұндай кәсіби кездесулердің педагогтердің шығармашылық ізденісін арттыруға, жаңа технологияларды меңгеруге және кәсіби шеберлігін жетілдіруге зор ықпал ететінін атап өтті.
Жалпы, аудандық семинар педагог-психологтердің кәсіби дамуына тың серпін берген маңызды алаң болды. Семинар барысында жасанды интеллектіні мектепке дейінгі білім беру жүйесіне тиімді енгізудің нақты жолдары көрсетіліп, цифрлық технологияларды ұтымды қолданудың маңыздылығы жан-жақты талқыланды. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы инновациялық технологияларды тиімді пайдалану — болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына негіз болатын маңызды фактор екені сөзсіз.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
Білім Айнасы












