Home » Жаңалықтар » Оқушылар Көкшетаудағы «Туған елге тағзым» экспедициясына қатысты

Оқушылар Көкшетаудағы «Туған елге тағзым» экспедициясына қатысты

Маусымның 11-і мен 17-сі аралығында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 оқушысы Көкшетауға «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеушілік экспедициясына қатысты. Зияткерлік мектеп оқушылары Көкшетау қаласының тарихымен, табиғатымен, өндіріс орындары және оқу орындарымен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бесінші жыл қатарынан өткізіліп тұрған жоба биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналып, «Алаш ізімен» деп аталды.
Педагогикалық кеңес шешімімен экспедицияға 2016-2017 оқу жылында ең үздік шаңырақ атанған «Ақорда» шаңырағының 12 үздік оқушысы жіберілді. Олар жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, мектептің өмірі мен қоғамдық маңызы бар шараларда белсенділік танытты.
Бір апта ішінде экспедиция мүшелері қазақтың біртуар азаматы Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне, Қарасай-Ағынтай батырларының мемориалдық кешеніне, Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайға, зерттеуші Ш.Уалиханов мұражайына және Шоқанның жеке тұлға болып қалыптасуына үлкен өмірлік бағыт берген әжесі «Айғанымның» қонысына, сонымен қатар, қазіргі таңда отандық өнім мен экономиканың дамуына өз үлесін қосып жүрген «КАМАЗ – Инжиниринг» АҚ, «ТЫНЫС» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ өнеркәсіп орындарына, Көкшетау қаласының ажарын ашып тұрған Қопа көлі мен Бұқпа шоқысына және де бар табиғат сұлулығын бойына жинап, көпшіліктің назарын өзіне аударған «Бурабай» мемлекеттік ұлттық саябағына және т.б жерлерге барды.

  • Біздің саяхатымыз Көкшетау қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымының көмегімен жүргізілді. Көкше шаһарының тумалары қазақ тарихында, мәдениетінде ойып тұрар орын алатын тұлғалар екеніне көзіміз жетті. Мысалға айтқанда, Кеңес одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин. Біз оның атындағы музейге барғанда ол туралы көптеген ақпараттар алдық. Жерімізді қасық қандары қалғанша қорғаған Қарасай және Ағынтай батырларға қойылған мемориал кешенінің орны бөлек. Мемориалдан Айыртау тауларына керемет көрініс ашылады. Жасыл желек ортасында жүргізген зерттеуіміз біз үшін ұмытылмас демалыс болды, — дейді Ақжан Ахметова сапар жайлы.

Айта кетейік, «Туған елге тағзым» экспедициясы – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастамасымен 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жоба туған өлкені танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған. Экспедиция аясында жыл сайын зияткер оқушылар Қазақстанның бір өлкесінен екінші өлкесіне барып, оның тарихы, өндіріс орындары, мұражайлары, әдебиеттерімен танысады, жобалар үшін зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сапар барысында қатысушылар күнделік толтырып, алған әсерлерін жазып отырады. Ақтау қаласындағы зияткерлік мектебінің оқушылары өткен жылы Астана, үстіміздегі жылы Көкшетау қалаларымен танысты. Биылғы экспедицияға 200-ден аса зияткер қатысты.






Рысгүл Рамазанова
Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі
Ақтау қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.