Жаңалықтар легі

Балабақшада қазақ тілін оқыту неге өзекті?

«Бала тілі — бал, бірақ сол балды қазақша сөйлету кімнің мойнында?»
Бұл сұрақ бүгінде тек педагогтер қауымын ғана емес, жалпы қоғамды ойландыруда. Тілді балабақшадан бастап үйрету керек пе? Әрине, керек! Бірақ қалай?
Қандай бағдарлама, қандай әдістеме арқылы?

10 қазан күні Алматы қаласы, Алатау ауданының әдіскерлері бас қосқан алқалы жиында осы сауалдар кеңінен талқыланды. Залда отырған әдіскерлердің бәрі — тіл тағдырына бейжай қарамайтын, балабақшадағы білім сапасын арттыруды көздеген жандар. Көпшілік өз ойларын ортаға салып, мектепке дейінгі жастағы балаларға қазақ тілін үйретудің қазіргі жағдайын сөз етті. Бірі: «Тілді үйрету ойыннан басталуы керек», енді бірі: «Маман даярлау мен құрал жетіспейді» десе, тағы бірі: «Тілді балаға қызықтыра үйретпесек, нәтиже шықпайды» деген пікір айтты. Бір сөзбен айтқанда, бәрінің көкейіндегі мәселе — қазақ тілін оқытудың жүйелі әдістемесі мен ортақ құралының жоқтығы.
Осындай мазмұнды пікір алмасудан кейін жиын тізгінін педагогика ғылымдарының магистрі Қуантай Амантайұлы алды. Ол көпшілікке 5 жасар балаларға арналған жаңа «Қазақ тілі: 5 жас» әдістемелік кешенін таныстырды.

Бұл кешен — тіл үйретудің жаңаша үлгісі.Тәрбиешіге арналған жеке әдістеме және балаға арналған жұмыс дәптерінен тұратын бұл еңбек қазақ тілін жүйелі, қызықты әрі нәтижелі үйретуге бағытталған. Әр тапсырма баланың жас ерекшелігіне сай, сабақ құрылымы жеңіл әрі көрнекілікке бай.
Қуантай мырза өз сөзінде:
«Тіл үйретудің ең басты шарты – баланы қызықтыра білу. Қызығушылық тудырған жерде нәтиже де болады», — дейді.
Семинар барысында аудан әдіскерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Көпшілігі қазақ тілін ойын, сурет, қимыл және ән арқылы үйретудің тиімділігін айтты. Алайда, барлығының сөзі түйіскен бір нүкте бар: нақты оқу құралы мен ортақ бағдарлама жетіспейді. Сол сәтте Қуантай Амантайұлының «Қазақ тілі: 5 жас» жұмыс дәптері көпшіліктің көңілінен шықты.Бұл құралдың мазмұны — баланың тілдік қорын байытып қана қоймай, тілді сүюге, еркін сөйлеуге баулиды.
Семинар соңында №148 бөбекжай-балабақшасының әдіскері сөз алып, өз ұйымында бұл жұмыс дәптерін қолданысқа енгізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, жұмыс дәптерінің баланың жас ерекшелігіне сай, мазмұны бай және қызықты тапсырмалармен толықтырылған.

Алайда, бір маңызды мәселе назардан тыс қалмады.Жұмыс дәптерінің ақылы түрде ұсынылуы – тәрбиешілер мен әдіскерлер үшін үлкен кедергі. Көптеген балабақшалардың бюджетінде мұндай құралдарды сатып алуға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан семинарға қатысушылар бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін атап өтті. Десе де, қуаныштысы — ниет пен ықылас бар. Бәрі де тіл тағдырының жауапкершілігін сезінеді. Балабақшада қазақ тілін оқыту — жай ғана пән емес, рухани тәрбие мен ұлттық болмыстың бастауы.
Қазақ тілі — елдің жаны, рухтың өзегі.Мектепке дейінгі кезеңде тілдің негізін дұрыс қалыптастыру — ұлттың болашағына салынған берік іргетас.Қуантай Амантайұлы секілді мамандардың еңбегі — осы жолдағы нақты қадам, ал оны қолдау — баршамыздың парызымыз.
Бүгінгі жиын соның айғағы болды:Алатау ауданының әдіскерлері балабақшадағы тіл үйретудің өзекті тұстарын талқылап қана қоймай, жаңа серпінге жол ашты.
Қазақтың ұлы ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай:
«Тіл — халықтың рухани тірегі,Тіл — өткен мен келешекті жалғайтын көпір».
Сол көпірдің берік болуы — балабақшадағы әр баланың «Сәлеметсіз бе?» деп қазақша күлімдеп сөйлеуінен басталады емес пе?!

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *