Home » Мақалалар » КЕМЕҢГЕР ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ

КЕМЕҢГЕР ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ

Мажимова Алма Зиедденқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«Қошке Кемеңгерұлы атындағы
№49 орта мектеп» КММ,
бастауыш сынып мұғалімі

Заңғар таулардың алыстаған сайын биіктей беретініндей, Алаш қайраткерлерінің де өмірден озғандарына ғасырға жуық уақыт болғанымен, ұлт болашағы үшін еткен еңбектерінің бағасы күн өткен сайын арта түсуде. Олай болмауы мүмкін де емес еді. Заманының оза туған таланттарымен, сан қырлы еңбегімен, асқан патриоттықтарымен, ғұлама ғалымдығымен, шебер суреткерлігімен, шынайы сыншылдығымен, қарымды қаламгерлігімен, қайсар күрескерлігімен, кемел көшбасшылығымен ерекшеленген қазақ зиялыларының қаймақтары – олардың елінің ертеңі үшін атқарған еңбектері ұшан-теңіз.

Қай салада еңбек етсе де, барын салып, ұлт мүддесін жеке басының қамынан артық қойған мұндай қайраткерлердің бірі – Қошке Кемеңгерұлы.

1896 жылы Ақмола облысы, Омбы уезі, Беке болысындағы «Ауыздағы Қаржас» ауылында дүниеге келген Қошке Кемеңгерұлы 1915-1930 жылдар аралығындағы бар саналы ғұмырын ұлтына, нақтырақ, ұлт әдебиетіне, ғылымына, драмматургиясына, тарихына, журналистикасына арнады.

Жасынан білімге ұмтылған Қошке Кемеңгерұлы 1913 жылы Омбы ауылшаруашылық училищесінің ауылшаруашылық бөліміне оқуға түседі. Онда ол өзі сияқты ұлтының қамын ойлаған, келешегінен мол үміт күттірер жастармен бірлесіп, елін өркениет жолына түсіруге барынша тырысып еңбектенеді. Осы оймен Қошке Омбыдағы Қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» (1914– 1918) мүше болып кіреді. «Бірлік» ұйымы өзінің алдына қазақ халқының мəдениетін, өнерін, əдебиетін көтеру арқылы оның ұлттық санасы мен сезімін оятуды мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жету үшін ауыз əдебиеті үлгілерін жинап, оларды бастырып шығаруды, ауыл мектептерін оқулықтармен қамтамасыз етуді, қаражатқа мұқтаж оқушыларға көмек ұйымдастыруды қолға алды. 1917 жылдың 1–4 қазан аралығында ұйымның кеңейтілген жиналысы өтіп, онда ұйым мүшелері Алаш партиясына қолдау көрсететіндіктерін білдіріп, халық арасында оның бағдарламасын насихаттауды өз мойнына жүктеді.

«Бірлік» ұйымына мүше ретінде Қошке оның жанынан жарық көретін «Балапан» қолжазба әдеби журналының редакторы болып қызмет етті. Аталған журналда сол кездегі жас толқынның әдеби қолжазбалары басылып тұрды. Сөйтіп, бұл журнал «Алашқа тыныс болған жас толқынның қалам тəжірибесін шыңдаған мектеп болып тарихқа енді». Бұдан кейін Қошке Кемеңгерұлы «Жас қазақ» ұйымына мүше болып, 1917 жылы қазақ комитетін құруға атсалысады.

Қоғамдық істерге белсенді араласқан білімді жас ретінде Қошке небары 20 жасында Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезіне қатысады. Осыдан бастап Алаш үкіметін құру ісіне етене араласқан ол «Жас азамат» газетінің редакторы болып жұмыс істейді. Аталған газет бетіне негізінен Қ.Кемеңгеров, С.Сəдуақасов, А.Жанталин, М.Əуезов, Б.Серкебаев жəне т.б. алашшыл авторлардың Ресейдегі саяси жағдай, жер мəселесі, Алашорда үкіметі мен Уақытша үкімет қызметі, елдегі шаруашылық жайлары мен мəдени хабарлар, оқу-ағарту мəселелеріне қатысты деректер жарияланып тұрды. Қошке Кемеңгерұлының өмірінің бұл саласы оның қазақ журналистикасының қалыптасуына қосқан үлесін білдірсе керек.

Қошке Кемеңгерұлының ел болашағына сіңірген еңбегі журналистиканың негізін қалаумен тоқталмайды. Ол білімді жас ретінде алдымен медицина саласында, одан кейін түркітану факультетінде сабақ алады. Уақыт өте өзі де бірнеше оқу орындарында ұстаздық етіп, Орта Азия мемлекеттік университетінің жұмысшылар факультетінде, даярлық бөлімінде, шығыстану жəне педагогика факультеттерінде қазақ тілінен дəріс  оқып, Түркістан əскери училищесінде де сабақ берген. Кейіннен біржола ғылымға бет бұрып, бірқатар құнды зерттеу еңбектерін жариялаған. Оның қаламынан шыққан «Көркем әдебиет туралы», «Қазақ тілінің грамматикасы», «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар», «Егін салу турасында» деген зерттеулері қазақ ғылымында лайықты орнын алды. Сонымен қатар екі тілді қатар білген Қошке «Қазақша-орысша тілмаш» жинағын 1925 жылы Мәскеуде басып шығарады.

Қошке Кемеңгерұлы – қазақ әдебиетіне де елеулі үлес қосқан драматург, аудармашы. Ол  «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар» (А.Пушкиннен), «Сəскелік көлдің жағасында» (Никитиннен) секілді аудармалардың авторы.  Поэзия жанрына қалам тербегенімен, Қошкенің әдебиеттегі шоқтығы биік шығармалары – «Əулие тəуіп» (1918), «Бостандық жемісі» (1919), «Қасқырлар мен қойлар» (1920), «Алтын   сақина»    (1923), «Парашылдар» (1926), «Ескі оқу» (1927), «Күнəсіз күйгендер» (1930) атты пьессалары. Аталған шығармалар қазақ драматургиясындағы алғашқы пъессалар легінде болуымен құнды және де 1926 жылы Қазақ театрының шымылдығы «Алтын сақина» пъессасымен ашылғанын ескерсек, Қошке шығармаларының қазақ әдебиеті мен театры үшін маңыздылығын аңғарамыз.

Қошке тағдыры заманындағы Алаштың арыстарының тағдырымен бірдей болды. Ұлтына деген сүйіспеншілігін еркіндігіне қарсы пайдаланған үкімет оны алғаш рет 1930 жылы тұтқындаса, 1937 жылы өлім жазасына кесті. Сөйтіп уақытынан оза туған тағы бір қазақ қайраткері кеудесіндегі бар махаббатын, бойындағы бар білімі мен тәжірибесін ұлтына арнай алмай құсада атылып кете барды.

Алайда тарих қашанда ненің болса да әділ бағасын береді. 1957 жылы ресми ақталған Қошке Кемеңгерұлының мұрасы бүгінде жастарға үлгі, ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Оның еңбектеріне арнап бірнеше зерттеу жұмыстары жазылды, шығармалары жарық көрді, еңбегі әділ бағаланды. Қайраткердің есімі ел есінде болуы үшін 2022 жылғы 14 наурызда Нұр-Сұлтан қаласындағы №49 мектепке Қошке Кемеңгерұлы есімі берілді. Мектеп басшысы Мұхаметжанова Арай Аукенқызы бастаған мектеп ұжымының үлкен жетістігі мен еңбегі. Бұл – елім деген еріне ұрпағының жасаған сыйы.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.