Home » Жаңалықтар » Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым

Адам өмірде мамандық таңдау мен жар таңдаудан  қателеспеуі керек. Өйткені бағың мен сорыңды ажырататын осы алғашқы таңдауың десе де болады. Дұрыс таңдау көгеріп, көктетіп, өркендеп өсіреді, қателессең кері кетесің. Осы тұста балаға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Наурызбай ауданындық  Сейділдә Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектепте «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында кездесу өтті.

Ондағы мақсат – оқушыларды түрлі салада істейтін мамандық иелерімен етене  араластырып, мамандығы жайында тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік туғызу еді.

      Кездесуге Қазақстан кәсіпкерлері, меценаттар, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы және басқарушысы Дулат Тастекей, ҚР еңбек сіңірген қайраткері «Музыкалық театр» кафедрасының оқытушысы Шолпан Сіргебаева, Алматы қаласы Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Құсайынова Салтанат Амангелдіқызы, Республикалық «BILIM AINASY» жобаларының негізін қалаушы, журналист Қуантай Амантайұлы, кафедраның қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Дархан Елемесұлы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Бекішов Елемес мырзаны арнайы шақырған екен. Іс- шара қонақтарды күтіп алумен басталып, күй шашу, көрме, тренинг, сұрақ-жауап, пікір алмасу кезеңдерінен тұрды.

     Кездесу модераторы «Құрметті қонақтар Сіздермен жүздесудің сәті бізге күнде туа бермейді. Сондықтан ел  мен ұлт болашағының айнасы болған жастарымызға келелі кеңестеріңізді беруге, сіздерді, сіздер табысты  еңбек етіп жатқан мамандықты жақыннан тануға мүмкіндік беретін талдау жасасақ деген ниетіміз бар. Осында оқушылар сіздердің мамандықтарыңызға деген қызығушылығымен топқа бөлінген,  оқушылармен сұхбаттаса отырып SWOT талдауға көмектессеңіздер» деп өтініш жасады. Регламент 15 минуттан берілді. Соңында оқушылар өз пікірлерін қорғайтынын да хабарлап өтті.

Оқушылар зерек. Мамандарды ортаға алып, өздерінің сауалдарын жан-жақты қоя бастады. Кеш соңында оқушыларды сөзге тарттық.

Алматы қаласы Наурызбай ауданы Сейділдә Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектептің 9-«Ә» сынып оқушысы Медел Абылай
 «Мамандығым – мақтанышым» атты кездесу кешінің құрметті қонағы болған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Бекішов Еламан мырзаға 9-«Ә» сыбының атынан алғысымызды білдіреміз. Себебі, Қазақстан әскері – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен тыныштығының кепілі. Ол кісімен кездесіп, сұхбаттасу мен үшін ерекше болды.Өйткені ел қорғанында жұмыс істеу, әскери қызметкер болу әр ер баланың арманы деп ойлаймын. Білім ошағымызға арнайы уақыт бөліп келіп, әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткеніңіз үшін рақмет» деді. Алматы қаласы Наурызбай ауданы Сейділдә Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектебінің 8-«Б» сынып оқушысы Абай Бөрте, «Біздің мектебімізде осындай жақсы іс- шараны ұйымдастырғанына өзім қуаныштымын. Мен журналист мамандығымен таныстым. Журналистиканың қыр- сырын жақыннан білдім десе болады. Осы кездесу мен үшін жақсы әсерлермен есте қалды» дейді ол.

Алматы қаласы Наурызбай ауданы Сейділдә Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектебінің 10-«А» сынып оқушысы Қайратқызы Мөлдір
«Біздің мектебімізде мамандыққа байланысты іс-шара өтті. Оның басты мақсаты білім алушыларға жақсы бағыт-бағдар беру деп түсіндік. Осыған байланысты біз  IT маманы, техника ғылымдарынаң кандитаты Дархан Елемесұлымен кездестік. Ол кісімен жүзбе-жүз отырып сұхбаттастық. IT мамандығының кедергілерін, мүмкіндіктерін, әлсіз жақтарын, мықты тұстарын ескеру жайларына байланысты сұрақтарымызға жауап алдық. Іс- әрекетте жүрген мамандармен тілдесу бізге өте қызықты болады» дейді. Ал, Алматы қаласы Наурызбай ауданы Сейділдә Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектебінің 10-«А» сынып оқушысы Мұсабекова Ілімжаухар, «Біз техника ғылымдарынаң кандитаты Дархан Елемесұлымен кездестік. Ол кісінің әңгімесі арқылы IT саласының біз білмейтін қырларын білдік. IT саласы мен ойлағандай мамандық емес екен. Таңдаған мамандықтармен жан-жақты танысып білсін деген ниетпен осындай іс- шараны ұйымдастырғаны үшін ұстаздарымызға рақметімді айтамын» деді.

Бала көңілі ағынан ақтарылып жатыр. Осы іс-шараны ұйымдастырып, бір адамдай атсалысып жүрген Ақерке Нүркенқызы, Мұратбек Нұрбол, Темірхан Алмас,  Дәукенова Назым, Сейітқазина Гүлбаршын, Ернат Махаббатұлы, Санжар Сексенұлы, Диляра Дәуренқызы, Нұрәлиева Айсұлу, Асет Жексенбекұлы, Бахыткүл Оразалықызы, Ақлима Кенжебайқызы сияқты ұстаздарды атап өткенді жөн көрдім.

Ұстаз деген сегіз қырлы, бір сырлы жан. «Музыка — жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, өмірді дұрыс түсінуге көмектеседі» — деп келетін Ахмет Жұбановтың сөзін алға тарта отырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Нүркенқызы «Ана» жайында ән шырқап берді.

— 186 мектепте өткен «Мамандығым – мақтанышым» атты кездесуде оқушылар  менің мамандығымның қиындығы мен қызықты тұстарын сұрады. Әрине, егер адам мамандық таңдағанда жүрек қалауымен өзі таңдау жасаса, оның қиындығын елемейді. Себебі ол сол жұмысынан ләззат алары сөзсіз. Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Себебі балаларды жақсы көремін.  Ұстаздық мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін — деді Салтанат Амангелдіқызы бізге берген сұқбатында.

— Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Мамандықты дұрыс таңдау, бұл – кәсіби өмірде сенімділік пен жан тыныштығы. Өзіңе ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы қызмет етудің алғы шарты — дейді мектеп директоры Раева Гүлжазира Бекенқызы.

Өз балаңды жақсы көресің ау, десе де, өзгенің баласын солай жақсы көру кез келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет. Ал ұстаз өзгенің ғана емес, тұтас бала, шәкірт атаулыны сүйіп, болашағына уайым жейтін бірден-бір мейірім иесі десек артық айтқандық емес. Оған бүгінгі Алматы қаласы Наурызбай ауданы Сейділдә Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектеп ұжымының іс-әрекеті куә.

«BILIM AINASY»
Алматы қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.