
2025 жылғы 1 қыркүйек – еліміздің білім саласы үшін тарихи күндердің бірі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» жобасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде 217 жаңа білім ордасы өз есігін айқара ашты. Бұл – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арналған маңызды қадам.
Осы ауқымды жобаның бір жемісі – Алматы қаласы, Алатау ауданындағы И.Қ. Мандаки атындағы №154 мектеп. Заманауи білім беру талаптарына толық жауап беретін жаңа буын мектебінде 2000 оқушы екі ауысымда білім алады. Биыл 300 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Жаңартылған білім ордасының ашылу салтанатына елге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен ардагер ұстаздар, мектеп түлектері қатысты. Атап айтқанда:
- Алатау ауданы әкімінің орынбасары – Сәбитов Бектас Ерланұлы;
- Дүниежүзілік мұнай кеңесінің вице-президенті, “KAZENERGY” қауымдастығы төрағасының орынбасары – Сәрсенов Жанболат Жақияұлы;
- “Қазақстан балалар үйі түлектері ассоциациясының” президенті – Гасанов Рафаэль Руфикович;
- Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы – Хасенов Махамбет Қабдулқайырұлы;
- “BCN Group” ЖШС бірінші вице-министрі – Жансеитов Талғат Тулебекович;
- «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өңірлік басшысы – Қожатай Берік Қуандықұлы;
- Мектебіміздің ардагер ұстазы – Сансызбаева Тұлымхан Сансызбайқызы;
- Мектеп түлегі, білікті дәрігер – Солтанай Жәнібек.
Аталған салтанатты жиында мектептің жаңаша келбеті таныстырылып, ресми түрде лентасы кесілді. Қонақтар мектеп ішін аралап, жаңа технологиямен жабдықталған сыныптарды, зертханаларды, спорт және өнер залдарын көріп, оң бағаларын берді.

«Жаңа оқу жылы – үміт пен мүмкіндіктерге толы ерекше сәт. Ал жаңарған мектеп қабырғасында алғаш естілген қоңырау – бұл тек сабақтың басталуы ғана емес, сонымен қатар жаңа белестерге бастар жолдың нышаны. Біз балаларға заманауи әрі жайлы орта дайындауға бар күшімізді салдық», – деді мектеп директоры Қаламқас Қалиқызы.
Жаңарған мектептің ішкі құрылымы да заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жаңа үлгідегі кең әрі жарық кабинеттер, интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген оқу бөлмелері, ғылымға қызығушылықты арттыратын физика, химия, биология зертханалары, IT-сыныптар мен робототехника кабинеттері оқушыларға сапалы білім алуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кітапхана мен коворкинг аймақтары да оқушылардың еркін білім алуына ыңғайлы орта қалыптастырып отыр. Оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында заманауи спорт зал, музыка және бейнелеу өнері кабинеттері, хореография залы мен акт залы толықтай жаңартылған. Бұл – балалардың тек білім алып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Әрбір кеңістік оқушының қызығушылығы мен дарынын ашуға бағытталған.


Салтанатты шара барысында шәкірттер ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Әсіресе «Бірінші қоңырау» соғылуы – бүлдіршіндер мен ата-аналар үшін ерекше әсерлі сәтке айналды.
Бұл – тек жаңа оқу жылының ғана емес, жаңа үміттің, жаңа мүмкіндіктердің бастамасы.
Мектеп директоры Қаламқас Қалиқызының басшылығымен, ұжымның үйлесімді еңбегімен №154 мектеп сапалы білім мен тәрбиенің жаңа дәуіріне қадам басты деп сеніммен айтуға болады.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY












