Home » Жаңалықтар » БҚО әкімінде – қос бірдей жаңа орынбасар

БҚО әкімінде – қос бірдей жаңа орынбасар

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев актив отырысында өзінің жаңа орынбасарларын таныстырды.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Дәлірек айтқанда, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және әкімнің өкімімен Мұхтар Манкеев облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалса, Серік Егізбаев әкімнің орынбасары лауазымын иеленді.

Жаңа орынбасарлардың еңбек жолдарына тоқталсақ, 1984 жылы дүниеге келген Мұхтар Наурызбайұлы – жоғары білімді маман. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «инженер», «экономика», Финляндия Республикасында Оулу университетін «бизнес әкімшілеу магистрі» мамандықтары бойынша бітірген ол әр жылдары:

— «Жасыл Ел» Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетекшісі, «Жасыл Ел» республикалық штабының жетекшісі,

— «Самғау» ұлттық холдингі» АҚ менеджері,

— ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инжиниринг және жаңа технологиялар трансферті орталығының департамент директоры,

—  «Астана Innovations» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі,

— Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары  қызметтерін атқарған.

Күні бүгінге дейін «Фин Бизнес Хабы» компаниясының директоры, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы болған. Енді Мұхтар Манкеев облыстағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, туризм мәселеріне жетекшілік ететін болады.

Ал 1963 жылы туған, білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «агроном», Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандықтары бойынша және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген Серік Рахметоллаұлы – экономика ғылымдарының кандидаты.

Ол әр жылдары:

— БҚО әкімі аппараты бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары,

—      ҚР Қаржы министрлігі департамент бөлімінің бастығы,

—     ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы,

—    ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы,  бөлім меңгерушісінің орынбасары,

—     ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі қызметтерін атқарған.

Күні бүгінге дейін «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған. Жаңа орынбасар Серік Егізбаев өңірдегі ішкі саясат, білім, жастар саясаты, мәдениет, дін істері, тілдерді дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Bilim aınasy», БҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.