Home » Жаңалықтар » Заңғар заңгер Нәрікбаев

Заңғар заңгер Нәрікбаев

Заң ғылымы мен сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына айрықша ықпал еткен тұлғалардың бірі.
Тергеуші қызметінен бастап Бас прокурор, Жоғарғы Сот Төрағасы және Жоғарғы Сот Кеңесінің басшысы лауазымдарына дейін көтерілген ол сот жүйесін реформалауға, судьялардың мәртебесін арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды бастамаларымен танылды. Кейінгі жылдары білім саласына бет бұрып, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің негізін қалап, жас заңгерлерді даярлауға зор еңбек сіңірді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві талай тұлғаның басқан ізін өшпесін деп, тәулігіне 24 сағат қызмет етіп отырған мекеме.

Архив пен архивтік құжаттар адамзаттың айқын айнасы. Архивтік құжаттарды сақтау мемлекет негізінің символы, олар қоғам дамуының барлық дерлік аспектілері туралы маңызы зор расталған ақпарат көздерін құрайды. Бүгінгі мақала қазақтың заң саласының майталманы, Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев туралы болмақ.

Мақсұт Сұлтанұлы өзінің саналы ғұмырында мемлекеттің тұғырлы болуына заңгер, қайраткер ретінде өлшеусіз еңбек сіңірді.

Заң ғылымдарының док­­­­торы, профессор М. Нәрікбаев Қазақстанның заң саласына маман дайындауда заң университетінің, жалпы заң саласының негізін қалап кетті. Еңбек жолын қарапайым тергеушідн бастап, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Жоғарғы Сот төрағасына дейін көтеріліп, кейінгі жылдары өмірін білім саласына арнап, өзі негізін қалаған Қазақ гуманитарлық заң университетінің басшылық қызметін абыроймен атқарды.

Оның азаматтық қасиеттерінің бірі «…біз адамның кемшілігін көргішпіз, жақсылығын мой­ындауға мүлдем сараңбыз» деген ойын ұрпақтың санасына сіңіру керек деп санаймын.

Архив құжаттарын ақтара келе, М. С. Нәрікбаев 1996 ж. 28-маусымда ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы болып тағайындалды. Реформа жасау жылдарында сот жүйесіндегі өзгерістерге басшылық етті. Соттар мен судьялардың мәртебесі туралы заңнама жетілдірілді, соттардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оны бекіту шаралары қабылданды. Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігін нығайту, жүктемесін азайту бойынша кешенді жұмыс жүргізді.

Сондай-ақ, судьялар қауымдастығының  институтын жасақтап, 1996 ж. желтоқсанда Қазақстан судьяларының I-съезі өтті. Қазақстан Судьяларының Одағы мен тұрақты органдары құрылып, «Тура би» журналының 1- саны жарыққа шықты.

XVIII ғасырдағы қазақтың атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билерінің құрметіне Жоғарғы Соттың бірінші ғимаратының алдына ескерткіш қоюға атсалысты. Жиырма бес күннің ішінде еліміздегі белгілі дизайнер, суретшілерді жұмылдыра конкурс жариялап, судьялардың қазіргі киетін мантия сән үлгісін бекітіп, өзгеріс әкелді. Алматыдағы «Фемида» алаңы да сол кісінің тікелей араласуымен жүзеге асты.

Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезінде, 2004 ж. 18 қаңтарда Қазақстан Соттарының атынан К.Баталов, М.Бабушкин, К.Жалмухамбетов, Ю.Паномаренко, С.Дулатбековтен хат келеді. Хатта «…соңғы 5 жылда «Сот және судьялардың мәртебесі» туралы Заңдағы 59 бап (судьяларды материалдық қамтамасыз ету) туралы біраз өзгерістер болғанын, судьяның біліктілік санатына, еңбек сіңірген жылдарына, отставкадағы кездегі төлемақысы және жеңілдіктер тоқтағанын баяндайды.

2000 ж. 25 желтоқсан күні қабылданған Заң, олардың жағдайын төмендетіп, заңда көрсетілгендей қызметкерлердің құқығы бұзылған. 1995 жылғы 20 желтоқсандағы заң судья зейнетке шыққанда, еңбек өтілі бойынша, қызмет атқарған жылдарын есептей келе бір реттік төлемақы беру қарастырылған еді. Ал, кейінгі заң бұның күшін жойған. Қазір судья зейнетке шықса   10 мың теңге, Ресейде 550 доллар, ал облыс орталықтарында 350 доллар зейнетақы қарастырылған.  Қазір Республика бойынша 206 судья зейнеткер, жыл сайын 3-5 зейнетке кетеді. Қазір бар жоғы 30 судья қалды» дейді хатта.

Жоғарыда айтқанымыздай, Мақсұт Сұлтанұлы Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы кезінде осы хаттағы жайттардың оң жағына шешілуіне мұрындық болды. Кейін 2000 ж. шілде айында қызметінен кетті…

1995 ж. 6-қазанда Президент Жарлығымен ҚР Бас прокуроры болып тағайындалды. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, прокуратура Тұжырымдамасы өзгерді. Мемлекеттік мүдделерді қорғау мен ұсынудан басқа, азаматтардың құқықтары сақталып, бостандықтарын қорғаушы бола білді. Оның айғағы ретінде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау бөлімдері, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлім қайта құрылып, прокуратура органдарының басқару аппаратының құрылымы өзгереді және т.б.жұмыстардың атқару жоспары қолға алынды.

Сонымен қатар, Конституция нормаларын орындау үшін, Қазақстанның Бас прокуроры ретінде оның басшылығымен әзірленген 1995 ж. «Прокуратура туралы» жаңа заң елдегі прокурорлық қадағалаудың құқық қорғау функциясын одан әрі жетілдіруге негіз болады. Дәл осы 1995 ж. заңда прокуратураның мемлекет атынан заңдардың, Президент Жарлықтарының, ел аумағында өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және біркелкі қолданылуын қолға алады. Сотқа дейінгі іс жүргізудің, жедел-іздестіру қызметінің, әкімшілік және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау мен іске асуы жөніндегі миссиясы түпкілікті және біржола жолға қойылды, сондай-ақ егжей-тегжейлі түсіндірілді…

Жеке  қорындағы құжаттарына зер салсақ ректорлық қызметі кезіндегі, Қазақ гуманитарлық-заң уни­вер­ситетінің мазмұны мен формасын,  болмысын қалаған басшы Мақсұт Сұл­танұлы Нәрікбаев болғанына көз жеткіздік. Елімізге, қазаққа  арнайы салдырған, қалдырған ескерткіші, қара шаңырағы. Басшылық қызметте жүріп, көптеген қазақ жастарының бағын ашты десек артық емес. Атап айтсақ, Мақсұт Сұл­танұлы 23 жасында проректор сайлап, қызметтік көлікпен жүргізген Нұрлан Өтешов еді. Оның көзіндегі отты, жүрегіндегі жалынды, жастарды артынан ерте алатын қасиетін байқап,  қызмет ұсынады.

2003 жылдың 10 қаңтар күні Ерғалиева Әсем Берікқызының хатында, оқуының ақшасын төлеуге жағдайы жоқтығынан емтиханға жіберілмегені жазылған. Бірақ, Мақсұт Сұлтанұлы студенттің жағдайына қарап, институт басшылығына оны емтиханнан қалдырмай, одан кейінгі жағдайы туралы ақпарат беруіне тапсырады.

Сонымен қатар, «Қазақстан Жастар Конгресі» атқарушы директоры Н.Өтешовтың «Сенің қозғалысың», «Будущее без наркотиков», «Молодой поэт Казахстана», «Пропиши наркотикам», «За прававой Казхстан» атты маңызды шараларын өткізудегі университеттің орны жоғары болғаны жөнінде хаттар сақталыпты. Бұл ректордың жастармен етене байланысып, олардың пікіріне құлақ асып, жастарды тәрбиелеу барысында көп еңбек пен уақыт бөлгені айқын. Орыс тілінде жазылған студенттердің жатақхана, асхана, ыдыс-аяқ т.б. туралы өтініштері мен олардың ол кісіге деген құрметі, жүрекжарды ізгі тілектері де сақталыпты.

Сол жылдары университетте   «Үш би» атауымен аудитория ашылған. Үздік оқитын студенттерге «Үш би» атындағы стипендия тағайындалып,  жақсы оқыған, білімді жастардың тегін, яғни грантта білім алуы туралы өтініштері де келіп түскен.

Заңгердің тек ғана басшылық қызмет емес, оның стратегиялық озық ойы, әділдігі, қоғамның үнін естуші болғаны да анық. Мысалы 1960 жылдардың аяғында М.Нәрікбаев облыстық радиода біраз уақыт тілші болып жұмыс істейді. Содан бастап ол сөз бостандығының арқасында ғана қоғам алға жылжиды деп сенді. Кейін Жоғарғы Соттың Төрағасы ретінде қарамағындағы қызметкерлеріне бұқаралық ақпарат құралдарын, яғни журналистерді сотқа беруге тыйым салады.

Мақсұт Сұлтанұлы қазаққа көп еңбек сіңірді. Оның «Сотқа алқа билерді енгізу туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Студенттің мәртебесі туралы»  заңдардың балама жобаларын әзірлеудегі еңбегі тарихта қалды. Ұсынылған әрбір құжат халыққа қолдау көрсетуге бағытталғаны рас.

Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген әдемі сөз бар. Осы қанатты сөз Мақсұт Сұлтанұлы секілді қазақтың біртуар азаматтарына айтылса керек. Оның көзін көріп, ақылын естіген жастар тұрғанда, Тәуелсіз Қазақстан болашағы жарқын деуге болады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/8826
  2. https://kk.wikipedia.org
  3. https://nomad.su/?a=10-200211100005
  4. Қор№164, тізімдеме №1, Іс №10, бума № 1 (34-беттен)
  5. Қор№164, тізімдеме №1, Іс №63, бума № 5 (34-беттен)
  6. https://kazpravda.kz/n/vsya-zhizn-sluzhenie-otechestvu/
  7. Қор№164, тізімдеме №11, Іс №1, бума № 1 (17-беттен)
  8. Қор№164, тізімдеме №1, Іс №12, бума № 1 (90-беттен)
  9. Қор№164, тізімдеме №1, Іс №16, бума № 1 (21-беттен)

Сурет https://mnu.kz сайтынан алынды.

С.Маметова,
ҚР Ұлттық архивінің қызметкері,
PhD докторы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.